Ата-аналар мен мұғалімдерден мектепті жөндеуге ақша жинауға болмайды

1385805761 shkola 33 nachalnye klassy Білім

Мектепті жөндеу жұмыстары жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі. Желіде қойылған сұраққа орай, Оқу-ағарту министрлігінің Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова осылай жауап қайтарды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Министрліктің «Желіге шолу» айдарында «Мектебіміз ремонтқа ақша жинап жатыр. Қаншалықты дұрыс?» деген сұрақ қойылған.

Майра Мелдебекова мемлекеттік мектептер әкімдіктерге қарайтынын, яғни оларды жабдықтау, материалдық-техникалық базасын нығайту, сондай-ақ жөндеу жұмыстары жергілікті бюджет есебінен жүргізілуі тиістігін айтты.

«Сондықтан да, ата-аналар мен мұғалімдерден мектепті жөндеуге ақша жинауға болмайды. Биыл сәуір айында «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында министрліктің арнайы бұйрығы қабылданды. Бұйрықта педагогтерді өздерінің жұмыстарына тән емес басқа жұмыстарға тартуға, олардан министрліктің 130-бұйрығында қаралмаған есептерді талап етуге болмайтыны нақты көрсетілген. Сонымен қатар, педагогтер жұмыс барысында пайдаланатын қағаз немесе басқа да шығындарға өз қаражаттарын жұмсамауы керек. Бұл да осы бұйрықта көрсетілген», – деді ол.

Ведомстводан мәлім еткендей, мектепті жөндеуге ақша жинап жатса, құзырлы органдарға немесе аталған комитеттің жергілікті департаменттеріне шағымдануға болады. Құқық бұзу фактілері расталған жағдайда департамент қызметкерлері өздерінің консультативтік-кеңесші органында қарап, әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес шара қолданады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз