ТҮЛЕКТЕР КЕШІНЕ ТЫЙЫМ САЛУ ҚАЖЕТ ПЕ?

img 20220525 wa0081 1 1 Білім

АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА 6 МЫҢҒА ЖУЫҚ МЕКТЕП ТҮЛЕГІ АЛТЫН ҰЯСЫМЕН ҚОШТАССА, ОЛАРДЫҢ 244-і «АЛТЫН БЕЛГІДЕН», 243-і ЕРЕКШЕ АТТЕСТАТТАН ҮМІТТІ. АЛ, ҚАЖЕТ ЕМЕСТІГІ ЖӨНІНДЕ ҚАНША АЙТЫЛСА ДА, ТҮЛЕКТЕР ДЕ, АТА-АНАЛАР ДА ШАШ-ЕТЕКТЕН ШЫҒЫНҒА БАТЫРАТЫН МЕКТЕП БІТІРУ КЕШІНЕН БАС ТАРТАР ЕМЕС. ӨМІРДІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ АЯҚ БАСҚАЛЫ ОТЫРҒАН ЖАС ӨСКІНДЕРДІҢ НЕ НӘРСЕНІ ЕСКЕРГЕНІ ЖӨН? ЖАЛПЫ, ОСЫ ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ БАСТЫ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ МЕН БІЛІМ САПАСЫНЫҢ ДЕҢГЕЙІ ҚАНДАЙ? БІЗ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ АЙНАГҮЛ ДҮЙСЕКЕНОВАМЕН ОСЫ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕ СҰХБАТТАСҚАН ЕДІК.

– Айнагүл Байғанинқызы, биыл соңғы қоңырау салтанатының дəстүрлі форматта өтетіні белгілі. Ісшара барысында өткен жылдармен салыстырғанда нендей өзгешелік болмақ? Облыс мектептерінің барлығында бірдей ашық аспан астында «соңғы қоңырау» соғыла ма?

– Иə, 25 мамыр күні облыстағы барлық мектепте «соңғы қоңырау» салтанаты өтеді. Оқу жылында білім беру мекемелері эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына байланысты жұмысын дəстүрлі форматта жасады. Сондықтан, оқу жылын оқушылармен б і р г е с а л т а н а т т ы ж а ғ д а й д а қорытындылауға да мүмкіндік туып отыр. Барлығы 138871 оқушы оқу жылын аяқтағалы отыр. ІХ сынып шəкірттері қорытынды емтиханды 28 мамыр мен 6 маусым аралығында, ХІ сынып оқушылары үшін 27 мамыр мен 10 маусым аралығында тапсырады. Ал, түлектерге аттестат тапсыру салтанаты 16-17 маусым күндері өтеді. Биылғы оқу жылында облыс мектептері бойынша 5999 оқушы алтын ұясымен қоштасқалы отыр. Бір ескерер жайт – мектеп бітіру шараларының барлығы да тек мектеп ғимаратында болуы тиіс.

– Ал, оқу жылындағы басты жаңалықтар қандай? Халықаралық немесе республикалық білім бəйгелерінде атыраулық оқушылар топ жара алды ма?

– Озат оқушы – мектеп мерейі, ал оның жетістігі – елдің мерейі. Биылғы оқу жылында да оқушылар республикалық сайыстарға қатысып, түрлі деңгейде жүлдегер атанды. Мəселен, ақпан айында Щучье қаласында өткен ІІVII сынып оқушыларының зерттеу ж о б а л а р ы м е н ш ы ғ а р м а ш ы л ы қ жұмыстарының ХVІІ республикалық «Зерде» конкурсында облыс қоржыны 1 күміс, 4 қола медаль жəне 2 грамотамен толықты. Жалпы білім беретін пəндер бойынша Шымкент қаласында өткен республикалық ғылыми жобалар сайысына 20 оқушы қатысып, 3 күміс, 3 қола медаль иеленіп келді. Үздік нəтиже көрсеткені үшін Атырау қалалық №30 мектеп-гимназиясының ХІ сынып оқушысы Яна Цой Шəкəрім атындағы университеттің грантын, облыстық дарынды балаларға арналған мектепинтернатының ХІ сынып оқушысы Алуа Мəдениет М.Əуезов атындағы университеттің грантын ұтып алды. Айта берсек мұндай жетістіктер көп. Оқушылардың білім сайыстарында жүлде алуы ұстаз бен ата-ана үмітінің ақталғандығының көрінісі ғана емес, бүкіл аймақтың абыройы. Республикалық пəн олимпиадасының қорытындысына қарасақ, Атырау облысы жүлдегерлер саны бойынша ІV орынды иеленді. Бір қуантарлығы – биыл республикалық олимпиадада қоржынға түскен медаль саны өткен жылғыдан 13-ке артық. Ал, жүлделі орын алған оқушылар қатарында ауылдық жердегі мектептердің шəкірттері бар. Атап айтқанда, Құрманғазы ауданының Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебі, Исатай ауданындағы «Өркен» жəне Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептерінен қатысқан оқушылар топ жарды. Тағы бір басты жаңалық – Атырау облыстық «Білім-Инновация» лицейинтернаты республикалық пəндік олимпиаданың қорытындысы бойынша 100 үздік мектеп рейтингісінен ІІ орынды, ал «Білім-Инновация» лицейинтернаттары арасынан абсолюттік І орынды иеленді.

– Білім сапасын арттыру бағытында алда қандай жоспарлар бар? Жазғы мектепте білім алуға облыста қанша бала ниет білдіріп отыр?

– Сапаны арттыру – саладағы ең басты мəселе. Осы мақсатта дəл қазір қолға алынып отырған шараның бірі – мектептерді қажетті педагогтармен қамту болса, білім сапасын арттырудың екінші тетігі – жазғы мектеп. Жалпы облыс мектептерінде, əсіресе бастауыш сыныптар, математика, физика пəндерінен сабақ беретін орыстілді мамандар тапшы. Соның салдарынан балалар тиісті деңгейде білім ала алмай келеді. Мəселені шешу мақсатында өзге өңірлерден 651 педагогке сұраныс жіберілді. Сондай-ақ, оқу жылы аяқталған соң білім беру мекемелерінде 27 мамыр мен 17 маусым аралығында жазғы мектеп ұйымдастырылады. Ол үшін мектептерде арнайы іс-шаралар жоспары жасақталуда. Жазғы мектептің жоғары деңгейде өтуі мұғалімнің шығармашылық ізденісіне байланысты, ең бастысы оқушылардың үлгеріміне көңіл бөлініп, оқу жылы барысында түсінбей қалған тақырыптарына маңыз беріледі. Ұлттық бірыңғай тестілеу жəне алдағы оқу жылында өтетін пəндік олимпиадаларға дайындық секілді бірқатар маңызды жұмыстар жасалады. Балалардың шығармашылық қабілетін шыңдау бағытында түрлі шаралар ұйымдастыру да көзделіп отыр. Жазғы мектепке оқушылар ата-ананың өтініші негізінде қабылданады. Бұл – оқушыларға беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Сондықтан, ата-аналар оған «күн ыссыда балалар шаршайды, аса қажеттілігі жоқ» деп түрлі сылтаумен бейжай қарамай, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануына көңіл бөлу керек. Былтырғы оқу жылында жазғы мектепте 12 мыңға жуық бала білім алса, биыл оқушыларды бұдан да көбірек қамту мақсатымен ата-аналар арасында түсіндірме жұмыстары жүріп жатыр.

– Балалардың жазғы демалысын тиімді өткізетін лагерьлер бар ма? Мектеп қабырғасындағы 140 мыңға жуық оқушыны түгелдей болмаса да, басым бөлігін жазғы демалыспен қамту мүмкін бе?

– Облыстағы 163 мектеп жанынан жəне 3 демалыс лагерінде балалардың жазғы уақыты ұйымдастырылады. Бұл оқу орындары маусым айының басында оқушылардың алғашқы легін қабылдайды. Əр лагерьге кемінде 50 бала келеді. Талғайраң ауылындағы «Тұлпар» сауықтыру орнында маусым айына дейін жөндеу жұмыстары толығымен аяқталуы тиіс. Дəл осындай жұмыстар Махамбет жəне Индер аудандарында да жүргізілуде. Қазір басқарма жазғы маусымға өтініш қабылдауды бастады. Өткен оқу жылында пандемияға байланысты балалардың жазғы демалысын толықтай ұйымдастыра алмағанымыз рас. Биыл біз мүмкіндік болғандықтан балаларды көбірек қабылдауды жоспарлап отырмыз. Əрине, бірінші кезекте аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балалары жіберіледі. Ата-аналардан өтініштер еgov порталы арқылы қабылданып, тізім кейінірек жарияланады.

– Əлеуметтік желіде мектеп ұжымдары түлектердің ақылы қоштасу кешін ұйымдастыру, мұғалімдерге сыйлық табыстауына болмайтындығы жөнінде ескерту хабарламалары жарыса жарияланып жатыр. Былтыр да түлектер карантиндік шектеулерге қарамастан кортеж жалдап, мейрамханада кеш өткізіп, түрлі салтанаттар өткізді. Бұл ескертуге түлектер қаншалықты құлақ асады? Ал, оқушыдан сыйлық алған ұстаздың жазасы қандай?

– Айтуыңыз орынды. Соңғы екі жылда пандемияға байланысты дəстүрлі «мектеппен қоштасу» кешін өткізу тоқтап қалды. Қазір эпидемиологиялық жағдай жақсарып, шараны өткізуге мүмкіндік бар. Алайда, білім беру мекемелерінде сыйлық табыстау, шаралар ұйымдастыру, қоштасу кешіне аниматорлар, мерекелік агенттіктер, мерекелік шараларға жеке студияларды шақыруға, мерекелік дастархандар ұйымдастыруға, жалға алынған автокөліктермен экскурсиялар өткізуге, жалпы ақылы қызметке жүгінуге қатаң тыйым салынады. Өйткені, «соңғы қоңырау» мен аттестат табыстау рəсімі мектептегі ресми шара түрінде ғана өтуі керек. Бұл туралы педагогтар мен сынып жетекшілері ата-аналармен жиналыс барысында да айтуда. Əр педагог балаға білім бергені үшін мемлекеттен тиесілі жалақысын алады. Егер сыйлық жасау фактілері анықталса, аяқсыз қалдырмаймыз. Шара тек балалардың алдағы өміріне сəттілік тілеу мақсатында ата-аналар мен ұстаздардың қатысуымен мектеп қабырғасында өткізіледі.

– Мейрамханадағы кеш, сəнді киім – мұның барлығы басы артық шығын, ата-ананың қалтасына айтарлықтай салмақ түсіреді. Жыл сайын айтылса да, түлектер «қатардан қалмаудың» амалын жасап бағатыны белгілі. Сіз қалай ойлайсыз, түлектер кешіне заңмен тыйым салу қажет пе?

– Жыл сайынғы аттестат табыстау шарасы салтанатты түрде мектеп ғимаратында өтеді. Оған ата-аналар, мұғалімдер мен мектеп бітіруші түлектер қатысады. Біріншіден, ақылы, ойын-сауық шараларынан бас тарту – балалардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалып отырған қадам. Көпшілік осыны түсінсе дейміз. Өйткені, осындай шаралар барысында бұрынғы жылдары қайғылы оқиғалар да орын алды. Халықтың əлеуметтік жағдайын ескере отырып түлектердің а қ ы л ы қ ы з м е т т е р г е ж ү г і н і п , мейрамханаларда шара өткізудің дұрыс емес екендігі жыл бойына түсіндіріліп келеді. Екіншіден, осы кезде білім беру мекемелерінде ҰБТ өтіп жатады. Осындай жауапты сəтте мейрамханада қоштасу кешін өткізу қаншалықты дұрыс?! Бұл баланың болашақ өмірі үшін маңызды сынақ болғандықтан, көңілдерін өзге нəрсеге аудармаған абзал. Балалардың болашағы алда. Оқу орнына түсіп алған соң отбасымен атап өтсе, бұл қуаныштың маңызы одан да арта түсер еді. Қазір түлектердің бір ғана мақсаты болуы тиіс, ол – жоғары оқу орнына түсу үшін мемлекеттік грантқа қол жеткізу. Сондықтан, мұндай шараларды өткізуге тыйым салу қажет деп санаймын. Ойын-сауық кешін өткізу жөнінде көп жағдайда ата-аналар тарапынан ұсыныс түседі. Ұйымдастыратын да өздері. Мұндай шараларға мүдделі болудың қажеттілігі жоқ, керісінше əр ата-ана баласына жағдайды ақылмен түсіндіріп, бар ойын жоғары оқу орнына түсіп, мамандық меңгеруге аударса дейміз.

– Əңгімеңізге бек рахмет!

Сұхбаттасқан: Мəлике ҚУАНЫШЕВА

Фото: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз