Қайта оралған «ӘЛІППЕ»
Atr.kz/30 шілде, 2020 жыл. Келесі оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқиды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebookтегі парақшасында осылай деп жазды.
«Әліппе бойынша. Жақында Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа өзгерістер енгізіліп, Әділет министрлігінде тіркеуден өтті. Ондағы маңызды жаңалықтардың бірі – келесі оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын болады. Бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында «Әліппенің» бағдарламасын оқыса, қалған екі тоқсанда «Ана тілі» пәнін оқиды. Сәйкесінше, орыс тілінде немесе басқа тілдерде білім алатын сыныптарда «Букварь» мен «Обучение грамоте» пәндері жүргізіледі» деді Асхат Аймағамбетов. Министрдің айтуынша, «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалады. Ол қазір оқулықтарды әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Бірыңғай бағдарлама жасаумен айналысатын жұмыс тобын құрдық. Оның құрамында мықты тіл мамандары, әдіскерлер, бастауыш сынып мұғалімдері мен бұған дейін оқытылған «Әліппе» оқулықтарының авторлары бар. Орынбасарым Шолпан Каринова осы жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізіп те үлгерді. Бағдарламалар мен оқулықтар дайын болғаннан кейін оларды пилоттық мектептерде сынақтан өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Кейін басқа мектептерге жіберілетін болады. Бұл мәселе – менің жіті бақылауымда, — деді елдің бас педагогы.
ТАРИХҚА ҮҢІЛСЕК…
Қазақ тіліндегі «әліппе» сөзі арабша А әрпі әліп (алиф) пен Б әрпі би сөздерінің тіркесуінен пайда болған. «Әліпби» деп аталған сауат ашу құралы кейіннен қазақ тіліндегі үндестік заңына байланысты, ауызекі тілде «әліппе» болып аталып кеткен. Қазақтың тұңғыш ағартушысы, педагог Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» 1864 жылы Орынбор қаласында жарық көрді.
Аталған қаладағы баспадан 1871 жылы шыққан «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» оқулығы тұңғыш рет орыс әліпбиін қазақ даласына әкелді. Алайда, «Қазақ хрестоматиясы» сауат ашуға арналған әліппе емес, оқу мен жазуды меңгерген балалардың алған білімі мен дүниетанымын дамытуды көздейтін оқулық еді. Бұдан кейін А.Е.Алекторовтың 1891 жылы «К мудрости ступенька. Азбука для учеников начальных русско-казахских школ», А.В.Васильевтің 1912 жылы «Букварь для киргизских школ» сияқты тағы басқа әліппелер де Тұран даласына жетті.
Олар екі бөлімнен, қазақша және орысша бөлімдерден тұрды. Оның авторлары К.Д.Ушинскийдің басқа ұлт балалары орыс тілін саналы меңгеру үшін өзінің ана тілінде сауат ашу қажет деген қағидасын ұстанды. Бірақ, қолданылған әліппелер қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне жауап бере алмады.
Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ халқының сол кездегі тағдырына ой жіберіп, болашағын парасатпен бағдарлай алатын қазақ зиялылар қауымы өсіп жетілді. Олар халықты сауаттандырып, өркениетті ел қатарына қосуға күш салды. Түркі зиялыларын біріктірген «Жәдитшілер ұйымының» бір топ мүшесі қазақ мектептері үшін жаңа оқулықтар жазды. Олар қазақ балаларын оқу мен жазуға төте жолмен үйретуді көздеді.
Осындай серпілістен туған алғашқы оқулықтар – Уфа қаласынан 1910 жылы шыққан М.Нұрбаевтың «Әліппесі», Қазаннан 1910 жылы жарық көрген З.Ерғалиұлының «Қазақ әліппесі», Қазан баспасынан 1912 жылы дүниеге келген М.Малдыбаев пен Ж.Аңдамасовтың «Қазақша ең жаңа әліппесі», аталған қаладан 1913 жылы шыққан К.Сырғалиннің «Қазақша әліппе кітабы». Ахмет Байтұрсыновтың жаңа әліпбиі Орынбордан 1912 жылы жарық көрді. Төте жазу үлгісімен жазылған «Оқу құралы» қазақ мектептерінің әліппеге деген сұранысына толық жауап берді. Онда шәкірттердің сөздік қорын барынша сауат ашу мақсатына тиімді пайдалану мақсаты көзделген.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алған. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдары арасында жеті рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең қолданыста болды.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА