БІЛІМ САПАСЫ – БАСТЫ МҰРАТ

Жуырда Атырау облысы Білім саласындағы бақылау департаменті сапаны бақылау өлшемдері мен дескрипторларды қолдана отырып, пилоттық инспекцияларды өткізу мақсатында «Білім сапасын көтеру» Бірлескен экономикалық зерттеу бағдарламасы шеңберінде білім беру ұйымдарының инспекторлық жүйесін жетілдіру» деген тақырыпта семинар-кеңес өткізді.

Семинарды Атырау облысының Білім саласындағы бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Сәнім Қалуова ашып, жүргізді. Ол үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанына жоспарланған мемлекеттік аттестаттау шеңберінде мектепке дейінгі ұйымдарда, жалпы білім беретін мектептер мен колледждерде өткізілген бақылау іс-шараларының барысына тоқталды. Сол жұмыстардың қорытындысы бойынша терең білімнің берілу сапасын, ата-аналармен, жергілікті қауымдастықпен өзара байланысын, өзін-өзі бағалау өлшемдері мен дескрипторларын білуге қатысты кең түсініктер берді.

С.Қалуова сарапшылардың тек құжаттардың толтырылуына қатты көңіл бөлетіндерін баса айтты. Жасыратыны жоқ, білім беру сапасы төмен педагогтар да, мектептер де бар. Өз пәніне салғырт қарайтын мұғалімдердің қағаздарын «қатырып» қоятыны жалған емес. Өзін-өзі аттестаттау материалдары тым сапасыз, жылдық жоспар да пункттер орнын алмастырып қоюмен шектеледі.

– Енді, – деді ол, – мұндай көзжұмбайлыққа да, кешірімшілдікке де жол берілмеуі тиіс. Себебі, балаға білім беру – ойыншық емес, оның артында үлкен жауапкершілік жатыр.

Семинар-кеңеске қатысушы мектепке дейінгі ұйымдар, жалпы білім беретін мектептер, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының сарапшылары мен мамандары өздерін тол-ғандырып жүрген сауалдарына тиісті жауаптар алды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз