
«Шпаргалка, смартфон». ҰБТ-ның алғашқы аптасында 55 талапкер тәртіп бұзды
Қазақстанда ҰБТ-ты тапсыру басталып, алғашқы аптада 55 тәртіп бұзушылық тіркелді, — деп хабарлайды Zakon.kz.
Республика Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 16 мамырда басталған негізгі ҰБТ-дан бері 52 мыңнан астам тестілеу өткізілді. Талапкерлердің 66%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 33%-ы орыс тілінде және 65-і ағылшын тілінде тапсырды.
Бірінші аптаның қорытындысы бойынша, талапкерлердің 62%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 61-ді құрады. Ең жоғары нәтиже – 140 балл. Мұндай үздік нәтижені Түркістан облысынан Әбілхан Жәнібек көрсетті.
«ҰБТ-ны өткізудің бірінші аптасында 55 ереже бұзушылық анықталды. 26 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 29 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ», делінген министрлік хабарламасында.
Естеріңізге сала кетсек, тестілеуге қатысуға 216 мың талапкерден 399 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Қазіргі таңда тестке қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда, 20%-ы «Математика-Физика», 17%-ы «Шығармашылық емтихан» пәндер комбинациясын тапсырды. 11%-ы «Биология-Химия» комбинациясын таңдаған.