ӨНДІРІСКЕ – ЖАС МАМАНДАР

Қазіргі таңда өңірімізде 25 техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда. Биылғы жылы аталған оқу орындарын 4634 түлек бітіргелі отыр.

 

Мамандық алған жастар алған білімдері мен біліктіліктерін шыңдайтын жұмысқа орналасқысы келетіні сөзсіз. Оларды қолдау мақсатында Атырау мұнай және газ институтының Студенттер сарайында облыстық техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарын бітіруші түлектер жәрмеңкесі кең көлемде ұйымдастырылды. Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан «Түлек-2015» жәрмеңкесінің ашылуымен құттықтап, өмірдің үлкен сатысына өткелі тұрған жастардың қолынан демеп отырған кәсіпорындар басшыларына ризашылығын білдірді. 

– Атырау облысындағы 25 колледжде 19 мыңға жуық студент білім алады. Бізде білім саласында оқыту емес, оқуды бітірген соң жастарды жұмысқа орналастыру қиын болып отыр.

Колледждер басшылары өзінің түлегінің жұмысқа орналасуына мүдделі болуы керек. Облыс әкімінің тапсырмасына сай өткен жылы колледжді қанша түлек бітіргенін, оның қаншасы жұмысқа орналасқанын білу бағытында зерттеу жүргіздік. Колледждер ұжымдары «былтырғы жылғы қорытынды бойынша 4396 түлектің 63,3 пайызы жұмысқа орналасты» деген ақпарат берді. Ал, зейнетақы  жүйесі  бойынша есептегенде бұл көрсеткіш 53,4 пайыз болып шықты. Демек, екі баланың біреуі ғана жұмысқа орналасқан. Ал, қалғандары қайда жүр?

Биылғы зерттеу бойынша да жұмысқа орналасатындардың саны 50 пайыздан аспайды. Осы мақсатта мұндай жәрмеңкені жыл сайын ұйымдастыратын болып шештік. Жастар да өз бойларынан жауапкершілікті ысырып тастамай, қызметке орналасуға талпынулары керек. Осы оқу жылында кәсіпкерлер мен колледждер тығыз қарым-қатынаста болулары үшін бірқатар оқу орындарын бизнес ұйымдарына сенімдік басқаруға бергіміз келіп отыр, – деді аймақ басшысының орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы.

Қолдарына диплом алып, маман иесі атанған жастарға келешекте еліміздің абыройын асқақтатады деп зор сенім артылуда. Шараға сол жастардың білімі мен жастық жалынын еліміздің игілігіне пайдалану үшін жағдай жасауға тырысқан 25-тен астам компания  түлектерді еңбекке орналастыру жөніндегі үш жақты меморандумдарға қол қойды.  Мәселен, облыстық білім беру басқармасы басшысы Берікқали Сәрсенғалиев пен облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қуанғали Қожантаев «АтырауМұнайМаш» ЖШС, «Қазэлектрум» өндірістік кешені, «Атырау-Тойота» орталығы басшылығымен келісімге келді. Сондай-ақ, жұмыс берушілер колледждер басшыларымен де ресми құжаттарға қол қойды. 

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз