Жарнама
Білім

Табысқа ұмтылған жетеді

Бүгінде әлемде ғылым өте қарқынды түрде дамып жатыр. Дамудың басты кілті саналатын бұл саланың қаржы айналымының басты «көзіріне» айналғаны соншалық, заманына қарай кәсіп иелері де пайда болды. Соның бірі – «бағдарламашы» мамандығы.

Бұқара үшін беймәлім саланың қыр-сыры туралы атыраулық жас маман Бекболат Қуанышев ой бөліскен еді. Ол мектепте оқып жүргенде-ақ информатика пәнін жақсы оқып, бағдарлама жасауға машықтаныпты. Облыстық, республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарға да ие болған. Мобильді өңдеу бойынша iOS платформаларына арналған қосымшаларын жасаумен айналысқан екен.

Бағдарламашының арманы

Қазақ-түрік лицейінің түлегі Бекболат осыдан екі жыл бұрын «Pixel» робот техникасы және бағдарламалау мектебін ашты. Қазір мектеп оқушыларымен қатар, колледж студенттері де білім шыңдау мақсатында оқу орнына келіп, уақытын тиімді өткізіп жүр.

Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университетті «Ақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша тәмамдаған жерлесіміз бұл саланы үйрену үшін адамның ынтасы болса жеткілікті екенін айтады. Оқушы кезінен осы салаға әуестенген Бекболат университетте оқи жүріп, таңдаған мамандығы бойынша қосымша жұмыс жасайды.

– 2015 жылы университетке түскенде мектепте алған білімімнің көмегі тиді. II курстан бастап жұмыс жасай бастадым. Демалыс кезінде елордада тәжірибеден өттім. IV курста жұмысқа орналасқан студенттің қабілетін жұмыс орны бағалайтын бағдарлама жасалып, жас мамандардың білім мен жұмысты ұштастыруына жол ашылды, — дейді ол.

Бекболаттың арманы осылайша орындалып, өмір соқпағында жаңаша бағыт-бағдар жол бастай беріпті.

Мұғалімсіз мектеп

Университетті аяқтап, Америка Құрама Штаттарының Сан-Франциско қаласының оңтүстігінде Кремний алқабындағы №42-ші мектепке іріктеуден өтіп, оқуға қабылданады. Мақтаулы мектепті кезінде француз миллиардері ашқан екен. Оның мақсаты – қазіргі білім беру жүйесін алмастыра алатын оқу орнына айналдыру болған.

– Бір қызығы, мектепте тапсырма беріп, оның орындалуын қадағалап отыратын мұғалім жоқ. Айталық, оқуға түскенде дәрісханадағы 300 адамға бірден 10 тапсырма беріледі. Оны оқушының өзі интернеттен ізденіп орындауы шарт. Сосын оқушылар бірінің жұмысын бірі тексеріп, бір-бірімен жақын танысуына мүмкіндік туады. Ал, тапсырманың орындалуы компьютерлік бағдарлама арқылы талданады. Ондағы жатын орын мен оқу тегін, — дейді бағдарламашы. 

Жігер – жетістіктің досы

Бекболат Қуанышев қазір жеке мектебінің жұмысын жүргізумен қатар, іргелі кәсіпорын – «Теңізшевройл» компаниясының белді қызметкері. 

«Білімдіге – өріс кең» деген ұлағатты сөздің тағылымы да осы шығар, сірә. Ой-өрісін дамытып, білімін жетілдіруден жалықпайтын жас маман өзі білім алған Сүлеймен Демирел университетінде магистратура бойынша да білім алған.

– Мектеп кезінен осы салаға дағдыланған бала өскен сайын тез бейімделеді. Өздеріңізге белгілі, университетте студенттің әрқайсысымен жеке жұмыс жасалмайды ғой. Бір рет түсіндіреді. Ал, көпшілігімізге тән нәрсе – көп адамның көзінше «мынау қалай еді?» деп сұрауға ұялып, түсінбей жүре береміз. Бұл дұрыс емес. Білмегенді сұрағанның қандай айыбы бар, керісінше білмей тұрып жіберген қателіктің өкініші көп, — дейді ол.

«Оқуға әркімнің-ақ бар таласы…»

– Қазір ата-ана баласын әртүрлі дамыту орталықтарына береді. Бізде білім алып жатқан шәкірттер машина жинап, өздерінің логикасына қарай робот құрастырады. «Робот-сумо» деген жарыс бар. Ойын ережесі бойынша, роботтар металды шеңбер рингтен бірін-бірі күшпен итеріп шығаруы тиіс. Ол үшін роботтарды компьютерлік бағдарлама арқылы қимылдататын код жазу қажет. Рингтің шетіне шығып кетсе, қарсыласынан қашып құтылуы керек. Бір жағынан робот техникасы баланың ойлау қабілетін, моторикасын дамытады, — дейді бағдарламашы Бекболат.

dc3a20f1 d921 49cc b0f7 01efd947d836

«Pixel» мектебінде оқушылардың әрқайсысына жеке уақыт бөлінеді. Мектептегі 5 топта робот техникасымен қатар, бағдарламалауды да үйретеді. Мұнда ең жасы 8-9 жастағы балалар қабылданады. Оларға ойын жазуды үйретсе, жоғары сыныптың оқушылары веб-сайт жасаудың қыр-сырын меңгереді.

Чикагодағы қазақ

Ынталандыру дегеннен шығады. АҚШ-та жүрген Бекболат сондағы талдықорғандық жігітпен танысыпты. Оның 25 жасқа дейін компьютері де болмаған екен. Тіпті, «Контр Страйкті» де ойнап көрмеген. Түкпірдегі ауылда қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектептің түлегі мұхит асып барып, қара жұмыспен шұғылданып жүреді.

Бірде оған жолыққан үнділік жолдасы өз басынан кешкен оқиғасын әңгімелеп беріпті. Бұдан сабақ алған жетісулық жігіт өмірін мүлдем басқа арнаға бұрып, IT саласын табанды түрде үйрене бастайды. Адамдармен тілдесіп, әртүрлі конференцияларға қатысып, бұл саланы мейлінше меңгеруге ұмтылады. Әбден игерген соң, атағы жер жарған Motorola компаниясына жұмысқа тұрады.

Жасаған жұмысы ұнаған қожайындар оған жоғары жалақы да тағайындайды. Біртіндеп оның өмірі өзгере бастайды. Алыс елде адамдармен араласа жүріп, ағылшын тілін үйренген ол білімін дамытып, сертификат алған соң, басқа үлкен компаниядан жұмысқа шақырту алған.

Орыс, ағылшын, түрік тілдерін еркін меңгерген Бекболаттың айтуынша, бағдарламалауды үйренемін деушілерге интернетте барлығы анық көрсетілген. Тіпті, бейнесабақтар да бар. Тек ынта мен құлшыныс танытса болғаны.

– Бағдарламалауды үйрену адамның еркіндігі мен әлеуетін арттырады. Қазір қай саланы алсаңыз да, бағдарламашы маман қажет. Білім алу қай уақытта да кеш болмайды. Өзін басқамен салыстырып білімге ұмтылу керек, намысты қамшылаған жөн. Мені ерекшелеудің қажеті жоқ, өйткені, менен де мықты балалар болды. Алған білім мен оқығанымыз бір болған соң соған сай болуымыз керек. «Pixel» мектебінде үш қызметкерміз, үшеуміз де көбінесе іс-тәжірибе арқылы білім береміз. Сабақ қазақ және орыс тілдерінде жүреді. Ағылшын тілін терминдер арқылы меңгеруге де мүмкіндік бар, — дейді жігерлі жігіт.

«Заманың түлкі болса, тазы болып шал» демекші, жаңашылдыққа ұмтылып, жаңа технологияларды игеріп жатқан жерлесіміздің ісіне ерекше сүйсіндік. Болашақта балалардың ғылымға машықтанып, қабілетін арттыруына осындай мектеп-орталықтардың көмегі зор болары даусыз.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button