Түлектерге қосымша бөлінген грант кімдерге теисілі?

90346 Білім

Atr.kz/18 шілде, 2019 жыл. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қосымша 5 000 қосымша грант тек екі санатқа жататын жастарға берілетінін айтты.

Олар – көпбалалы отбасыдан шыққандар мен атаулы әлеуметтік көмек алатындар.

«Олар алдымен жалпы конкурсқа қатыса алады. Биыл оған 53 мың грант бөлініп отыр. Соның аясында граттар әдеттегідей ұлттық бірыңғай тестілеуден алған ұпай саны бойынша таратылады. Одан өте алмаса, тамыздың басында жергілікті атқарушы органдарға өтініш беруге болады. Бүгінде қосымша гранттардың ақшасы әкімдіктерге толығымен бөлінді», – деді Аймағамбетов журналистерге берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, әкімдікке көпбалалы отбасыдан шыққаны, я болмаса атаулы әлеуметтік көмек алатыны туралы құжаттар тапсыру қажет. Одан кейін ұлттық бірыңғай тестілеудің куәлігін өткізуі керек. Үміткерлерді іріктегенде ұпай саны ескеріледі.

«Мәселен, педагогикаға қосымша 100 грант бөлінді дейік. Оған республика бойынша 200 адам таласса, гранттың 100 иегерін ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша анықтайды. Ұпайдың шекті санын да жинауы да міндетті», – деп атап көрсетті Аймағамбетов.

Айта кетсек, негізгі 53 785 грантқа түлектер 21-31 шілде аралығында республикалық конкурсқа қатысып, бағын сынайды. Ал сол жалпы конкурс бойынша грантқа ие болмаған көпбалалы отбасыдан шыққан және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатындағы талапкерлер қосымша бөлінген 5 мың грантты алу үшін тамыз айының 5-10 аралығында келесі конкурсқа қатысуға жергілікті атқарушы органдарға өтініш беруі тиіс.

Жеңімпаздардың тізімі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Грант иегерлеріне әдеттегідей 20 949 теңге көлемінде стипендия тағайындалмақ. Сонымен қатар демалыс кезінде жылына екі рет жол жүру өтемақысы төленеді.

Дереккөз: «Спутник Қазақстан»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз