Тиімді тәжірибе жинақтау педагогтің кәсібилігін жетілдірмек
Д.Қонаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінде мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру мекемесіне арналған «Педагогикалық идеялар панорамасы-2024» республикалық бейнесабақтар мен бейнедәрістер конкурсының облыстық кезеңі аяқталды.
Конкурс мақсаты – пәнаралық негізде оқушылардың ерте функционалдық сауаттылығын дамыту саласында мұғалімдердің заманауи педагогикалық тәжірибесін танымал ету.
«Педагогикалық идеялар панорамасы» әрбір қазақстандық педагогке 12 бағыттың бірі бойынша ерте сауаттылық пен мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, оқу, математикалық, жаратылыстану-ғылыми, цифрлық, медиа-ақпараттық, қаржылық, экологиялық, денсаулық сақтау, медициналық, әлеуметтік-эмоционалды, мәдениетаралық және азаматтық-құқықтық сауаттылық бейнематериал түрінде өзінің авторлық әзірлемесін ұсынуға мүмкіндік береді.
Конкурс жұмыстары бейнересурстың өзектілігі, дәлелділігі, пәнаралық интеграция, әдістемелік құндылық, инновациялылық, сөйлеу мәдениеті мен шешендік шеберлік, аудио мен бейнежазбаны сапалы ұсыну талаптары негізінде бағаланды. Облыс бойынша қабылданған жұмыстар ішінде 26 қатысушы – ІІІ, 15 педагог ІІ орынмен марапатталса, үздік 9 жұмыс І орынға ие болды. Ұстаздардың бұл жетістігі аттестаттау кезінде біліктілік санатын беру мен растауда ескерілді.
Тоғжан ЕРМЕК