
Қазақстанда мұғалімдердің орташа айлығы белгілі болды
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мұғалімдердің орташа жалақысы белгілі болды. Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметінше, 1 мөлшерлеме (16 сағат) үшін орташа айлық жалақы 352 мың теңгені құраса, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 435 мың теңгеге жеткен.
Сонымен қатар еліміздегі педагогтердің жартысы 1,5 мөлшерлемемен (24 сағат) жұмыс істеп, орта есеппен 581 мың теңге көлемінде еңбекақы алады.
Республика Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 8 мыңға жуық орта білім беру ұйымында 400 мыңға жуық мұғалім еңбек етеді. Олардың 300 мыңға жуығы аттестация нәтижесі бойынша біліктілік санаттарына байланысты қосымша үстемеақы алады.
Педагогтердің еңбекақысы 2020 жылдан бері екі есеге өсті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мұғалімдердің жалақысы жыл сайын кезең-кезеңімен артып келеді. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдары тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға көбейді. Ал техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде кәсіпорындардан шақырылған мамандарға 30-35% көлемінде қосымша ақы төленуде.
Біліктілік санатына қарай педагогтерге келесідей үстемеақылар беріледі:
• Педагог-шебер – 50%;
• Педагог-зерттеуші – 40%;
• Педагог-сарапшы – 35%;
• Педагог-модератор – 30%.
Сурет: ortcom.kz