Ұстаз беделі шәкіртінен

456c3f91 9993 42c9 ad7b 020b34306155 1 Білім

Алтын уақытын ағарту ісіне арнап,  жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген ұлағатты ұстаздардан Атырау өңірі  кенде емес. Шәкірт жүрегіне жол тауып, жас ұрпаққа табиғат жөніндегі жетекші ғылымдардың бірі саналатын физика  ілімін үйретуден талмай жүрген атыраулық ұстаздың бірі  –   Нұргүл Садықова.

Бұл есім көпшілікке жақсы таныс болмауы мүмкін. Өйткені ол  қатардағы қарапайым мұғалімдердің бірі. Басты ерекшелігі оның шәкірттерінің әр жыл сайын облыстық пәндік олимпиадалар былай тұрсын, республикалық ғылыми жобалар сайысында жүлделі орыннан түскен емес. Тіпті оның Иманғали Аманизяов, Мұхаммед Әділхан есімді оқушылары халықаралық ғылыми жобалардың жеңімпазы атана білді. Иә, білікті ұстаздың ғана білімді шәкірт тәрбиелейтінін ескерсек, Нұргүлдің өз ісінің нағыз маманы екендігіне ешкім күмән келтіре қоймас.

1975 жылы Атырау қаласында  дүниеге келген ол мұнайлы шаһардағы  аса көрнекті ағартушы Ы.Алтынсарин  атындағы орта мектепті үздік аяқтап, Атырау университетіне физика-математика факультетінде физика мамандығы бойынша білім алады. Сөйте жүріп, жаратылыстану ғылымдарының магистрі атанады. Нұргүл Жұмабайқызы 1997-2005 жылдар аралығында қаладағы №4  Ю.Гагарин атындағы мектепте еңбек  жолын бастап, 2005 жылдан бері Облыстық дарынды  балалар  мектеп-интернатында қызметке ауысады. Міне, содан бергі жиырма жылға жуық уақыт бойына аталған білім беру мекемесінде еңбек етіп, мыңдаған шәкірттерінің қанатын қатайтты.

–Сабақта алға қоятын мақсатым – «Әрбір бала – жарық жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет!» деп әйгілі шығыс ғұламасы Жүсіп Баласағұн  айтқандай, әр баламен жеке жұмыс жасап, әрқайсысына жеке тапсырма бере отырып, оны орындау барысында үнемі  қолдау  көрсету, көмектесу, тақырыпты әр баланың көңіліне қондыра, жүрегіне жеткізе алу. 

Сөйте отыра оның тұлға ретінде қалыптасуына жол ашу. Баланы шынайы жақсы көріп, оның жасырын қабілеттерін айқындап аша білуде үлкен тәжірибе мен дағды қажет. Сол үшін мұғалімдер  үнемі ізденіс үстінде болып, өзінің білімін жетілдіріп  отыра және инновацияшыл жаңашыл болуымыз  қажет. Оқушылармен сабақтан тыс уақытта  жеке жұмыстар жүргізу арқылы оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыра аламыз. Болашақта олардың осы алған білімдерін өмірлік жолында  іс  жүзінде қолдана  алуларына ықпал жасау және азаматтық тұлғасын қалыптастыру барша  ұстаздың басты міндеті деп  білемін,  –  дейді кейіпкеріміз.  

Айта кетелік, бүгінде талай жылғы еңбегінің жемісі білімді, озық ойлы шәкірттері арқылы қуана алатын Нұргүл ұстаз балалардың сабағын өткізіп қана отырмай,  шығармашылық жұмыспен де айналысып келеді. «Физика сабақтарында оқушылардың  шығармашылық қабілеттерін жоба жұмыстарын ұйымдастыру арқылы дамыту» деген тақырыпты алған білікті ұстаз қазіргі кезде  осы бағытта  тынбай еңбектеніп жүр.

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы» дегендей, біз Нұргүл Жұмабайқызының ел болашағын қалыптастыратын шәкірттер тәрбиелеп жүрген қастерлі мамандық иесі, ұлағатты ұстаз екендігін нық сеніммен айта аламыз.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз