Жарнама
Білім

ҰСТАЗ. ҒАЛЫМ. АЗАМАТ

Ол ғылымның биік шыңына тынымсыз еңбегінің, шығармашылығының арқасында жетті. Қырық төрт жасында ғылым докторы атанды.

Киікбай Мыңбайұлы 1965 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының «Сағыз» кеңшарында дүниеге келді. Ауылдың орта мектебін үздік тәмамдаған соң, жалынды жас сол кездегі еңбекке жұмылған патриоттардың үндеуіне қосылып, ауданда құрылған «Жас дәурен» атты комсомол-жастар бригадасында шопан болып еңбекке араласты. Бір жыл бойына қайнаған еңбек ортасында болған жас жігіт Гурьев мемлекеттік педагогика институтының тарих-филология факультетіне оқуға түсті. 1984-1986 жылдары Отан алдындағы әскери борышын  өтеді.

Киікбайдың студенттік жылдары жалындаған жігер-қайратқа толы жылдар-ды. Қоғамдық жұмысқа белсене араласқан ол студенттер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осындай белсенділігі мен үздік үлгерімінің арқасында институт партия комитеті оны студент кезінде-ақ партия қатарына қабылдады.

Оның институттағы атқарған қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі,  ізденімпаздығы, ғылымға ұмтылысы, сүйікті ұстаздары, ғылым докторлары, профессорлар Ж.Ақылбаев, З.Алдамжаров, А.Иманғалиев, К.Сейталиев, Ү.Қыдыралин, тарих ғылымдарының кандидаттары, профессорлар Ж.Бақи, Ғ.Нығметов, И.Камешев, Қ.Қайырбекова, Г.Қаленовалардың ұлағаты мен тәрбиесі, сондай-ақ институт қабырғасында тәлім-тәрбие, кеңес берген ұстаздары, профессорлар Қадыр Жүсіп, Рахымжан Шәкібалиев, жақсы көретін апасы Ажар Ғайсина, сияқты ағайлары мен апайлары ақыл-кеңестерін берген болатын. Олар шәкіртінің бойындағы дарынды танып  бағалады, үлкен үміт артты.

Профессор-оқытушылар мен студенттер алдында зор беделге ие болған Киікбай Мыңбайұлын институт педагогика ұжымы және партия комитеті Гурьев қалалық кеңесінің депутаттығына ұсынып, сол кездегі қалалық партия комитетінің идеология хатшысымен баламалы түрде сайлауға қатысты. Додада студент жастардың ортасынан шыққан, тұңғыш студент жеңіске жетіп, қалалық кеңес депуттатығына сайланды. Оған қала жастары мен жасөспірімдерге  білім мен тәрбие беру мәселесіне ықпал  жасау жүктелді. Бұдан кейін де бірнеше дүркін депутаттыққа сайланып, барлығында да жастар ісі, ұлт, мәдениет, халыққа білім беру және тарихи мұра жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болды.

1990 жылы Атырау педагогика институтын өте жақсы тәмамдаған жас педагогті институт ректораты тарих-филология факультетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасына жұмысқа қалдырды. Институтта оқытушы, аға оқытушы, деканның орынбасары, кафедра меңгерушісі, декан, проректор, ректор лауазымдарын атқарып, жұмыстың барлық сатыларынан өтті. Іскер де қарапайым, ізденгіш жан абырой биігінен табылды.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде жұмыс жасай жүріп, 1994 жылы ҚР Ғылым академиясының «Тарих, этнология және археология» институтының ізденушісі болып бекітіліп, институт директоры, академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор-академик Манаш Қозыбаевтың   ғылыми жетекшілігімен «Батыс Қазақстандағы шаруа қожалықтарын ұжымдастыру және 1932-33 жылдардағы ашаршылық» атты тақырыптағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Осы кезеңде еліміздегі тарих және заң ғылымының дамуына мол үлес қосқан ғалымдар Ұлттық Ғылым Академиясының академиктері С.Зиманов, М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев сынды ағаларынан үйренгені мен көргені жетерлік. 1998 жылы Жоғарғы аттестациялық комиссиясының шешімімен доцент ғылыми атағы берілді.

Ал, 1999 жылы Халықаралық құқық және нарық академиясы Атырау филиалының директоры болып жұмыс жасады. Сондай-ақ, еңбектен қол үзбей жүріп, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдады. Ол – 2000-2003 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті заң факультетінің тұңғыш деканы болып, оқу тәрбие жұмыстарын, өте жоғары деңгейде ұйымдастырған азамат.

Сәл кейінірек, Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетінің оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, 2005 жылдың тамыз айынан Атырау мұнай және газ институтына өндірістік жұмыстары жөніндегі проректоры болып тағайындалды.

Өзінің сұранысы бойынша Киікбай Мыңбайұлы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университеті саясаттану ғылымы саласында докторлық диссертация қорғап, Батыс Қазақстан өлкесі бойыша саясаттану ғылымындағы тұңғыш ғылым докторы атанды.

К.Жаулин 23 жылдық ұстаздық қызметінде жоғары бағаланып жоғары білім және ғылым саласында еңбегі мен жетістіктері үшін «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне, аймақтағы ғылымның, мұнай-газ саласының дамуына, білімді де білікті мамандардың дайындалуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған, Қазақстан мұнайының 100 жылдық мерекелік медальдарымен, жоғары білім берудегі жетістіктері үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Егемен еліміздің өміріндегі демократиялық жаңарулардың ойдағыдай іске асырылуына қосқан өзіндік үлесі үшін «Нұр Отан» партиясының Құрмет грамотасымен марапатталып, еліміздің саяси өміріндегі реформалардың жүзеге асырылуына, облыстағы қоғамдық-саяси маңызы бар шараларға белсене атсалысқаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатына ие болды.

Осындай білім мен ғылым саласындағы, қоғамдық өмірдегі жетістіктері, жоғары ұйымдастырушылық қабілеті облыс басшылығы тарапынан ескеріліп, Атырау облысы ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, Атырау қаласы әкімінің орынбасары, Атырау облыстық  білім беру басқармасының бастығы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры лауазымдарына тағайындалып, үлкен қызметтерді атқарды. Бұл кезеңде тұрақтылықтың, ұлтаралық және конфессияаралық келісімдердің сақталуына және конституциялық реформалардың өз деңгейінде жүргізілуіне, білім беру саласының өркендеуіне  белсене атсалысты. Киікбай Жаулин – қай салада да, қай ұжымда да жаңа талапқа сай қоғамдық және мемлекеттік жұмыс жасай алатындығын, іскер басшы, шебер ұйымдастырушы екенін көрсеткен, жақсылық пен қиыншылықты қатар көре жүріп, өзінің ақ адал еңбегімен биікке жеткен азамат.

Киікбай Мыңбайұлы – ұлтжанды, отаншыл азамат. Атырау қаласының атын алуда, Гурьев атауын жоюда қаланың студент жастарын ұйымдастырып, белсенділік танытты. Атырау қалалық мәслихат сессияларында қазақ тілінде сөйлеп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге атсалысқаны да үлгі аларлық игі қадамдар екені сөзсіз.

Ол – отбасында бақытты  жан. Жары Анармен төрт ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Алтынбек Қ.Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университетінің студенті болса, Жомартбегі колледжде, қыздары Іңкәрім мен Аягөз мектепте оқиды. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» дегендей, тоқсанның төріне бет алған Гүлжәмила анамыз балаларының шапағатына бөленуде.

Қазіргі таңда саясаттану ғылымының докторы, профессор   Киікбай Мыңбайұлы Жаулин Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ғылыми-зерттеу және  халықаралық байланыстар жөніндегі проректор қызметін атқаруда. Ердің жасы – елуге жеткен, ғылыми жетістіктерге бай ғалым абзал азаматқа алда да тың табыстар тілеп, егемен еліміздің болашағы — жастарды тәрбиелеу жолындағы жұмыстары жемісті болғай дейміз. 

Ерсайын ИХСАНОВ, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 

 

Ол – ұлтжанды отаншыл азамат. Атырау қаласының атын алуда, Гурьев атауын жоюда қала студент жастарын ұйымдастырып, белсенділік танытты. Қалалық мәслихат сессияларында қазақ тілінде сөйлеп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге атсалысқаны да үлгі аларлық игі қадамдар екені сөзсіз.

Киікбай Мыңбайұлы Абай атындағы Қазақ Ұлттық  педагогика университетінде саясаттану ғылымы саласында докторлық диссертация қорғап, Батыс Қазақстан өлкесі бойынша саясаттану ғылымындағы тұңғыш ғылым докторы атанды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button