Робот жасаушы жастар жарысты

img 20220530 wa0031 Білім

Атырауда республикалық «KazRoboSport» чемпионатының облыстық іріктеу кезеңі бойынша сайыс болды. Осымен алтыншы рет өткізіліп отырған жарысқа  робототехниканың қыр-сырын танып үлгерген жастар жиналды.

«КазРоботикс» қазақстандық спорттық және білім беру робототехника федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шараға облыстың барлық аймағынан 60-тан астам оқушы мен студент (8-21 жас аралығындағы) қатысты. Олар робосумо 10х10, биатлон, кегельринг-квадро және робосумо 25х25 санаттары бойынша ғылыми-техниканың барлық заманауи тетіктерін пайдаланып, бар мүмкіндіктерін ортаға салды. Сондай-ақ, өздерінің шығармашылық ізденістерін де байқатты.

Чемпионат барысында қатысушылар өздерінің инженерлік дизайны нақты қойылған міндеттерді орындауға бағытталған құрылғылардың макеттерін ұсынды. Тапсырманы конструкторлық шешімдер мен бағдарламалық кодымен ең аз уақытта орындаған командалар ең жоғары баллға ие болды. Мысалы, «Робосумо» санатында кез-келген позициядан қарсыластың орналасқан жерін анықтап, оны рингтен тысқары итеретін роботтар көрсетілді.

Ал, «Кегельринг-квадро» санатында роботтар кегльдердің берілген түсін автоматты түрде анықтап, оларды басқалармен қақтығыспай, шеңбер сызығынан шығарды. Сондай-ақ «Биатлонда» балалар роботтарға белгілі бір сызықты ұстануға, кедергілерді айналып өтуге, нысанаға тигізуге және оларды атуға болатындай етіп жасап, бағдарламалық код енгізді.

–Мен мұндай іс-шараға алғаш рет қатысып тұрмын. Ол мен үшін өте пайдалы және қызықты болды. IT технологиялар мен робототехника – бұл біздің болашағымыз. Мен осы бағытта одан әрі дамығым келеді, – деп өз әсерімен бөлісті Атырау қаласындағы №16 мектептің VIII сынып оқушысы Диана Марзабаева.

Орталық Азияның Еуразия Қорының жоба менеджері Салтанат Ноғайбаланованың айтуынша, чемпионат Қазақстанда спорттық робототехниканы дамытуға мүдделі талантты жас қатысушыларды біріктіреді.

–Мұндай сайыстар техникалық дағдылар мен командада бір-бірімен өзара әрекеттесуді үйретеді. Жарыстар кезінде балалар стресске қарсы тұру дағдыларын игереді, сыни және креативті ойлауды, белгісіздік жағдайында тез шешім қабылдауға, бір-бірімен келіссөздер жүргізуге, нәтижеге деген ортақ жауапкершілікті алуға үйренеді. Бұл кез келген кәсіп пен қызмет саласында қажет қасиеттер, – деп түсіндірді жоба менеджері.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай айтқандай, сайысқа командалармен бірге олардың педагог-тәлімгерлері де келді. Шарада бір жағынан командалар білімдерін сынаса, екінші жағында ұстаздар «дөңгелек үстел» аясында Орталық Азияның Еуразия Қоры және «КазРоботикс» өкілдерімен бірге болашақ жоспарларын айқындады. Осылайша, мектеп деңгейінде инновацияларды тікелей жүзеге асыратын тұлғалармен бірге аймақтағы STEAM дамуы бойынша өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары талқыланды.

Қазақстандық «Казроботикс» робототехника Федерациясының президенті Айжан Жекееваның айтуынша, соңғы жылдардағы карантин ел бойынша балалардың білім деңгейіне әсер еткен.

–Соған қарамастан Атыраудағы сайыс жоғары деңгейде өтуде. «Шеврон» компаниясына жобаны қолдағаны үшін, сондай-ақ жастардың дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға белсенді қатысқаны үшін алғыс айтқым келеді, – деді А.Жекеева.

Сонымен, сайыс тартысты өтіп, нәтижесінде әр түрлі жас тобындағы 30 адам жүлделі орынға ие болды. Ал, жүзден жүйрік шыққан командалар – «Биатлон» және «Робосумо 10*10» санатындағы жеңімпаздар күзде елордада өтетін «KazRoboSport-2022» республикалық чемпионатына жолдама алды. Атырау облысының құрама командасына енген жеңімпаздар өзге өңірдің үздіктерімен бәсекелес болады.

Атап өту керек, биылғы шара «Шеврон» компаниясымен және Орталық Азияның Еуразия Қорымен серіктестікте «Jasspace: Атырау қаласының жастарын дамыту бастамасы» бағдарламасы шеңберінде өткізілді.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз