Жарнама
Білім

С.Шәпкенов: Мектептерді күрделі жөндеу жұмыстарын кешіктірген мердігерлерге шара қолдану қажет

Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен отырыста білім беру нысандарындағы күрделі жөндеу жұмыстары, мектептердің құрылысы және оқу ордасындағы қауіпсіздік мәселесі қаралды.

Алдымен жиында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Байдошев өңірдегі 10 білім беру мекемесінде жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары туралы баяндама жасады.

— 2022 жылы 6 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған 2 млрд 145 млн теңге қаралды. Оның үшеуінің жөндеу жұмыстары әлі күнге аяқталған жоқ. Ал осы жылы 8 мектеп, 1 балабақша мен «Барыс» клубы күрделі жөндеуден өтеді, — деді Т.Байдошев.

Жиында облыс әкімі мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстарын кешіктіріп жүрген мердігер мекемелердің жұмысына прокуратура жан-жақты талдау жүргізіп, жұмыс істемейтін мердігерлерді жосықсыз деп тану қажеттігін айтты. Ал жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мектептерді қатаң бақылауда ұстау керегін атап өтті.

— Бұл мектептерді жөндеуге бөлінген мемлекеттің қаражаты қайда кетіп жатыр? Мұны облыстық прокуратура анықтауы керек. Жұмсалған әр тиынның есебі болуы тиіс. Білім беру мекемелерінің қаншама қызметкері құрылыс аяқталғанын күтіп отыр? Біз оларды орнынан босата алмаймыз. Мемлекет оларға қаражатын төлейді. Кім оған жауап береді? Құрылысы созылған нысан мемлекетке бір бөлек салмақ салады. Сондықтан оның бәрін есептеп, қарауымыз керек. Түрлі сылтау қабылданбайды. Егер мердігер мен жобалаушы мекеменің қателігі болса, оны анықтау қажет. Ал білім беру басқармасының кінәсі болса, оған да шара қолдану керек, — деді С.Шәпкенов.

Сондай-ақ, аймақтағы мектептердің құрылысы туралы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов баяндама жасады. Ол өз сөзінде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысының әлеуметтік экономикалық дамуына қатысты кеңесте берген тапсырмасының орындалу барысына тоқталды.

Қазіргі таңда Атырау облысында 37 мектеп салу туралы тапсырма берілді. Бүгінде 5 мектептің құрылысы толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда өңірімізде 7270 орындық 15 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстары Құрылыс басқармасының тапсырысымен және 4000 орындық 2 мектептің құрылысы мемлекеттік — жекешелік әріптестік механизмі аясында жүріп жатыр. Қалғаны «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында бой көтереді.

Жиын барысында білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселесі де қозғалды. Бүгінде Атырау өңіріндегі мектептердің 58%-ы жедел басқару орталығына қосылған. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова мәлім етті.

— Облыста 1 топтың (300 ге дейін) обьектілеріне жататын 184 және 2-3 топтың обьектілеріне жататын 189 мекеме бар. №117 бұйрыққа сәйкес 1 топтың объектілері бейнебақылау жүйесімен және хабардар ету жүйесімен 100% жарақтандырылған. 2-3 топтың объектілеріне жататын 189 білім беру ұйымы бейнекамералармен қамтылған. 141 білім беру ұйымының бейнекамералары 74,6% жедел басқару орталықтарына қосылған. Қалған мектептердің ЖБО-ға қосылуы тамыз айының соңына дейін жүзеге асады. 294 (қамту 78,8%) білім беру ұйымы дабыл түймелері ЖБО қосылған. №117 бұйрыққа сәйкес, 3 топтың объектілеріне жататын 152 (қамту 80%) білім беру ұйымы мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілген, — деді О.Биманова.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button