Атырауда басшылар 4000 адамды тегін оқытайын деп жатыр

жолдауга колдау Білім

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өңірдегі білім беру  қызметкерлері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа жариялаған Жолдауын талқылады. Оны облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова жүргізіп отырды. Жарыссөзге қатысқан баяндамашылар Мемлекет басшысы атап өткен негізгі бес бағыт бойынша ойларын ортаға салды.

жолдауга колдау

«Робототехникадан олимпиада өткізілмек»

Гүлфайруз ҚАЙЫРҒА-ЛИЕВА, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы:

– Білім кеңістігіне «Робототехника негіздері» бөлімін енгізу өзекті болып отыр. Бұл оқушыларды техника саласындағы зерттеулерге, техникалық ақпарат және бастапқы инженерлік біліммен алмасуға бағыттайды. Осы мақсатта оқу жылының басында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік  университеті өңірдегі он жетекші мектепке робот жасау зертханасын сыйға ұсынды. Биыл облысымызда алғаш рет робототехникаға қызығушылық танытқан мектеп оқушыларының арасында республикалық олимпиада өткізілмекші. Оқушылар информатика, физика, математика, электроника, телемеханика, радиотехника, электротехника, 3D-модельдеу,  бағдарлама жасау мен жобалауды үйренеді.

 

«15 кәсіптік оқу орнында – тегін білім»

Қайырғали КЕНЖЕҒАЛИЕВ, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

– Ақпараттық технологиялар саласындағы жеделдетілген    жаңғыртуларды білім беру саласында пайдалануда облыс бойынша 178 мектеп «Bilimland.kz»  инновациялық білім берудің онлайн ресурсына қосылса, 134 мектепте  ата-аналар қоғамдастығы мен мектеп педагогтары, оқушылары арасындағы  қарым-қатынасты нығайту мақсатында «Күнделік» пилоттық жобасы енгізілген.  Облыста 25  кәсіптік-техникалық оқу орны жұмыс жасайды.  Кадрларды даярлау 74 мамандық, 145 біліктілік бойынша жүргізілуде, 15  кәсіптік оқу  орнында  23  мамандық бойынша  дуальдық  оқыту   жүйесі енгізілді.   «Жалпыға  бірдей  тегін кәсіптік-техникалық білім беруді»  15  оқу  орнында жұмысшы  мамандықтары бойынша енгізуді жоспарладық. Республикалық бюджеттен – 250, жергілікті бюджеттен 3997  студентке тегін кәсіптік білім беру үшін  қаржы бөлінді.

 

«Үш тілге де үйренеміз»

Арайлым КЕНЖЕҒАРИНА,

педагогика ғылымдарының кандидаты, үш тілде оқытатын дарынды балаларға  арналған мамандандырылған №30 мектеп-гимназиясының директоры:

– Біздің гимназия 2007 жылы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназия мәртебесіне сай білім бере бастады. Мектебіміз 2012 жылдан бастап ағылшын тілін ерте жастан меңгерту бойынша тірек мектебі болып белгіленді. Осы мақсатта 1-4 сыныптарда ағылшын тілін оқыту вариативтік сағаттар арқылы жүзеге асырылды. 2015-2016 оқу жылынан бастап «Дарын» желісіндегі мектеп ретінде физика, география пәндері ағылшын тілінде оқытылатын негізгі пәндер болып бекітілсе, 2016-2017 оқу жылынан бастап информатика және биология пәндерінің терминологиясы ағылшын тілінде жүргізілуде.

Үш тілде оқытатын 7-11 сыныптарда жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндерді тереңдету мақсатында «Жеке тұлғаны қалыптастыру» компонентінен бөлінген арнайы сағаттар бейіндік пәндер бойынша «Программалау», «Робототехника негіздері», «Математикадан күрделі есептерді шығару», «Биология негіздері» және «Физика есептері» тақырыбындағы практикум сабақтарға беріліп отыр.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз