ҰСТАЗДАН ҚАЛҒАН ҰЛАҒАТ
1942 жылы ауыр жарақаттанып, елге оралды. Содан 1949 жылдың қыркүйек айы аралығында мұғалім, директор, аудандық ағарту бөлімінде мектеп жөніндегі инспектор қызметтерін атқарды. 1951-1956 жылдары Атырау қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектебінің директоры, ал, 1956-1982 жылдар аралығында облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында директор болды.
1944 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы Д. Байбосыновты «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, 1945 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Құрмет грамотасымен марапаттады. Ал, тоғыз жылдан соң министрліктің «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісіне ие болды. «Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген мұғалім» атанды.
Ал, 1960 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Жоғарыда келтірілген деректерге қарап, Дүйсенғали ағаның бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне, еліміздің болашағын қалыптастыруға арнағанын аңғару қиын емес.
Дүйсенғали қашан да халқының қалаулы, елінің елеулі азаматы, еңбекқорлық пен ізденімпаздықтың, адамгершілік пен биік парасаттың, шыншылдық пен кіршіксіз тазалықтың үлгісі бола білді. Ол педагогика шебері, ұлағатты ұстаз, нағыз тәлімді тәрбиеші, одақ және республика ағарту ісінің үздігі, тамаша өнегелі адам еді.
Отан соғысынан оралғаннан кейін 3-4 адамы ғана бар облыстық әдістемелік кабинетті білікті мамандардан тұратын, облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтына айналдырды. Өзінің саулығына қарамастан, Дүйсекең жұмыс орнында ақтық демі қалғанша қызмет етті. Ол Қазан, Ростов, Рязань, Киев, Тбилиси және еліміздің Өскемен, Қостанай, Ақтөбе, Алматы, Орал және басқа да қалаларында болып, мектептердегі тәжірибелерін зерттеп, облыс мектептеріне таратты.
Дүйсекеңнің Нариман есімді ұлы «Қазмұнайгаз» ұлттық мұнай компаниясында жауапты жұмыстар тізгінін ұстап, білікті кадр, кәсіби жағынан шыңдалған маман ретінде іскерлігімен танылып жүр. Анасының өзіндей, әкесінің көзіндей Қатима қызы дәрігерлік мамандықты қалап, адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жан атанды. Ал, олардың Нұрлан есімді ұлы қазіргі уақыт талабына сай кәсіпкерлікпен шұғылдануда. Осы балалардан өрбіген немере-жиендері желкілдеп өскен құрақтай, ата-әжелерінің ұлағатын бойларына сіңіріп, жетілуде.
Мен Дүйсенғали Байбосыновты 1956 жылдың қаңтар айынан бастап білемін. Гурьевтегі мұғалімдер институтының ІІ курсында оқып жүргенімізде Жамбыл атындағы орта мектебінде жаратылыстану-география бөлімінің студенттері педагогикалық тәжірибеден өткенбіз. Институтты аяқтап, Отан алдындағы азаматтық міндетімді атқарып келгеннен кейін, қазіргі Сәбит Мұқанов атындағы мектебінде химия-биология пәнінің мұғалімі, 1964-1981 жылдар аралығында сол мектептің директоры болып еңбек еткенмін. 1981-1983 жылдары облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары болған жылдарымда Дүйсекеңмен қоян-қолтық жұмыста болып, кеңестік педагогиканың көп жаңалықтары мен сырларын осы азаматтан үйренгенмін. 1983 жылдың 10 қаңтарынан бастап қаладағы №13 орта мектебіне директорлық қызметке ауыстым. Осы мектепте 2008 жылдың аяғына дейін 25 жыл мектеп директоры болып еңбек еттім. 1993 жылдың басында осы Қазақстанның 50 жылдығы атындағы орта мектепке «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұғалімі Дүйсенғали Байбосыновтың есімі берілді.
1997-2012 жылдар аралығында мектепті 772 оқушы бітірді. Олардың ішінен 332-сі 9-11 сыныптарда жеке пәндерді оқығаны үшін Мақтау грамоталарына ие болса, ал, 58 оқушы мектепті «алтын» медальмен аяқтады. Мектеп оқушылары пәндік олимпиадаларға қатынасып, қала мектептерінің командалық есебінен І,ІІ,ІІІ орындарға ие болып келеді.
Мектеп ұжымында 71 оқытушы еңбек етеді. Айта кететін басты жетістік – ұжымда қызмет ететін барлық ұстаздардың төрттен бірін осы мектептің түлектері құрайды. Жоғары оқу орындарын аяқтап, өз мамандығы бойынша осы ұжымда еселі еңбек етуде. Олар – пән мұғалімдері Нұрбиға Ыбыраева, Нұргүл Оңғарсынова, Ырыс Қалниязова, Айман Оразғалиева, Әсия Айдосынова, Лора Қожиева, Айнаш Қабдуллиева, Әлия Мұрсәлиева, Гүлхан Аққалиева, Марал Бөлеева, Бағыт Дәулетбаев, Гүлжан Тарбаева, Саламат Тарбаев және кітапханашы Оқиза Сабырова.
Осы мектепті бітіріп, жауапты қызметтерде жүрген мақтан тұтар шәкірттер де аз емес. Атап айтсақ, ғылым кандидаттары Қасиет Ерниязова, Болат Қожиев, Бағыт Айдашев, Балхия Мұқашева, Жалғас Дүйсенғалиевтар бүгінде елдің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етуде.
Жыл сайын Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен мектеп түлектерінің көрсеткіштері де жақсы. Жылма-жыл мектеп бітірушілердің 30-40%-ы тестілеу қорытындысы негізінде Алматы, Астана, Орал, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды қалаларындағы жоғары оқу орындарында өздері таңдаған мамандықтары бойынша мемлекеттік грант арқылы білім алып, кейін теорияны тәжірибемен ұштастырған түлектеріміз көптеп саналады. Мектебіміз облыстық мұғалімдер білімдерін жетілдіру және қайта даярлау институтының тірек мектебі болды. Мұғалімдер мен оқушылардың күшімен жыл сайын әр түрлі деңгейдегі көптеген семинарлар, конференциялардың өткізілуі дәстүрге айналған.
Міне, бұл үлкен жетістіктердің бәрі Д.Байбосынов есімімен тығыз байланысты. Ұлағатты ұстаз, асыл ағаның есімін қадірлеп, қастерлеген мектеп ұжымы жылдан-жылға жемісті еңбек етіп, жарқын жетістіктерді еншілей берсін деген тілек білдіремін.
Қадим ОҢҒАРСЫНҰЛЫ,
ардагер ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері,
Атырау қаласының Құрметті азаматы.