Құрманғазыдағы алғашқы тірек мектеп құрал-жабдықтармен қамтылды

photo 2023 02 14 14 30 31 1 Білім

Құрманғазы ауданындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мектебі  «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы аясында заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтылып, оқу бөлмелері жаңартылды, деп хабаралайды Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұл игі  бастама «Білім беруді тұрақты дамыту қоры» мен «Қазақстан халқына» қоры және Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының қолдауымен жүзеге асып отыр. Жобаның мақсаты – еліміздегі ең үздік мектептермен тығыз серіктестік орнатып, ауыл мектептерінің тиімділігін арттыру. Сондай-ақ кәсіби білім беру саласында тең жағдай жасау арқылы қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға көмектесу, педагогтардың кәсіби шеберлігі мен шығармашылығын шыңдау.

photo 2023 02 14 14 30 33 2

Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаевтың айтуынша, материалдық базаны жаңарту үшін «Қазақстан халқына» қорынан 250 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бұл қаражатқа парта, шкаф, диван, шеберхана станоктары, 13 тігін машинасы, ас үй жиһазы, 3 теледидар, интерактивті тақта, спорт құралдары, фортепиано, дауыс ұлғайтқыш, колонка, домбыра алынып отыр. Сондай-ақ, демеушілер қатарында «Қазақстан халқына» қорына қаражатын жіберген «Beeline Қазақстан» компаниясы бар. Ал мұнда химия, биология, физика, IT кабинеттері қажетті құрылғыларымен толықтырылып, заманауи үлгідегі стандарттармен жабдықталған. Бұдан бөлек, ұлдар және қыздар шеберханасы, STEM кабинеті, информатика, ағылшын тілі сыныбы, АРТ-студия, телестудия, оқушыларға арналған коворкинг аймағы бар кітапханамен жарақтандырылған.

Аудан әкімі Марат Мурзиев мектептің болашағы зор екендігін атап өтті.

– «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» бастамасымен негізгі ауыл мектептерін дамыту бойынша «Қайырымдылық» жобасының арқасында Қазақстандағы 17 мектеп материалды жаңарту мүмкіндігіне ие болды. Ал оның сапында Құрманғазы ауданындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мектебіміздің болуы қуантарлық жайт. Техникалық базасын жаңартып қана қоймай, мұғалімдерге де әдістемелік көмек беріледі. Біздің оқушыларымыз жаңаша леппен білім сапасын арттыруға мүмкіндік алады,- деді М.Мурзиев.

photo 2023 02 14 14 30 34 1

Айта кетейік, бұл мектепке 2021 жылы жаңғыртылу жұмыстары жүргізіліп, дәліздері жөндеуден өтіп, спорт зал, асхана, кітапханалары заманауи жабдықтармен толыққан болатын. Бүгінде білім ордасында 362 оқушы қазақ тілінде дәріс алуда.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз