Жарнама
Білім

Ұстаз – мектептің жүрегі

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Майра Амантаеваның қатысуымен брифинг өтті. Шара барысында Елбасы Жолдауын жүзеге асырудағы кәсіподақ ұйымдарының міндеттері мен іс-қимылдары, қазіргі қоғамдағы кәсіподақ ұйымының рөлі мен орны, мұғалім мәртебесі талқыланды.

Білім

Брифингте Майра Тұрғанқызы бүгінгі таңдағы мұғалім мәртебесін арттыру жөніндегі сауалдарға айрықша тоқталды:

– Қазіргі таңда білім және ғылым министрлігінде мұғалім мәртебесі туралы заң қаралып жатыр. Сол заңның ел көңілінен шығатындай болуы үшін әр өңірдің мықты деген кәсіподақ көшбасшыларын жинап, талқылау үшін конференция ұйымдастырмақпыз.

Мұғалім мәртебесін көтеретін заң не үшін керек? Әрине, елдің болашағы үшін, келешек жас ұрпақ үшін. Болашақта жасалып жатқан заңды жүзеге асыру үшін мықты маман керек. Бұл да ойланатын мәселенің бірі. Еліміздегі педагог кадрлардың жағдайы қандай? Мұғалім мәртебесі – ел мәртебесі. Олай болса, біздің мамандарымыз мықты болуы қажет. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда мұғалім мамандығына ҰБТ-дан төмен ұпай жинаған, өзі тапсырған мамандығына өтпей қалған жастар келеді. Ал, ұстаз – мектептің жүрегі. Жүректің соғысы мықты болса, бүкіл ағзаға қан тарап, жақсы жұмыс жасайтыны сияқты, оқытушы өз ісін жан-тәнімен сүйетін, баланы сүйетін, мектепті сүйетін болса ғана мектептегі білім беру ісі алға басады. Сондықтан, мұғалімдік мамандыққа мықты балалардың келуіне жол ашып, жағдай жасаған дұрыс.

Барлық қызметте де бәсеке еңбек өнімділігіне жол ашатыны тәрізді, бұл мектепте де мұғалімдер арасында да талпыныс болуы тиіс. Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті ұрпақ даярлау тек мықты мұғалімнің қолынан келетіні анық. Ол үшін халық арасында мұғалім беделін де көтергеніміз жөн. Біріншіден, мұғалім еңбегіне лайықты еңбекақы алуы керек, сонда ғана білімді жастар бұл салаға мойын бұрады. Екіншіден, мұғалімдерге әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылғаны абзал. Мәселен, жарық, су, газ сияқты коммуналдық төлемдер тегін болса, үймен қамтамасыз етілсе, мемлекет тарапынан басқа да қамқорлықтар жасалса дейміз. Үшіншіден, мұғалімдік қызметке ерлерді тартуға аса мән беруге тиістіміз. Қазір мектеп ұжымының дені – қыз-келіншектер. Ер-азаматтың айбыны, талап қоюы, сабақ беруінің өзі де үлгі емес пе?

Сонымен қатар, аталған Заңда мұғалім құқығы, ата-ана құқығы, оқушы құқығы арнайы пункттер арқылы белгіленбек. Әлеуметтік желіден қарап отырсаңыздар, кейбір ата-аналар балалары түсіріп әкелген телефондағы мұғалім беделін төмендететін бейнежазбаларды желіге салып жібереді. Осының өзі – сауатсыздық. Ата-ана мұғалім беделін көтеруге мүдделі екенін ұмытпауы тиіс, сондықтан, ата-аналарға арнайы заң шығарып, талап қойылуы керек. Дамыған елдерде осындай жүйе жұмыс жасайды, — деген «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Майра Амантаева білім саласына қатысты өзге де сауалдарға жауап берді.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button