Жарнама
"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!БілімШаһар шырайыҚоғам

Шәкірттеріне шарапаты мол еді…

1979 жылы күзде «Қазақстан тарихы» пәнінен дәріс оқуға бізге Хисмет Табылдиев келді. Бұл кісіні бұрын-соңды пединституттың дәлізінен көріп жүретінмін. Осында жұмыс істейтін ағалардың бірі ғой деп ойладым. Енді міне, сол кісі бізге Қазақстан тарихынан сабақ беретін болды. Ол кезде Гурьев пединституты деп аталған оқу орны облысымыздың игі жақсыларын жинаған жалғыз білім ордасы еді. болып табылды. Әсіресе, түлектері милициядан бастап обком хатшылығына дейін қызметке алынатын тарих-филология факультетінің абыройы асқақтап тұрған кез.

651986e4-0293-4703-b50b-62927e795330 (1)

Сонымен, жаңа семестрде қосылған «Қазақстан тарихы» дәрісін бастап кеттік. Байқаймын, лектордың кеудесінде значок бар. «Бұл не значок?»-деп сұраймын бірге отыратын Мүтиғолла Насихановтан (қазір Исатай аудандық Мәдениет бөлімінің басшысы) сыбырлап. «КСРО Жуналистер одағының мүшесі»-дейді ол. Мен аң-таңмын. Өзі тарих ғылымдарының кандидаты екен, доцент, оның үстіне журналист болғаны ма? Мен мұндай значокты бұрын-соңды «Коммунистік еңбектің» тілшілерінен көретінмін. Бірақ олар тілшілер ғой. Тарихшы-ғалымның бұл значогы мені едәуір ойға шомдырды. Кейін аспирантурада оқып жүрген кезде республикалық басылымдардың бірінен «КазПИ-дің тарих-филология факультетінің 4-курс студенті Х. Табылдиев» деп қол қойылған бір мақалаға көзім түсті. Сол уақытта бұл кісінің студент кезде-ақ орталық газеттерге мақала жазып жүргенін білдім. Атырау ғалымдарының ішінде ғылымды журналистикамен ұштастырған алғашқы ғалым осы Хисмет Табылдиев болды деп ойлаймын.

Есімде қалғаны, бірде Хисекең бізге «Коммунистік еңбек» газетінің жетпіс бірінші жылғы екі санын қарауды тапсырды. Ертесіне Мүтиғолла екеуміз Островский атындағы кітапханаға бардық. Ашып қалсақ, ұстазымыздың мақаласы газеттің екі санына қатар басылыпты. Атырауда Кеңес үкіметінің орнауы жөнінде жазылған. Хисекең Атыраудың тарихын жеке тақырып ретінде зерттеген алғашқы тарихшы болғанын кейін білдім. Ол кезде Дариенконың Жайық казактарының тарихына жазылған кітабынан басқа жөнді зерттеу жұмысы жазылмапты. Мына мақала Хисекеңнің өз ізденісі нәтижесінде басылған зерттеу жұмысы екен. Мақаланы дәптерімізге түгел көшіріп алдық. Бұл конспектіміз кейін бізге талай пайдасын тигізді.

Хисекеңнің дәрісі қызықты өтетін. Сол жылдары Иранда ислам революциясы болып жатқан. АҚШ-тың әскери теңіз флотының кемелері Парсы шығанағына жақындап келді. Соғыс оты өршіп кету қаупі бар. Енді не болар екен деген үрей бар. Газет беттерінен де жарытып ештеңе таба алмайсың. Ал Хисекең қайдан оқып алатыны белгісіз, сабақ кезінде міндетті түрде халықаралық ахуалға тоқталып өтеді. Сол кісіден естігеніміз ғана «азық» болушы еді бізге. Аятолла Хомейни деген есімді және сол кезде оның жасы 77-де екенін мен осы Хисекеңнен естідім. Немесе, Сахаровтың үш дүркін «Социалистік еңбек ері» деген атағының алынып тасталғанын, ал «академик» деген атақты тағайындаған ғылыми кеңестің арнайы шешімі болмаса ешкім ала алмайтынын да ұстазымыз айтты.

Бірде Мәскеуге барып архивте жұмыс жасағанын айтты.  Алдында тұрған бір ғалым көп құжатқа тапсырыс берген екен. «Мен де әліме қарамай көп құжат сұрадым»-деді. «Ол кісі архивте қалай жұмыс жасайтынын білетін адам болып шықты. Сағат беске таман құжаттарымызды кері тапсырдық. Әлгі ғалым барлық құжаттарын қарап болып, біржолата тапсырып жатыр. Ал мен болсам, қарап үлгерген екі-үш құжатымды ғана тапсырдым. Қалғандарын «отложкаға» қойдырып, ертесіне қайтадан алдым»,-деді. «Архивте жұмыс жасай білу де – өнер» дейтін. Осы сөзінің мәнін мен кейін архивте өзім жұмыс жасап жүрген кезде ғана ұқтым.

1992 жылы күзде әлемге әйгілі таеквондошы Мұстафа Өзтүрікті Атырауға алып келгенмін. Қонақты құрметтеп, қошеметтеп жатқан азаматтар қатары көп болды. Ертесіне пединститутта студенттермен кездесу өтті. Институттың ректоры болған Хисмет Табылдиев қонаққа ерекше ілтипат көрсеткенінің куәсі болғам. Мен сол кездесуде Хисекең мен әйгілі спортшының жанында қатар отырдым. Сол кездесуде осындай алыптармен иық тірестіріп отырғаныма мерейім тасып, көңілім алабұртқан. Әттең, өткен күннен белгі болар бір суреттің қалмағаны өкінішті.

Хисекең мәрт мінезді адам болатын. 1999 жылы күзде «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының» онжылдығына орай Алматыда шеру өтті. Сол шеруге Атыраудан Хисекең бастаған делегация келді. Жиынның ішінен кластасым Исатай Балмағамбетовты кездестіріп қалдым. Біраз әңгімелесіп болған соң кешке  «Жетісу» қонақ үйінде кездесетін болдық. Исатайдың бөлмесіне барсам, төрде Хисекең отыр. Қал-қуат сұрасып болған соң менен диссертациям жөнінде сұрады. Бөлімге талқыға беріп қойғанымды, бұйыртса, келесі жылы қорғайтынымды айттым. Ағай қуана құптады. Қандай көмек керек екенін сұрады. Нендей шаруа айтсам да, ұстазымның тартынып қалмайтынын жақсы білем. Дегенмен, салмақ салып, әуре қылуды жөн көрмедім. Шәкірттеріне шарапаты мол еді-ау…

Тағы бір сәт ерекше есімде қалыпты. Бірде бір әріптесім телефон соғып, өзі жазған бір мақалаға қол қоюын сұрады. Мен келісімімді бердім. Әлігі мақала облыстық газетке жарияланып кетті. Кейін бір кездескенде Хисекең сол мақалада менің атымды көрсетпепсің деп маған өкпелесін кеп. Мен қапелімде не дерге білмей, қысылып қалдым. Аузыма оңды сөз түспей, «жазғанмын, бірақ редакция алып тастаған ғой»,- дедім асып-сасып. Жалған сөйлеп тұрғанымды сезді ме, білмеймін, әйтеуір көзін сығырайтып бетіме біраз қарады. Басқа ештеңе айтпаса да, сол көзқарасы көпке дейін есімнен кетпей жүрді. Бір орайы келгенде дұрыстап жазармын деп ойлаушы ем. Енді міне, Хисекең туралы естелік жазып отырғаным…

Хисмет Табылдиевтің кейінгі ізденістеріне көз жүгірткенмін. Сөйтсем, көптеген тақырыптарға қалам тартқан екен. Өлкетануға арналған бірқатар кітаптары бар. Ішінен Атыраудың ақтаңдақтары мен Құрманғазы Сағырбаевтың өмірі, Сарайшық туралы және Халел Досмұхамедовтің өмір жолы жазылған еңбектерді кездестірдім. Парақтап қарасам, терең жазылған зерттеу жұмыстары екен. Бұл тақырыптар әлі де зерттеуді қажет етеді. Хисекеңнен дәріс алған шәкірттердің бірі ретінде болашақта оның ізін жалғап, жазғандарын қайта бастырып, оқырмандарға жаңаша ұсынуды міндет санаймын. Көз алдымда жатталып қалған ұстазымның ойлы жүзі осыны жүктейтін сияқты маған…

Қабибек Мұхитов,

Тарих ғылымдарының кандидаты

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button