
Сапалы білімге берік негіз
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – елдің білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды жұмыс. Бұл жоба аясында Маңғыстау облысында 12 600 оқушыға арналған 13 жаңа мектептің құрылысы жоспарланып, қазіргі таңда оның төртеуі ел игілігіне берілгенін бұқаралық ақпарат құралдарынан хабардар болып жатырмыз. Бұл — өңір халқы үшін үлкен қуаныш әрі маңызды оқиға.
Халық саны қарқынды өсіп жатқан Мұнайлы ауданының Батыр ауылында 1 200 орындық жаңа мектептің салынып жатқаны – бұл бағыттағы жұмыстың нақты нәтижесі. Самал шағын ауданындағы мектеп құрылысының аяқталып, ішкі жабдықтау жұмыстары жүріп жатқаны – жаңа оқу жылына дайындықтың сапалы жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Бұл мектептің ашылуы сол аумақтағы білім беру жүктемесін азайтып, балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік береді.
Білім беру – кез келген мемлекеттің дамуы мен болашағының негізі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар, әсіресе өңірлерде жаңа білім ұяларының салынуы – ауыл мен қала арасындағы білім сапасы алшақтығын азайтуға, барша балаға тең мүмкіндік жасауға жол ашады.
Білім беру саласының ардагері ретінде мен мұндай бастамаларды толық қолдаймын және осы жобаның сапалы әрі уақытылы іске асуына тұрақты бақылау жүргізу – біздің ортақ міндетіміз деп санаймын. Мектептер тек білім ордасы ғана емес, олар – ел болашағының іргетасы. Сол себепті де бұл жобалар өз мәнінде әрі жоғары деңгейде жүзеге асуы қажет.
Жаңа оқу орындары ұстаздар мен оқушыларға қолайлы орта қалыптастырып, білім сапасының артуына тікелей ықпал етеді. Бұл – тек бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақтың тағдырына оң әсер ететін маңызды инвестиция.
Роза ҚОЖАМБЕРГЕНОВА,
білім саласының ардагері