Жарнама
Білім

ТҰҒЫРДАН ТАЙМАҒАН САРА

Шыны керек, Сара Алпысқызының педагогикалық қызметі абыройлы болды. Ол біраз жыл бойы «Қызыл ізшілер» тобының жетекшісі ретінде зерттеу жұмыстарымен айналысты. Ұлы Отан соғысы кезіндегі жауынгерлердің хаттары, естеліктері мен фотосуреттерінің көмегімен Курск, Тула, Воронеж, Волгоград қалаларындағы бауырластар зираттарынан бірнеше жауынгер мүрдесіне анықтау жасады. Тәжірибелі педагог Кеңес Одағының Батыры атағын алған ресейлік Мұқат Мусаевты, 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығында Атырау облысы бойынша тоғызыншы Кеңес Одағының Батыры қатарына қосып, халықтың мақтанышына бөленді. Сондай-ақ, ол 1985 жылы М.Мусаев атындағы мұражайды ұйымдастырып, Ұлы Жеңістің 40 жылдығына үлкен сый жасады. Ал, қоғам қайраткері Н.Манаевтың туған жеріндегі мәліметтерді жинақтап-зерттеп, 1986 жылы 49 жылдан кейін оның ұрпақтарын мектеп ұжымдарымен кездестіріп, абыройлы істер атқарды. Сонымен қатар, ұстаз мұражайда жинақталған деректер бойынша Құрманғазы ауданында орта мектепті бітіріп, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне оқуға түскен жеті студенттің дипломдық жұмыстарын жазған, ал университеттің бір ұстазы осы деректер негізінде кандидаттық диссертация қорғаған.

Сара Алпысқызының Кеңес Одағының Батыры Мұқан Мусаев туралы жинақтаған еңбегі жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Бәйтерек» атты кітабына енді. Сәкең өзінің негізгі қызметіне қоса қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, туған жері мен халқының құрметіне бөленіп отырған жан. Айта кетсек, ол мектепте партия ұйымының хатшысы, насихатшы, лекторлар тобының жетекшісі, халықтық бақылау тобының өкілі, әйелдер кеңесінің төрайымы жұмыстарын белсене атқарды. Ал, 1981 жылы «Ынтымақ» тәрбие клубын ұйымдастырып, жастар арасындағы тәрбиенің тізгінін ұстады. Сондай-ақ, облыстық балалар қорының аудан бойынша мүшесі, аудандық білім бөлімінің кеңес мүшесі, селолық, аудандық кеңес депутаты ретінде қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Еңбегі бағаланған Сара Алпыс-қызы V және VI облыстық мұғалімдер съезіне, аудандық, облыстық «Білім» қоғамы конференцияларына делегат болып сайланды. Сонымен бірге Ақтау, Қостанай қалаларында өткен «Әуесқой тәрбие клубтарының» слетіне қатысты. 1986-1987 жылдары ол кісінің іс-тәжірибесі облыс пен республикаға таратылды. Ал, «Пәндік кабинет жасақтау тәжірибесі» облысқа плакат түрінде шығарылып, мектептерге таратылды.

Құрманғазы ауданының «Озат лекторы» атанған Сара Алпысқызының лекторлық жұмысы үлкен плакат түрінде шығарылған. Ол панорамалық сабақ өткізуде облыстық сайысқа қатысып, жүлделі орынға ие болды. Шымкент қаласында өткен республикалық семинарда «ІV-ХІ сыныптарда Қазақстан тарихын оқыту тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасаса, облыстық білім жетілдіру институтында өзінің зерттеу тақырыптары бойынша курс тыңдаушыларына 150 сағаттық лекция оқыды. «Ынтымақ» атты тәрбие жұмысы облыстық мәдениет қызметкерлері семинарында ерекше бағаланып, «Ынтымақтың игі істері» атты буклет шығарылды. Арнайы фотоальбом жасақталып, ол халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне жолданды.

Иә, «ізденген жетер мұратқа». Қарап отырсақ, Сара Алпысқызы — көзін ашқаннан бері іздену үстінде келе жатқан адам. Оның есімі 1967 жылы ауданның «Құрмет кітабына» енген болса, 1978 жылы өңіріне «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісін қадады. Жыл сайын аудан, облыс кәсіподақтары «Құрмет грамоталарымен», ҚР Білім министрлігі, білім беру кәсіподағы «Құрмет грамоталарымен», дипломдарымен марапатталды. Осындай адал еңбегінің арқасында Сара Алпысқызы «ҚР білім беру ісінің үздігі», «Аға мұғалім», «Әдіскер мұғалім», «Жоғары санатты ұстаз», «Орлы округінің Құрметті азаматы» атақтарына ие болды. Біз, Құрманғазы ауданында өткен ардагерлердің көшпелі семинарына қатысқан бір топ ардагер, Сәкеңнің жұмысын көзімізбен көріп, оған бек риза болдық. Елінің, халқының құрметіне бөленген Сарадай замандасымыздың дені сау, қуанышты күндері көп болсын деп тілейміз.

Нұреден ЕСМАҒАНБЕТОВ,

облыстық ардагерлер

 кеңесінің жауапты хатшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button