Құрбан айт – карантин жағдайында

whatsapp image 2020 07 25 at 12.39.51 COVID-19: Соңғы поштадан...

Atr.kz/30 шілде, 2020 жыл. Атырауда онлайн құрбандық шалуға тапсырыс 31 шілде, 1 тамыз күндері де қабылданады. 29 шілдедегі жағдай бойынша, qurban2020.kz сайты арқылы онлайн түрде 97 тапсырыс түсті. Бұл туралы облыстық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы айтты.

– Атыраулықтар 51 қойға, 6 ешкіге, 40 тоқтыға онлайн түрде тапсырыс беріп отыр. Ал, құрбан малының етін алуға 380 мұқтаж отбасынан өтініш түсті. Құрбан шалу 31 шілде күні Атырау уақытымен сағат 8.00-де басталады. Сонымен бірге, құрбан малын онлайн шалуға тапсырыс qurban2020.kz сайты арқылы 31 шілде, 1 тамыз күндері де қабылданады, – деп атап өтті облыстың бас имамы брифинг барысында.

Алтынбек Ұтысханұлының айтуынша, бүгінгі таңда Атырау облысы әкімдігі тарапынан құрылған штабтан тыс, орталық «Иманғали» мешіті тарапынан 12 бригада құрылды. Аталған бригада онлайн арқылы берілген тапсырыс аясында құрбан малын союмен айналысады. Құрбан шалушыларға фото, видео есептер жіберіледі. Құрбандықты шамасы жеткен адам ғана шалады. Сонымен бірге, Атырауда Құрбан айт күндері мерекелік жиын өткізуге тыйым салынып отыр. Атырау облысында Құрбан айт мерекесін тойлау кезінде, нақтырақ айтқанда 31 шілде – 2 тамыз аралығында бірқатар шектеулер енгізілді.

Облыстық бас мемлекеттік санитариялық
дәрігердің орынбасары Жанар Досымбаеваның баяндауынша, 31 шілдеден 2 тамыз аралығында құрбандық шалуды жүзеге асыратындарды қоспағанда, Атырауда мал сою цехтары мен мал сату базарының жұмысы тоқтатылады.

– Облыс орталығы аумағында мал союды ұйымдастыруға, өткізуге, автокөліктер мен жеке үй иеліктерінде мал сатуға тыйым салынады. Бұдан бөлек, меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарда, жеке меншік үй иеліктерінде және медреседе адамдар көп жиналатын іс-шаралар өткізуге болмайды, – деді Жанар Досымбаева.

Талаптардың орындалу барысын Атырау қаласының полиция департаменті, аудандық әкімдіктер және ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы қадағалап, мониторинг жүргізетін болады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз