Атырауда 11 мектептің оқушылары үшаусымда оқиды

b1559cb8a0cfe29060157e0570ef595e l Білім

Атырауда «Әділетті Қазақстан: Адал азамат. Адал ұрпақ. Жаңашыл ұстаз» атты дәстүрлі Тамыз кеңесінің пленарлық отырысы өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

М.Асаубаева атындағы креативті орталықта өткен жиынға Атырау қаласы әкімі, облыстық, қалалық білім беру басқармасы басшылары, ЖОО ректорлары, сала ардагерлері қатысты.

Кеңесте қалалық білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарының жай-күйі және жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары, жекеменшік балабақшалардағы қаржылық сауаттылық, жаңа формация педагогтерін дайындау, оқушылар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасының проблемалық мәселелері бойынша баяндама жасалып, талқыланды.

Алқалы жиында Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, қалалық білім беру саласына өзіндік салмақ түсіріп тұрған мәселені атап өтті.

– Қаламызда үш ауысымда жұмыс істейтін мектептердегі орын тапшылығы мәселесін жақсы білеміз. Демографиялық өсім және облыс орталығына көшіп келушілердің санының жылдан-жылға артуы қаланың білім беру жүйесіне өзіндік салмақ түсіруде. Атырау қаласындағы үш мектеп, яғни Ы.Алтынсарин, Ломоносов, С.Мұқанов атындағы орта мектептер арнайы тексеріс қорытындысымен апатты деп танылып отыр. Қалада мектеппен қамтылатын оқушы санының көбеюіне байланысты орын тапшылығы байқалып, өткен оқу жылында және биыл да 11 мектеп үш ауысымда оқытуды жалғастырады. Бұл мәселе – жаңа мектептерді пайдалануға беру арқылы шешілетін болады, – деді Ш.Кейкін.

Кеңесте қалалық білім беру басқармасының басшысы Айнагүл Дүйсекенова баяндама жасап, білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындық барысын саралады.

– Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 7844, оның ішінде Бином мектептерінің 1-сыныбына 1000 оқушы қабылданды. Қазіргі уақытта Атырау қалалық білім бөліміне қарасты 5 мектеп және 1 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары, 9 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2023-2024 оқу жылына 1 мен 11 сыныптарға қосымша сұраныс бойынша 217 503 дана оқулық сатып алынды. Жаңа оқу жылына дайындық үшін оқушыларға атаулы көмекке 1 балаға 41 000 теңге көлемінде 8 409 тиісті санатты отбасы балаларына төлем жүргізілуде, – деді А. Дүйсекенова.

Осы жылы облыс бойынша жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық деңгейі 29,6% пайызға өскен. Аталған мәселенің алдын алу мақсатында облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаев мектеп басшылығымен қатар, сынып жектекшілерінің атқаратын рөлі ерекше екенін атап айтты.

– Балалар мен жасөспірімдер қауіпсіздігі басты назарда. Бұл тұрғыда сынып жетекшісінің атқаратын рөлі мол. Себебі, оқушының әлеуметтік жағдайы, күнделікті көңіл-күйі, араласу ортасы, сабаққа қатынасы тікелей сынып жетекшілеріне мәлім. Сондықтан, келеңсіз оқиғалар мен күмәнді қимылдар орын алса, мектеп инспекторына немесе мектеп басшылығына хабар берулеріңізді сұраймын. Біз тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесіп қызмет атқаруға дайынбыз,- деді Е. Биғамбаев.

Пленарлық отырыс соңы салтанатты іс-шараға ұласты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз