Жарнама
Білім

Сарапшылар пікірі: Оқушының тілін қалай табамыз?

Бүгінгі таңда «Үшінші сынып оқитын баламның математикадан берген тапсырмасын түсіну қиын», «Қызымның қазақ тіліндегі мына жаттығуын орындау мүмкін болмай тұр. Көмектесіп жіберіңізші» дегенді жиі еститін болдық. Мұның себебі неде? Шынтуайтында, оқушыларға мектеп бағдарламасы ауыр ма, әлде сабақтан гөрі, өзге дүниелерге қызығушылығы басым болып бара ма?

Мектептен қалмай, сабағына белсене қатысып жүрген бала әрең меңгеріп жатқанда, сылтауы көп, оқуға салғырт қарайтындар жаңа бағдарламаны қалай игермек? Сабағын да тыңғылықты орындап, жаңашылдыққа жедел ілесіп, қосымша курстарын қатар алып жүретін озат оқушыларға қарап еріксіз сүйсінесің. Түрлі байқаулардың жүлдегері атанып, облысымыздың мәртебесін асқақтатып жүрген дарынды оқушыларды қатарластарына үлгі болсын деп, төбемізге көтеруден жалыққан да емеспіз. 

Алайда, екі әріптің басын зорға қосатын, мектепті «сырттай» оқитын оқушылар әр білім ордасында кездесіп жатады. Назар салсақ, екеуі бір сыныпта, бір кітапты оқиды. Екеуіне де сабақ беретін бір мұғалім. Әйтсе де, мемлекеттің өзі әрбір балаға міндеттеп берген мектепке баруға құлықсыздар қайдан пайда болды? Қоғамдық маңызы бар осы мәселені бірге зерделеп көрейікші.

Пәндер саны мен сағаты неге көп?

Әр оқу жылында мектептегі пәндердің бірнеше рет өзгеріске ұшырауы үйреншікті жағдайға айналды. Әсіресе бастауыш сынып бағдарламасына жылда жаңа пәндер қосылып отырады. Соңғы 5 жылда елімізде «Цифрлық сауаттылық», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Шахмат негіздері», «Жаһандық құзыреттілік» секілді бірқатар пән оқытылып, «Еңбекке баулу» пәні бірде алынып, бірде қайта енгізілді. Ал биылғы оқу жылы буллингке қарсы іс-шаралардың бірі ретінде «Қауіпсіздік сабағымен» толықты. Сенат депутаты Алтынбек Нухұлы таяуда мектепте сабақ санын азайту мәселесін қозғаған болатын. 

– Бүгінде сапалы білім беру жағынан озық елдерге жататын Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия мен Канадада мектеп оқушылары 7-8-сыныпта нақты ғылым салаларына қатысты 4-6 пән оқиды. Ал Қазақстанда 15 пән беріледі. 9-сыныпта тіпті 16 пән оқытылады. Қазақстанда міндетті оқу пәндердің саны 2,5 есе көп, мұндай шамадан тыс пәндердің жалпы саны әлемде бірде-бір дамыған елде жоқ. Бізде химия, биология мен география жеке-жеке пән ретінде 578 сағат көлемінде оқытылса, Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия мен Канада сияқты мемлекеттерде осы пәндер топтастырылып, бір ғана ғылым пәні деп, 324 сағат беріледі, яғни, көлемі де есеге жуық аз оқытылады. Соған қарамастан, соңғы 15 жылдағы PISA қорытындылары бойынша бұл елдерде оқушылардың жаратылыстану сауаттылығы жоғары болып отыр,-деген Алтынбек Нухұлы елімізде мектеп оқушыларына тақырып бойынша шамадан тыс көлемді ақпарат берілетініне және оқулықтардың тілі ауыр әрі ғылыми сипатта ұсынылатынына тоқталған. 

Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, оқушыларға заман талабына сай білім мазмұнын жасауды ұсынған еді. Бұл мәселе педагогтердің тамыз саммитінде де көтерілді.

– Соңғы жылдары біз пәндер санын көбейтіп жібердік. Жаңа пәндер қаржылық сауаттылық, бизнес жүргізу, дінтану, тағы басқа бағыттарды қамтып отыр. Ал әлемдік деңгейде керісінше, пәндерді біріктіріп оқыту, оқушылардың мүмкіндіктерін дамытатын негізгі пәндерді оқыту бірінші кезекте қарастырылмапты. Мектептің оқу бағдарламасындағы кейбір пәндер келешекте болмайды,-деді осы мәселеге байланысты пікір білдірген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова. 

Осылайша, алдағы екі жылда оқытылатын пәндердің тізімі сарапшылардың қатысуымен анықталатын болды. 

Ата-аналардың айтары бар

Кезінде ата-аналар балаларына түрлі ақыл-кеңесін айтып отыратын болса, қазір олардың ұрпағына қарайтын уақыты жоқ. Оған себеп – барған сайын дамып жатқан заманның өктемдігі. Сондықтан мектеп қабырғасында қаржы мәселесіне байланысты сабақтарды оқытуды ертерек бастау керек. 

– Мектеп қабырғасынан саясаттағы терминдерді дұрыс түсіндіріп, «партия», «оппозиция», «демократия» сынды биліктегі түрлі атаулар мен жүйелердің мәнін ашып, анық-қанығын көрсету керек, әрі соған арнайы оқу құралын жасаған жөн. Ескеретін жайт, мектепте «Құқық» пәні оқытылады, бірақ ол жоғары сыныпқа өткен кезде ғана басталады. Тегінде заңды күн сайын оқыту, оқушылардың өз құқықтарын білуін қадағалау керек. Заңды жақсы білу қоғамда жақсы адам болып қалыптасуына көмектеседі,-дейді көп балалы ана Нұрсұлу Арыстанғалиева.

Жастар арасындағы суицид мәселесі қазір де өзекті. Құрманғазы аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Болат Бидуллаев таза әрі шынайы өмір сүру үшін өмір философиясын арнайы сабақ етіп өткізгені дұрыс дейді.

– Оқушыларға қоғамдық, әлеуметтік басты мәселелерді айта отырып, олардан тыйылу керектігін атап көрсету маңызды. Себебі бала енді жетіліп келе жатқан кезінде тәрбие берілмесе, буыны қатқан кезде оған сөз түгілі, таяқ та өтпейтін болады,-деп жастардың келешегіне алаңдаушылық білдірді.

Ауыр сөмке – бүкір арқа

Мектепте оқытылатын пәндерге байланысты оқулықтардың да саны едәуір көп. Бастауыш сынып оқушыларының сөмкесін көтере алмай, теңселіп құлап жатқандығы туралы видеолар әлеуметтік желіде жиі таралуда. Расында, сөмкенің ауырлығынан кейбір ата-ана баласының рюкзагын өздері арқалап бара жатқанын жиі кездестіреміз. Ересектердің өзі екі қолға кезек-кезек ауыстырып ұстайды. Өйткені, ол ауыр.

Остеопат Гүлнар Ағатаева «бұл мәселеге бей-жай қарамау керек» дейді. Себебі, шамадан тыс ауыр сөмке омыртқаның қисаюына әкелуі мүмкін. Медицина тілінде бұл дерт «сколиоз» деп аталады. 

– Ұлт болашағы дені сау, білімді ұрпақ екені қашан да есімізден шықпауы тиіс. Осы орайда білім саласы мамандарының айтуынша, бала саулығы үшін мектеп сөмкелерінің стандарттық салмағы, өзіндік бекітілген нормалары бар. Олар сөмкелердің иыққа ілер тұстағы жолағының жалпақ болуы керектігін айтады. Сапалы сөмкені жас және жыныс ерекшелігіне сай таңдау керек. Онда әдемі суреттердің болуы өте маңызды. Оқушы сөмкені өз қалауымен таңдағаны жөн,-дейді ол. 

Қазіргі мектеп оқушылары «қоржындарының» ауырлығы мен шамадан тыс заттарды тасуы денсаулыққа кері әсерін тигізбей қоймайды. Баланың қан қысымының қалыптан шығуына, қатая қоймаған кеуде сүйектерінің қисаюына әкелетін көрінеді. Ол аз десе, мұның салдары мидың қалыпты жұмысына кері әсерін тигізетіні белгілі болды. 

Ауыр салмақ оқушының омыртқа жотасы мен арқа бұлшық еттеріне залалын келтіретіні анық. Жас ұлғайған сайын оның зардабы ұлғая түседі. Біздің елімізде мектеп сөмкесінің қандай болуы керектігін қадағалайтын мемлекеттік стандарттар жоқ. Ең маңыздысы – бала денсаулығы. Сондықтан ауыр сөмке арқалатып, сап-сау баланың сан кеселге ұшырағанын кеш байқап, сан соғып жүрмейік. 

Ардагер ұстаздар да алаңдайды

«Қазір кейбір балалардың  сабақ оқуға, тіпті мектепке баруға құлқы жоқ. Мұның себебі неде?» деген сауалымызға ардагер ұстаздар да өз пікірін білдірген еді.

– Бұл өте  күрделі  ішкі жанжал,  оның себебін баладан емес, оның ата-анасынан, мұғалімнен, айналасындағы достарынан іздеген жөн. Көбіне үлкендер  жағы  баланы  барынша  көп уақыт  шұқшиып  оқуға міндеттейді, «жоғары білімді адам ғана  өмірде  табысты  болады»  дегенді  миына  мықтап  құйғысы келеді. Бірақ, қарапайым мамандық алудың,  қолдап  жұмыс істеудің қажеттілігін  ескере  бермейді. Табысты  болу  үшін сабақты  тәуір  оқу  міндет емес. Тарихты  алып қарасақ, өте  талантты адамдардың өзі  мектепте  айтарлықтай  жақсы  оқымаған. Мәселен, Нобель сыйлығының иегері А.Энштейн, жазушы  Н.Гоголь, әнші А.Пугачева, тағы басқасы мектепте  ылғи үш деген бағаға оқыған  деседі.  Сондықтан  балаларды  оқуға  күштеп  міндеттегеннен  гөрі,  өз  еркімен   ынтасын  оятатын  іс-әрекеттерді  ойластыру  қажет,- деген пікірін айтты 40 жылға жуық білім саласында еңбек еткен Нұрлығайын Нұғыманов.

Білім саласының мән-жайын білетіндер «шәкіртті бір кітапты оқып шығуға міндеттеу мүмкін болар. Бірақ, оның  мән-мағынасын   білуге  міндеттеу  мүлде  мүмкін  емес» деген орынды ой айтады. Шыныменен, кейде  мұғалімдер  бір шығарманы сөзбе сөз толықтай  баяндап  беруді талап етеді. Одан гөрі шәкірттің өз сөзімен  түсінгенін  айтып  бергені  абзал емес пе? Осындай себептерден балалар көбіне білгенін айту-дан қаймығады. Сыныптастарының келемеж етуінен қорқады. Сондықтан қосымша сұрақтар бере отырып, үлгерімі  нашар  балалардың  басқаларға  ілесуіне  назар  аударған  жөн.

– Оқушылардың  сабаққа  қатысқысы  келмеуінің  тағы  бір  себебі – пәнге  қатысты құрал-жабдықтардың жетіспеуі  болып тұр. Мәселен,  химия, физика, биология,  астрономия сабақтарында  балалар тек оқулықтармен  жұмыс  істейді. Егер  оқушы  іс жүзінде өз қолымен ұстап, көзімен көріп дәлелдесе, қызықтау болар еді, әрі есінде қалар еді,-дейді ұстаз.

«Үйде ата-анам ұрысса, мұнда мұғалім «оқу керек» деп алдына салып қуалайды, сонда қайда барып күн көреміз?» деп ренжіген көрінеді бір оқушы. Иә, бүгінде неге оқушының ынтасы төмен? Бұл сұраққа өмірінің сан жылын ұстаздыққа арнаған Мәнсия Хажитова жауап берді: 

– Оқулықтардың кейбір сөздері түсініксіз, жасына сай келмейтін кейбір тақырыптар қамтылған. 

Баланың білімге құлшынысының оянуында ізденгіш, өз саласының маманы – ұстаздың да орны ерекше. Тәуелсіздік алғалы бері 2 жыл сайын ауысып келіп отырған лауазымдылар өздерімен бірге жаңа реформалар ала келді. Менің есімде қалғаны 2003 жылы білім саласына Ұлттық бірыңғай тестілеу енді. Бағалау баланың біліміне сай болуы керек. Көтермелеуді, босқа күпіну, жең ұшынан жалғасқанды қоятын кез келді. Білімнің барысы қалай, соны сауатты саралайтын, қайткенде адамдықтың ақ жолынан сүрінбей өтуді қадағалайтын басшылар қажет-ақ. 

Жылда жаңа бағдарлама, жаңалықтар көбейген сайын жеке оқушылармен жұмыс істеу қанағаттандырмайды. Ақылы оқу, ақылы даярлық курстары бар, бұларды барлық отбасылардың қаражаты көтере ала ма? 

Менің мектепке байланысты өмірде бір жай есімде сақталып қалды. Бірде 5-сыныпқа Ақтөбенің сонау алыс ауданынан бір оқушы ауысып келген еді (мен 11-сыныпқа дейін «Қазақ әдебиетінен» сабақ бергенмін). Кезекті жазба жұмысын тексере келе әлгі оқушының әріп танымайтынын білдім. Ата-анасын шақырғанмен нәтижесі болмағандықтан, сол баланы сабақтан соң алып қалып 42 әріпті қайта үйретуге тура келді. «Менің үйім, жеке жұмыстарым бар. Ал, сен үйге барып демалып, ойнауың керек. Екеуміз бір-бірімізге кедергі келтірмей, сен менің тапсырмаларымды орында» дедім оған. Сонымен 9-сыныпқа келгенде әлгі бала жақсы сауаттанып, маған көмегім үшін алғыс білдірген еді. 

Психологтар кеңес береді

Кейбір балалар мүлде мектепке барғысы келмейді. Өйткені, ол күні бойы мұғалімнің үйреткенін тыңдайды, ал үйде оны ата-ананың үйрететін сабақтары күтіп тұрады. Тіпті баланың қателік жасауға құқығы жоқ. Осыған қатысты психолог маман Мәрзия Ермұханова өзінің пікірін айтқан еді. 

– Алдыменен бала ата-ананың өзін тек баға үшін ғана жақсы көрмейтінін ұғынуы керек. Мейлі, ол барлық сабақтан екілік алған болса да, ата-ананың көзінде ол әрдайым жақсы бала болып қала беруі тиіс. Балаға деген мұндай қарым-қатынас оның шаршаған жүйкесін тыныштандырып, күйзеліс деңгейін төмендетуге көмектеседі. 

Сондықтан бала сабақтан қиналып отырса, «мен де түсінбеймін» деп басты алып қашпай, көмектесу керек. 

Сабақты бірге орындауға, тіпті жанұядағы барлық жан бірігіп шешіп беруге ұмтылу қажет. Баланың ұйқысының қанық болуына, жақсылап тынығып, ойын ойнап немесе сүйікті өзге ісімен бір мезгіл айналысуына да уақыт берген жөн. Таңнан кешке дейін кітапқа телміртіп немесе сабақтан кейін қосымшаға, одан үйірмеге деп жүктеп тастауға болмайды. Үй жұмысын орындаған кезде 25 минут сабаққа дайындалса, 10 минут демалып алғаны дұрыс. Сонда сабақ ол үшін қиын емес, қызықты ойын секілді өтеді,-дейді тәжірибелі маман.

*Сіз не дейсіз?

Гаухар Нұғыманова, тәжірибелі ұстаз: 

Екі түрлі пікір туындатқан мәселе

Мектепте оқытылатын пәндер тізімін реттеу мәселесі бұдан бұрын да көтерілген. Тіпті «Қазақ тілі және қазақ әдебиеті», «Орыс тілі және орыс әдебиеті» пәндері біріктіріліп, «Тіл және әдебиет» деп аталса, алгебра, геометрия және математиканы біріктіріп, «Математика және информатика пәні қылса» деген ұсыныстар да айтылған. Алайда, бұл жағдай қоғамда екіұдай пікір тудырып отыр. Қазіргі оқытылып жатқан әр пәннің өз орны бар.

Мәселен, төменгі сынып оқушыларына – базалық білім беретін, мемлекетшілдікке тәрбиелейтін идеологиялық маңызы басым пәндердің, жоғарғы сыныптарға кәсіптік бейінін арттыратын, заманауи құндылықтарды дәріптейтін пәндердің санын арттыру қажет. Қазіргі оқушыларға, психологиялық ерекшеліктеріне қарай, әдеп және этика, мәдениеттану, әлеуметтану, құндылықтар, медиаграфия, мобилография, дизайн қажет болар. Негізі айтып өткенімдей, сұранысқа қарай жаңалық болу қажет секілді. Бұл тыңғылықты зерттеуді, саралауды қажет етеді.

Гүлдана Абулхайрова, жас мұғалім:

Оқушы өзінің жобасын өзі қорғаса…

«Өлкетану» факультативінің тақырыптары әдебиет және Қазақстан тарихы, география пәндері мазмұнының қамтылуына байланысты тәрбие жұмысына жоба ретінде енгізілсе құба құп. Заман талабына сай «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Графика және жобалау» факультативтері қалдырылып, әр оқушы өзінің жобасын өзі жасап, қорғап жатса қандай жақсы?! Рухани құндылық аясында, халықтардың даму ерекшелігіне, дүние жүзінде сипат алған діндерге негіздеп «Әлемдік көркем мәдениет» факультативіне «Қоғам және дін» факультативін кіріктірсе дейміз. Бұл елімізде 130-дан астам этнос өкілдерінің болуы және ұсақ бағыттағы діндердің енуіне байланысты жастардың діни сауаттылығын арттыруға көмектесер еді.

Гүлнар Қоңқаева, 

информатика пәнінің мұғалімі:

Баланы не қызықтырады?

Міндетті пәндер қатарына «Сызу» пәнін қосуды ұсынар едім. Бұл оқушылардың мектеп қабырғасынан бастап политехникалық білім алуына және заманауи өндірістің инженерлік-техникалық білім элементтерімен танысуына, креативті ойлауын дамыта отырып графикалық сауаттылығын арттыруына үлкен үлес қосады.

Қазіргі таңда оқушыларды көбіне IT (бағдарлама құрастыру, робототехника және тағы басқа), биотехнология, инженерия, маркетинг бағыты қызықтырады. Осыған байланысты оқушылардың пәндерге деген қызығушылығын, таным белсенділігін арттыруға, оқу мазмұнын тереңдетуге, рухани үйлесімділігін дамытуға және болашақ мамандықтарына дайындауға бағытталған сабақтар болуы керек. Оның өту формасы жобалық түрде болып, нәтижеге бағытталуы тиіс.

Жеміс Жантемірова, ардагер ұстаз:  

Қынжылып тұрдым ішімнен...

Әрбір оқушыға тұлға деп қараған дұрыс. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқан сөз қандай салмақты еді! 

Біз білім алған кезде психолог, әлеуметтік педагог, медбике, директордың тәрбие жөніндегі орынбасары, мектеп инспекторы болған емес. Ал бүгінде соншама мемлекет қамқорлыққа алса да, тәрбие мен білімнің ақсап жататыны қалай? Жалпы, білім саласына жеделдетілген реформалар жүргізіп, ауыр тапсырмалар бергеннен бала білімді болып кетпейді. Тағы да ойда жүрген жай – орыс мектептерінің әлі күнге дейін азаймай отырғаны. Жақында қасында 6-7 жастағы қыз баласы бар әйелмен кездесіп қалдым. Сөз арасында: – Қызыңыз 1-сыныпқа қазақ мектебіне баратын болар? -деп едім, әйел шоқ басқандай шоршып кетті. «Жо-жоқ, орыс мектебіне беремін. Қазақ мектебінің сабағы өте ауыр,- деді ол. 

Осылайша, оның өзі де, баласы да орыс тілінде сайрап тұрды. Қай елде тұратынын, өзінің осы елдің топырағында дүниеге келгенін, баласының болашағын ойламайтын мұндай жандар аз емес-ау деп ішімнен қынжылып тұрдым сол кезде. 

Жанар Қабдірахимқызы, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:  

Балаға сенім арта біліңіз

Ең бірінші кезекте ата-анаға баланы не қызықтыратынын түсініп алу керек. Егер оны әскери тарих қызықтырса, осы тақырыптағы кітаптарды оқып, кино көргенді ұнатса, оның осы мамандыққа деген қызығушылығын арттырған жөн. Бұл мамандықты қай институтта алуға болады, келешегі қандай? Осы бағытта да баламен ашық түрде пікірлескен тиімді. Балада анық мақсат болса, қажет білімді ол сіздің бақылауыңызсыз-ақ өз бетімен алады. Дегенмен қай кезде де ата-ананың қолдауы ерекше маңызға ие. Балаға техникалық сабақтар қиын тиіп,  гуманитарлық білімге ықыласы ауса, немесе керісінше болса, онда баланы мамандандырылған сыныпқа немесе бағытталған мектепке беруді ойластыру қажет. Баланы оқытатын ұстаздармен жиі байланысқа шығу әбестік емес. Олар оның оқуға шамасы туралы, қандай қабілетін дамыту керектігі туралы кеңес береді. Әрбір ата-ана баланың өз мақсатын айқындап алуына көмектесіп, әрбір оң ісін шабыттандырып отырғаны дұрыс. Себебі өзінің түпкі мақсатын түсінбеген оқушы үшін сабақ мағынасыз, түсініксіз болып көрінуі мүмкін.

Ұлан Иманғали, жас өлкетанушы, педагог: 

Қай төбеде қандай тарих жатыр?

Кезінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған «Ұлттық кодты» ояту үшін мектептердің 5-7 сыныптарында «Өлкетану» пәні енгізілген еді. Бірақ, өкінішке қарай, ол үш жылда бар болғаны 20-ақ сағат оқытылады.

Келешекте сол пәнді 5-7 емес, 5-9 сыныптарда аптасына бір рет өткізуге қол жеткізу керек. Әйтпесе, Ежелгі Рим, Грек, Үнді, Қытай тарихынан хабардармыз. Ал, туған ауылымыздың қай төбесінде қандай тарих жатқанын білмейміз. Соның кесірінен қаншама құнды тарихи-археологиялық ескерткіштеріміз аяқасты болып жатыр. «Өлкетану» пәні осы олқылықты жояр еді.

Білімді ұрпақ – ұлтымыздың ертеңі, болашағы. Сол жастардың санасына сәуле төгіп, тәрбиенің негізгі дәнегін бойына дарытар мектептегі оқыту жүйесі әлі де жетілдіруді қажет ететіні белгілі болып тұр. Баланың талабын ұштап, оқуға ынтасын ашу – барша қоғамға ортақ маңызды іс. Себебі, көкірегі ояу, көзі ашық жастар ғана еліміздің жалауын көкте желбіретпек! 

Еркеназ ҚАЛИЖАН

сурет ratel.kz сайтынан алынды

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button