Қазақ сыныбын ашқан қайсар қыз

ec128ef2 058e 400e 8d02 aff2c33b353e Білім

…Бір мезетте ұшағымыз қанатын еркін жайған қыран құстай көкке қарай самғай бастады. Туған жеріме асығып, Алатаулы Алматыны артқа тастап барамын. Алда жол ұзақтау болғандықтан уақыт қысқартайын деген ниетпен жаныма жайғасқан ерлі-зайыпты жолаушылармен танысып-білісе бастадым. Оным бекер болмапты. Олай дейтінім, істеген ісі бүгінде ана тілінен гөрі, орыс пен ағылшын тілін мәртебе санап, соларша шүлдірлейтіндерге үлгі боларлықтай ұстазбен таныстым. Ол кеңестік кезең тарай бастаған шақта әбден орыстанып кеткен Алматыдағы ауыл мектептерінің бірінде алғашқы болып қазақ сыныбын ашқан атыраулық қайсар қыз – Гүлшара Мұсабаева. Ауыл мектебін қазақыландырамын деп, оның арқалаған жүгін тіпті кез-келген ер азаматтың өзі көтере алмас еді-ау…

Бұл – өзінің қауырт қызметіне қарамастан біздің редакциямызды арнайы іздеп келген Атырау облыстық балалар ауруханасының тәжірибелі дәрігері Мүбәрәк Сәрсеннің сөзі.

– Айналайын, жүрегі ұлтым деп соққан, тіліміздің қайта жаңғыруына өзіндік үлесін қосқан осы жерлес апаң туралы жазғаның абзал болар еді, – деп өтініш жасады.

Тілегі дұрыс екен, тамыз айында туған жеріне келген ұстазбен де тілдесудің сәті түсіп, жерлесімізден орыс тілді ортада алғаш қазақ сыныбын қалай ашқаны туралы сұрап,  сұхбаттасып үлгердік.

Ұлтын, туған елін, жерін шын құрметтейтін, тұла бойына анасынан дарыған тілінің қадірін түсінетін, ол үшін қандай кедергілерге де төтеп беріп, қасқая қарсы тұра алатын нағыз  қазақтың қызы деген атқа лайықты жан осындай болса керек.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін бітірген соң 1977 жылы еңбек жолын туған жерінде бастайды да, қайтадан Алматыға қоныс аударып, Нарынқол өңірінің тумасы Әбдіқадыр Мұсабаев есімді азаматпен жұп жарастырады. 1989 жылы екі перзентімен сол облыстың Талғар ауданына қарасты М.Тамаровский атындағы кеңшардың №3 бөлімшесінің орталығы – Төңкеріс ауылына табан тірейді. Гүлшара ұстаз бірден ауылдағы №23 мектепке «география-биология пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша жұмыс сұрап барғанда, оған дайындық сыныбының мұғалімдігін ұсынады. Амалсыздан бұған да мойынсұнған жас ұстаз мектеп директорына құжаттарын тапсырып, ауыл адамдарымен де жөн сұрасып, бұл жердің ахуалымен таныса бастайды. Тұрғындардың дені қазақтар, қалғаны орыс ұлтынан болғанымен оны бұл мектепте бірде-бір қазақ сыныбының болмауы таңғалдырады.

– 1973 жылы қазақ сыныбы жабылғанда оның шәкірттері білімін жалғастыру үшін жан-жаққа шашырап кеткен. Мектепке жұмысқа тұрғанымды естіген бірнеше адам қазақ сыныбын ашуды сұрады. Бірден келіссем де, оның тұрғындар үшін маңызы мен себебін сұрадым. Сонда олар биыл балабақшадан шығатын бірнеше қазақ баласына педагогикалық тексеру жүргізілгенін, «қазақ балаларының барлығы мектепке баруға жарамайды, дайындығы төмен» деген сылтаумен орысша дайындық сыныбына жіберілгелі тұрғанын айтты. Мектепте сол жылы ашылуы тиіс екі бірінші сыныптың екеуі де орыс тілінде. Оған намыстанған қазақ жігіттері «баламызды ана тілінде оқытсақ қайтеді?!» деп, маған қолқа салды. Оларға қазақ сыныбын ашатынымды айтсам, мектеп директоры Николай Киржаевтың ертең жиналыс жасап, тұрғындарды шақыратынын ескерттім. Сонда әйелдерін жібермей, өздері келуі керектігін және мұндай әрекетке төзім мен үлкен табандылық қажет боларын құлаққағыс қылдым. Айтқандай-ақ мектеп директоры орынбасары, кәсіподақ хатшысымен бірге өткізген жиынға ауылдағы 15-ке жуық ер адамдар қатысып, қазақ сыныбының қажеттілігі талқыға түсті, – деді Гүлшара Жәнекенқызы.

hhэ

Жиында тұрғындар бірден «мектепте қазақ сыныбы ашылсын!» деген нақты талап қойды. Аң-таң болған Киржаев ә дегеннен мектептің қазақша оқытуға материалдық базасы жоқ екенін айтып ақталады. Айтуынша, оған тек директорлық емес, аудан мектептерін оқу-техникалық құралдармен жабдықтау қызметі де жүктелген екен. Сондықтан, жиынға қатысушылар оның мектепке қажетті көрнекі құрал, оқулықтар жеткізіп жүргенін есіне салып, қазақ сыныбын да қамтамасыз етуді талап етті. Тұрғындардың дені қарапайым малшылар болғанымен тіл мәселесіне бейжай қарамай, балаларын қазақша оқытқысы келетінін айтып, сынып ашуды сұрайды. Көп алдында өзге сылтау айта алмаған мектеп басшысы Гүлшара Жәнекенқызына өтініштерді жинақтап, аудандық білім бөліміне апаруды тапсырады. Ал, өтінішті жиналғандардың жартысы ғана сол жерден жазып, қалғаны үйден жазып беруге уәде етті.

Ауылды әлі толық танып білмеген Гүлшара қасына кейін Н.Киржаевтан соң мектеп директоры болған Әсия Оспанованы ертіп, үй аралауға шығады. Алайда кешегі жиында қазақ сыныбын ашуды сұраған кейбір тұрғындар жеме-жемге келгенде «балалар қазақ сыныбында база болмаса білім сапасы нашарлап қалады» деген сөзге еріп, өтініш жазудан бас тартады. Жиынға қатысқан 15 тұрғынның 11-інің ғана өтінішіне аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Ділдə Бітуоваға қол қойдыртады да, мектеп директорының алдына әкеліп, бала оқытатын сынып бөлмесін сұрайды.

– Бастауыш бөлімінде сынып бөлмесі жоқ болып, жоғары сыныптардың арасынан бір бөлме әзер табылды. Ол да бұрын өртенген бөлме екен. Қабырғасы күйіктен құлап тұр. Мені қолдаған отағасы екеуміз оны жөндеп алдық. Оқу жылы әбден таяғанда Николай Егорович шақырып, «сендерге құрал-жабдық, оқулық жоқ, балаларды қалай оқытасың?» деді. Жолымыз болғанда, жолдасым Алматының Тастақ маңындағы мектептерінің бірінде директор болып жұмыс істейтін досы, марқұм Сауданбек Астаубаев атты азаматтың бастауымен 300 шақырым жерден барып, төрт жылға жететін төрт қап кітап әкелді. Оларды ешкімге бермей, бірден өзімнің сынып бөлмеме түсірдім. Балаларды алғашында дөңгелектер мен неше түрлі керітпелер салғызып, таяқшалармен үйретуге тура келді. Ал менің оқыту әдістемем басқа. Сондықтан, республикаға белгілі ұстаз Бақытгүл Ерешовадан бастауыш сыныптың қалам ұстауынан бастап сауатты жазу, оқу мен математикалық əдістерді дұрыс қолдану туралы кəсіби деңгейде дəріс алдым. Содан соң курстан өткенім жөніндегі қағазымды директорға тапсырдым. Осылайша, қолда бармен Аллаға сыйынып, жұмысымды жаңа орта, алғашқы қазақ сыныбымен бастадым. Ол күні «ақ түйенің қарны жарылып», қазақ сыныбының ашылуына тұрғындар көп жиналып, қуанышымызда шек болмады, – деді ол.

Бірақ мәселе бір сынып ашумен ғана шешілмейді. Қазақ сыныбын қолға алдым деген сәтте бұл әсіресе орыс сыныптарына мүлде ұнамаған. Кез-келген жағдайда орынсыз сын айтып, мін тағатындардың қатары көбейіпті. Тіпті жоғары сынып балалары жаңадан ашылған сыныптағы кіп-кішкене балаларға ұрынатынды шығарады. «Көзімнен таса болса оқушыларымның баж еткен дауысын естимін. Дәліз бойынан түртіп, теуіп те кеткен сәттері болды. Болмаған соң қолыма таяғымды (указка) алып, балаларымның алдында тұрып қорғайтын болдым», – деп ағынан жарылды әңгіме барысында Гүлшара апай.

Оның сол кезде жас бола тұра балапанын қорғаған қарлығаштай оларды қанатының астына алып, қазақтың болашағы үшін қауіпке қарсы тұруын нағыз қайсарлық демей көріңіз!..

Жылжып уақыт өте келе мектеп әкімшілігі сырттан қазақ мұғалімдерін шақыртып, Гүлшараның сабағына қатыстырып, мін тергізетінді шығарады. Әрі-беріден соң оның сабақ беру тәсілін орыс сыныптар мұғалімдерімен салыстырады. Сөйтсе де, алған бетінен қайтпаған уәдесіне берік ұлағатты ұстаз шәкірттері үшін қандай қиындыққа да төтеп беріп, өзіне үміт артқан ата-аналардың сенімін ақтауға тырысады. Сол жылы  сыныптағы төрт бала сабағын үздік аяқтайды.

Кеңшардағы «Гараж» деген жерде күнделікті өтетін жоспарлы жиында да талқыланатын басты  мәселенің бірі – Гүлшара ұстаз. Жиынға қатысқандарға бұл мұғалімнің немен шұғылданатыны, келешегі жоқ қазақ сыныбына балаларын неге бергені тәрізді еңбекшілерге қиямпұрыс сұрақтар қойылып, бұл сыныптың да, мұғалімнің де болашағы бұлыңғыр екені күн сайын қайталанып отырған. Тіпті, ауыл арасында «енді сынып ашылмайды, мына балалардың обалына қалды» деген қауесет желдей ескен. Мұндай аяқтан шалғанға мойымаған қайсар қыз ауылдан 20 шақырым қашық Талғардағы қазақ мектебіне қатынап жұмыс істейтін білікті маман Дариға Жанұзақоваға өтініш жасап, оның барлық көрнекі құралдарын сұрап, мектепке көшіріп әкеледі және әріптесін ауыл мектебіне жұмысқа орналасуға көндіреді. Ақыры, оқу жылы аяқталар тұста ғана келісімін берген тәжірибелі ұстаздың екінші қазақ сыныбына 18 оқушы жиналады.

– Келесі оқу жылының басында мектептегі жиналыста вариативтік оқу бағдарламасы енгізілетіні айтылды. Яғни, қала балалары үшін орыс тілі пәні аптасына тек екі сағат болса, ауылдағы оқушылар керісінше бұл пәнді апта ішінде төрт сағат оқиды. Дариға апай екеуіміз оқушыларымыз мүлде қазақша білмейтіндіктен бізге қаланың вариативті тәсілін беруді сұрадық. Өйткені, ауыл балалары болғанымен олардың қала оқушыларынан мүлде айырмашылығы жоқ, қазақша білмейді. Ауыл халқы – орыстілді, балабақша да сол тілде. Қазақ тілінің ешқандай қажеттілігі жоқ. Сабақтан келген немересін қазақтың кемпірлері «здравствуй, сынок» немесе «сынок, ты пришел?» деп қарсылаушы еді. Сөйтіп, жиналыстан соң екі күн өткенде мені аудандық білім бөліміне шақыртты. Николай Егоровичпен бірге қабылдауына кірген бойда бөлім меңгерушісі Раушан Аманқұлқызы маған: «орыс тіліне қарсы болатындай сен кімсің?» деп тарпа бас салды. Мен тілге қарсылығымның жоқтығын, тек біздің балаларымыздың қазақша білмейтініне қынжылатынымды жеткіздім. Мұны құлағына да ілмеген бөлім меңгерушісі «жоғал, жұмыстан шық!» деп айқайлады. Артымда үміт артқан қаракөздерім болғандықтан, қызметімнен кете алмадым. Олар өз дегендерін жасап, сол оқу жылында ауылдық мектептерге аптасына 4 сағат орыс тілін оқытты, – дейді Гүлшара Жәнекенқызы.

Қанша тырысқанымен кейде дегеніне қол жеткізе алмай қынжылған, болашақты ойлап уайымға түскен сәттер де қайсар мінезді ұстаздың ішкі сеніміне тойтарыс берген жоқ еді. Келесі оқу жылы аяқталар тұста, қазақ тілді ұстаз тапшылығы мәселесі тағы туындап, біраз сары уайымға салынады. «Ақтың отын ақымақ өшірмейтіні» рас екен, қайынінісі отау құрып, әулетке түскен келін Ботагөз Құрманқызының да мамандығы мұғалім болады. Оны да жанына жақын тартып, мектепке қазақ сыныбының мұғалімі етіп орналастырып, үшінші қазақ сыныбын ашады. Біртіндеп ауылға келін болып түскендердің арасынан да мұғалімдер табылып, Гүлшара ұстаздың қолы ұзара бастайды. Мектепте қазақ сыныбының мұғалімдері көбейіп, оның көңілі біраз жайлана түседі.

Алғашқы қазақ сыныбының балалары бесінші сыныпқа көшкенде, Гүлшара ұстаз қазақ тілі мен әдебиеті курсын оқып, балаларды бұл пәндерден де оқыта бастайды. Тарих, математика пәндерінен де мұғалімдер келіп, орта толады. Гүлшара Мұсабаева оқулықтарды да жыл сайын директордың соңынан қалмай жүріп алдыртып отырады. Міне, Алатау етегіндегі алақандай ғана Төңкеріс ауылындағы қазақ сыныбы осылай қалыптасады.

Сол ауылда 1995 жылы қазақтың жыл басы Наурызды да алғаш ұйымдастырып өткізген Гүлшара ұстаз. Сол жылы кеңшардың үш бөлімшесі де осы ауылға жиналып, қарапайым мектеп мұғалімі қолға алған Наурыз тойын тойлайды. Гүлшара Жәнекенқызы жер-жерден жүзге жуық ауыл тұрғындарының барлығына жетерліктей ұлттық киім жинап, мерекелік концерт өткізіп, киіз үй тігіп, қыз-келіншектерге қазан көтертеді.

– Сол жылдан бастап Наурыз тойын жыл сайын тойлап келеміз. Керемет ұйымдастырушының бірі сол бақилық болған құрбым Əсия Жарматайқызы болатын. Ұлттық ойындарсыз Наурыз бола ма деп «Қыз қуу» ұйымдастырдық. Алғаш рет атқа қонып, көпшілікке үлгі көрсеткен де осы Əсия, оны қуған совхоздың малшысы әрі құрдасы Кəрім болды. Бір қарасам, қазанның қыр-сырын білмейтін қыз-келіншектер капрон матадан тігілген желбіреген ұлттық көйлекпен отқа тақалып бауырсақ пісіріп тұр. Көрген бойда қолыма микрофон алып: «қыздар, оттан аулақ тұрыңдар, үстеріңіздегі ұлттық киімдерді бүлдіресіздер!» деп жанұшыра айқайлағаным бар, – деп кейіпкеріміз өткен күндері ойына оралып бір жымиып алды.

Ауылда Наурыз тойын дәстүрлі тойлауды үйреткен ұстаз ұлы Абайдың 150 жылдығын да кең көлемде ұйымдастыра біледі. «Абай атамыздың 150 жылдығын ауыл көлемінде атап өту Дариға Жанұзақова апай екеуіміздің бастамамыз болды. Себебі Мұхтар Əуезовтың «Абай жолы» романын тұтас оқып шыққан тек екеуіміз ғана. Дариға апай өте білімді, сауатты және қолөнер шебері болатын. Оқушылармен мүсін жасау, ши, кесте тоқу секілді нəрселерді дөңгелентіп жіберетін» дейді кейіпкер.

Атырау жерінде кіндік қаны тамып, ата-ананың ұлағатын көріп, ұлттық тәрбиені бойына сіңірген қазақ қызының қиын кезеңде қазақ тіліне деген жанашырлығын сөзбен жеткізу мүмкін болмас. Өйткені, ол – бір кітапқа татырлық хикая. Елдің өткенімен үндескен тарих!..

Түйін:

Тіл – ұлттың жаны екені анық. Қасиетті ана тілінің қадірін түсініп, сындарлы шақта тағдыры үшін күрескен Гүлшара сынды қазақ қызының еңбегін ел-жұрттың бірі білсе, бірі білмейді.

Бүтіндей ауылда қазақ тілін сақтап қалғаны бәлкім оның батырлар жерінен дарыған батылдығынан болар. Біздің мақсат – осындай перзент өсірген атыраулықтар мақтан тұтарлық жерлестері бары туралы біле жүргені жөн. Қиын сәтте тілін қызғыштай қорыған Гүлшараның ісі үлгі мен өнегеге толы. Міне, елін, ұлтын сүйген Атыраудың аруы Алатаудың етегінде алғашқы болып қазақ сыныбын ашқаны қандай ғанибет!..

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Суреттерді түсірген Е.АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз