Білім

Атырауда 10 мектеп үш ауысымда жұмыс жасайды

Бұл туралы Қазақстан Халық партиясы Атырау облыстық филиалында өткен «дөңгелек үстел» барысында белгілі болды. Онда өңірдегі білім беру мекемелерінің  2024-2025 оқу жылына дайындық жайы жан-жақты талқыланды.

Кейбір мектепте қауіпсіздік сақталмайды

Жиынды кіріспе сөзбен ашқан филиал төрағасы Балжан Досмұхамбетова күн тәртібіне шығарылып отырған мәселенің маңыздылығының өзектілігіне тоқталды.

— Биыл 19-29 тамыз күндері филиал жанынан құрылған топ қаладағы 15 мектептің қауіпсіздік мәселесіне назар аударып, тексеріс жүргізді. Нәтижесінде, бірқатар білім беру мекемесінде оқушылардың алаңсыз оқып, сапалы дәріс алуына кепілдік беретін қауіпсіздіктің тиісті талап деңгейінде сақталмайтынына, нұсқаулықтардың орындалмайтынына, бақылау бейнекамераларымен қамтылғанына, бұл бағыттағы жұмыстардың өз деңгейінде жүргізілмейтініне көз жеткізілді. Бұдан басқа да кемшіліктер анықталып, оларды тез арада түзету жөнінде тапсырмалар берілді, — деді Балжан Ибатқызы.
Одан соң топ мүшелері: партияның өңірлік филиалы төрағасының орынбасары Әлия Мырзағалиева, әйелдер қанатының жетекшісі Людмила Көбентаева сөз алып, орын алған олқылықтарды жоюға бағытталған жұмыстардың барысын баяндады.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Света Аманшиеваның айтуынша, бүгінде облыста жалпы білім беретін 224 мектеп (оның 204-і мемлекеттік, 20-сы жекеменшік) бар. Оқушы саны — 150 435, 12 280 педагог бар. Жаңа оқу жылында  1-сыныпқа 16949 оқушыны қабылдау жоспарланса, күні бүгінде оның орындалысы 15 932  оқушыны немесе 94  пайызды құрайды.  Қабылдау жұмыстары әлі де жалғасуда.
— Оқулықпен қамтудың жайына келсек,
мектеп оқушыларын оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету үшін 19 баспамен 88  келісім-шарт жасақталды. Оларды жеткізіп беруге 9 тасымалдаушы  анықталды.  Тамыздың 5-інен бастап баспалардан оқулықтар тасымалдануда.  Қазір жеткізілген оқулықтар таратылып, оқушылар толықтай қамтылып отыр. Балаларды (барлығы 67 759) тегін ыстық тамақпен қамту да жолға қойылды, — деді салалық басқарманың өкілі.

Мектептерде орын тапшылығы бар

Білгеніміздей, бүгінде облысы бойынша 12 мектепке күрделі жөндеу жүргізілуде. Оның жетеуінде жоспарланған жұмыстар толықтай аяқталса, қалғандарында әлі де жалғасуда. Қалада 10 мектеп үш ауысымда жұмыс жасайды. Орын тапшылығы — 8158.
Облыста 7 апаттық мектеп болса, оның төртеуі Атырау қаласында, Индер,  Қызылқоға және  Махамбет аудандарында бір-бірден орналасқан. «Жайлы мектеп»  жобасы аясында Атырау қаласындағы бір мектеп (Ы.Алтынсарин атындағы о/м) осы оқу жылында салынады. Басқалары бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталуда. Сонымен қатар пәндік кабинеттердің саны 117-ге көбейеді. Барлығы 25 мектепте  жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Ең маңыздысы және қажеттісі, білім беру мекемелерінде қауіпсіздікті сақтау жөнінде шаралар күшейтілген. Қауіпсіздік деңгейі  бойынша 377 мекеменің 145-і бірінші, 243-і екінші санатқа жатады. Соның ішінде 264 мекеме лицензияланған күзетпен қамтылған. Олардың санатында колледждер, мектептер мен балабақшалар да бар. Турникеттерде қауіпсіздік түймесі  қойылған.    

Дәулетқали АРУЕВ   

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button