ШЕБЕРЛІКТІ ШЫҢДАЙ ТҮС!..
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып істеп келе жатқаныма жиырма жылдан асып барады. Қазіргі білім беру мен тәрбиелеудің мазмұны да, сипаты да күрделене түсті. Жаңа XXI ғасырға сай өзгеше қабілет-қасиетке ие ұрпақ қалыптасып келеді. Осыған орай ұстаздықтың мәні жаңа сипаттарға ие болуда. Демек, ұстаздың білім мен өнердің жеке қиын саласына үйретуге өте мұқият бағыт ұстауы қажет. Осындай күрделі де қиын жауапкершілікті арқалаған мұғалімдер, біздер, өз пәніне қатысты үнемі білімін жетілдірумен, сабақ өткізу шеберлігін шыңдаумен бірге педагогикалық-психологиялық өрісін кеңейтіп отыруға міндетті деп білемін.
Өзімнің тәжірибеме сүйене отырып, жаңашыл ұстаз болмысын сомдар болсам, біріншіден, мұғалім – үздіксіз ізденуші. Кез келген тосын сұраққа жауап беріп, кез келген жағдаяттан шыға алатын білімдар жан. Ізденіс мен үшін әрқашан теориялық білімді кеңейтіп, методикалық әдіснамамды арттырудың тиімді жолы болмақ. Сол арқылы келешек ұрпақтың сапалы білім алуы қажеттілігін жадынан шығармай, кәсіби мәдениеті жоғары, білікті маман атану. Соның бір дәлелі – мен биылғы жылы өз білімімді көтеріп, І (ілгері) деңгейлі курстан өтіп, Кембридж бағдарламасын меңгеріп, жеті модуль бойынша сабақ өткізу әдіс-тәсілін үйреніп келдім. Кембридж бағдарламасын игеруге үш ай бойы бізбен тынымсыз еңбек еткен тренеріміз Наурызбек Есбосынов пен Педагогикалық шеберлік орталығына айтар алғысымыз шексіз. Кембридж тәсіліне негізделген бағдарламадан көптеген деректер алдым. Бағдарламаның негізгі түйіні – білім беру мен оқытудағы мұғалімнің жеті модульге негізделген әдіс-тәсілдерді меңгеруі. Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер: сыни тұрғыдан ойлауға үйрету, білім беру үшін бағалау және оқуды бағалау, білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, талантты және дарынды балаларды оқыту, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру мен оқыту, білім берудегі басқару және көшбасшылық.
Осы курста біз аталған жеті модульдің сабақта пайдалану идеялары мен байланысын қарастырдық. Сонымен бірге «SMART», «Lesson Study» тәсілдері, тәлімгерлікті жоспарлау, коучинг өткізу, іс-әрекеттегі зерттеудің айналымы, мектепті дамытуды жоспарлаудағы басымдықтарды анықтау қажеттігі, басқару мен мұғалім көшбасшылығы, мектепте оқытуды басқару мен кәсіби қоғамдастық туралы айтылды. Қысқасы, оқытудағы Кембридж университетінің теориялық негіздерінен мағлұмат ала отырып, І, ІІ, ІІІ деңгей бағдарламасының түйінді идеяларын ұғындық. Сонымен қатар, қазіргі таңда білім беру саласындағы әлемдік білім кеңістігіне ұмтылуға байланысты мұғалім дайын білімді беруші емес, бағыттаушы екенін түсіндім.
«Оқушының жетістігі – мұғалімнің жетістігі, ал мұғалімнің жетістігі – жаңа әдіс- тәсілдерді тиімді қолдануында» дегендей, осы үйренген жаңа тәсілдерді еңбек жолымда пайдалану дұрыс болмақ.
Ардақ ҚАЙЫРЛИЕВА,
Махамбет атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Индер ауданы.