Тау бөктеріндегі демалыс
Жуырда Атырау облысының оқушылары Ресейдің Железноводск қаласындағы “Қазақстан геологы” пансионатының жазғы лагерінде демалып қайтты.
Анығында, Исатай және Құрманғазы, Жылыой аудандарының оқушылары тау бөктеріндегі демалысқа бір мезгілде тап келіп, жазғы демалыстарын көркем табиғат аясында керемет өткізді.
Исатай ауданынан келген 42 оқушы да лагерь жанында өткізілген талай шараға белсене қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Тәрбиешілер де біраз шараны бірге ұйымдастыруға атсалысты.
Мәселен, “Ертегілер елінде” атты шарада исатайлықтар шалқан ертегісін сәтті сахналады. Ал, “Әнші, биші, күйші балапан” атты өнер додасын осы исатайлықтар ұйымдастырды. Ерекше сценарий бойынша жүзеге асқан шара барысында әр топтың өнерлі өрендері тұла бойларындағы таланттарын ортаға салды. “Супер тәрбиеші” сайысында тәрбиеші, Исатай ауданына қарасты Жанбай балалар саз мектебінің оқытушысы Мирас Махмуд бақ сынап, күйшілік қабілетімен көзге түсті. Ал, “Ханзада мен ханшайым” сайысында исатайлық оқушылар атынан шыққан Аружан мен Досымжанның таныстырулары, қолөнер туындылары ерекше бағаланды.
Пікірсайыста да оқушылар тұшымды ойларын ортаға салды.
Мұндай игі шаралардан бөлек, әр күн сайын тау етегінде жасалатын таңғы жаттығу да балалрға ерекше сергектікке жетеледі.
Осындай сәтті демалысты ұйымдастыруда барлық ауданнан келген тәрбиешілердің, лагерь басшысы Аниса Имашқызы мен аға тәрбиеші Нұргүл Уапихқызының, Абылайхан, Анель есімді тәрбиешілердің еңбегі зор.
Бұдан өзге, Ресейдің Железноводск, Пятигорск қалаларына, табиғатының әсем тұстарына жасалған саяхат та оқушыларға әдемі көңіл-күй сыйлады.
Әсіресе, Чегем сарқырамасына сапар оқушыларды жақсы әсерге бөледі. Чегем шатқалының інжу-маржаны — Чегем сарқырамасы. Су ағындары 55 метр биіктіктен құлап, жардан құлап, көптеген жарықтардан ағып жатыр. Мұндағы жартастарға мұқият қарасаңыз, әдеттен тыс суреттерді көруге болады, мұның барлығы көптеген жылдар бойы су арқылы жасалған.
Осылайша, түрлі табиғат жаухарларын өз көздерімен көріп қана қоймай, тарихына да үңіліп, біраз мағлұматқа қанық болған оқушылар минералды су ішіп, денсаулықтарына да көңіл бөліп үлгерді.
Мұндай белсенді жазғы демалыс уақыты сабақ басталмас бұрын оқушыарға тың серпіліс берері сөзсіз.
Сағия ХИСАМЕДЕНҚЫЗЫ,
Атырау облысы, Исатай ауданы, Жанбай балалар саз мектебінің директоры