Бұралқы итке тыйым бола ма?

567656 Жаңалықтар

ҚАЗІР ҚОҒАМДА БҰҚАРА ХАЛЫҚТЫҢ АЙРЫҚША АЛАҢДАУШЫЛЫҒЫ МЕН ПІКІР АЛУАНДЫҒЫН ТУҒЫЗЫП ОТЫРҒАН ЖАЙТТЫҢ БІРІ – БҰРАЛҚЫ ИТТЕРДІ БҰҒАЛЫҚТАП, АЗУЛЫЛАРДЫҢ АДАМ ӨМІРІ МЕН ДЕНСАУЛЫҒЫНА КЕЛТІРЕР ҚАУПІН СЕЙІЛТУ ЖӘНЕ АЗАМАТТАРДЫҢ ӨМІРІН САҚТАУ. БҰҒАН МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ МЕН ҮКІМЕТ ТЕ КӨҢІЛ БӨЛІП, ҚАЛАЙ БОЛҒАНДА ДА ХАЛЫҚТЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫНА ҚҰЛАҚ ТҮРІП, МӘСЕЛЕНІ ОҢТАЙЛЫ ШЕШУ ЖОЛДАРЫН ҚАРАСТЫРҒАНЫН ҚАЛАР ЕДІК.

Соған орай, VIII шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов пен Нартай Сәрсенғалиев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады. Оның мақсаты да әлеуметті алаңдатқан осы мәселенің шешімін табуды талап етеді.

«Біз көтеріп отырған мәселе – ағайынның жанайқайын білдірген өтініш-арызы, жұртшылықтың ашу-ызасын келтіріп, орынды өкпе-ренішін туғызған бұқараның базынасы», – делінген сауалда. – «Мұның бәрі сайып келгенде, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң талаптарына қайшы келетін әрекеттердің салдарынан туындап отырған жағдай. Нақтырақ айтқанда, заң талаптарының орындалысына біржақты қарап, немқұрайлы көзқарас танытудың кесірінен адам өмірі мен денсаулығына, қала берді қауіпсіздігіне орасан зор нұқсан келді. Ең сорақысы, заң талаптарының көпе-көрінеу, тіпті өрескел түрде бұрмаланып, бұзылуы ақырында тұтастай отбасыларды қайғылы жағдайға душар етіп, айдың-күннің аманында қара жамылуына әкеліп жеткізгені де шындық».

Депутаттардың пікірінше, қанша жерден айтылып, жазылып жатқанымен, күн-түн демей көше кезген қаңғыбас, бұралқы иттер үлкен-кіші демей адамдарға азуын батыруын жалғастыруда. Бұрынғыдай дер мезгілінде атылып, көзі жойылып отырмағандықтан, адам қанына әбден дәндеп алған олар кейде кезекті «олжасына» айналған балаларды қоршап алып, қалағанынша азық қылған небір сұмдық оқиғаларды естіп біліп, көріп, куәсі болғанын да халық қалаулылары ашық түрде, ашына жеткізіпті. Үкімет басшысына жолдаған сауалда олар сөздеріне дәлел болатындай бірнеше мысалды да келтірген.

Мәселен, былтырғы сәуірде Ақтөбеде құрылыс алаңында қаңғыбас иттер талаған 12 жасар Мадияр есімді балақай соның кесірінен көз жұмды. Қайғылы оқиға болған Есет батыр ауданының тұрғындары оған дейін құзырлы орындарға қаңғыбас иттер қаптап кетті деп талай айтқан. Әйтсе де, оған соншалықты мән бере қоймаған шенеуніктер «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға сілтеме жасап, дәлірек айтқанда соған арқа сүйеп, қайткенде де иттерді атпаймыз деген сыңайдағы жауаппен құтылған. Ал, көз жұмған марқұм бейкүнә балақайдың әжесі болса өзінің журналистерге берген сұхбатында «Ит атуға рұқсат жоқ деген адамды лағынет атсын» деп, іштегі ашу-ызасын жасырмапты. Мұндай ауыр сөзді кімнің қабылдап, жауапкершілік жүгін арқалауға жүрегі дауалай қоятынын айту да қиын.

Одан әрі әркез елден хабар алғанда ең алдымен еститіні қаңғыбас иттен қорыққан ағайынның арызы екенін айтқан депутаттардың пікірінше, олардың көзін жоюға лауазым иелері аталған заңға қарсы келуден қорқатын көрінеді. Белгіленген тәртіп бойынша, адамға азуы батса да, оны жазалауға келгенде ешкімнің қолы батпайтындай етіп, заңның бабын соған ыңғайлап, бұрып қойғанына қайран қалудан өзге амалың қалмайды екен мұндайда. Қаңғыбас иттерді ұстаған жауапты орган өкілдері оларды жуындырып, тазалап, екпе салып, қайтадан ұстаған жеріне әкеліп тастаудан басқаға дәрменсіз.

«Ал, «екпеден итке ес кірді» дегенді естімеп едік, демек бұл нәтижесіз әрекет емес пе?! Шынтуайтында біз қаңғыбас жануарларды қырып салсын деп тұрған жоқпыз. Бірақ, қаңғыған итті қорғайтын заң адамдарды неге қорғамайды? Дәл осы жағынан келгенде ол неге соншалықты қауқарсыз, дәлірек айтқанда, дәрменсіз екенін сұрап, соның шешімін депутаттық сауалымызға жауап ретінде жолдауыңызды сұрағымыз келеді» деп уәж келтірген депутаттар.

Одан әрі олар Үкімет басшысына статистикалық деректерді келтіре отырып, адам саулығы үшін алынатын нақты шараларды талап еткен: «Есіңізде болса, сіз осы мәселеге қатысты алдыңғы берген жауабыңызда заңды жүзеге асыру үшін 2022 жылға 1485,6 миллион теңге қарастырылғанын жазыпсыз. «Жергілікті бюджеттен тағы қосымша қаржы қарастырылады» депсіз. Бірақ уәде етілген оқшаулау орталықтары, вакцинация, басқа да жұмыстар толық жүргізілмей жатқанын көзіміз көріп отыр. Оған бірнеше мысал бар, Түркістан облысында ит қапқан бала құтыру ауруынан көз жұмған. Алматы облысының Талғар ауданында ауладан шығып кеткен танадай ит кішкентай баланыңбетін, арқасын және жамбасын тістеп тастаған. Ал, жануар иесі кішкентай қыздың ата-анасына 30 мың теңге беріп құтылмақ болған. Атырауда осы жылдың ақпанында қаңғыбас ит 8 жасар баланы әбден талап тастаған. Бір ғана Атырау облысында 2023 жылдың бір жарым айында 32 баланы ит қапқан.

Сізге қойғымыз келіп отырған сұрағымыздың мазмұны мынадай. Тарқатып айтсақ, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң күшіне енгелі бері жануарларды оқшаулауға, оларға екпе салуға, стерильдеуге қанша қаражат жұмсалды? Республикалық және жергілікті бюджетті есептегенде нақты қай өңірге қанша қаражатбөлінді? Олардың нысаналы жұмсалуын қай орган тексеріп отыр? Және адамдардың, оның ішінде жасөспірім балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті мемлекеттік органдарға нақты шара қабылдау үшін тапсырма беруіңіз қажет деп есептейміз. Себебі, қандай жағдайда қаңғыбас жануарларға қандай шара қолдану керегін жергілікті атқарушы органдар әлі толығымен түсінбейтін сыңайлы».

Депутаттық сауалының соңын Мәжіліс депутаттары, «АМАNAT» партиясы фракциясының мүшелері Н.Сәрсенғалиев пен Д.Тұрғанов былайша түйіндепті: «Осы жайларды қаперге бере отырып, әлеуметті алаңдатқан мәселе төңірегінде туындаған толғақты жайларды біржақты ету үшін «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңды шұғыл түрде қайтадан қарап, оған көптің көкейіндегі мәселеге жауап беретіндей қылып, тиісінше өзгертулер мен түзетулер енгізу, сөйтіп заңды жаңа редакцияда қабылдау керек деп есептейміз. Осыны өзіңізге ұсыныс ретінде жолдаймыз және бізді қолдайтыныңызға сенім білдіреміз».

Ендеше, біз де депутаттық сауалдың жауапсыз қалмайтынына, мәселенің шешімін табатынына сенім білдіргенді жөн санадық.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз