Қағазбасты педагог, үлгермейтін оқушы
Ұрпақты тәрбиелеуші – ұстаз. Ол қашан да ұлы құрметке лайықты және қоғамдағы ең маңызды мамандықтардың бірі. Себебі, кез келген көсемді де, шешенді де, батырды да, ғалымды да тәрбиелейтін – мұғалім. Дегенмен, соңғы жылдары ұстаздардың қағазбасты болып кеткені жиі айтылып жүр. Бүгінгі мұғалім оқушыны біліммен сусындатудан гөрі, құжат толтырумен көбірек уақыт өткізуге мәжбүр. Республика Оқу-ағарту министрлігінің білім беру жүйесіне енгізіп жатқан түрлі жаңалықтары мен реформаларына қарамастан, ұстаздардың қағазбастылықтан әлі күнге дейін арыла алмай келе жатқанының себебі неде?
Электронды жүйеге көштік десек те…
Қазіргі заманның талабына сай салаға тың серпін беріп, электронды форматқа көшу туралы жиі айтылады. Алайда, іс жүзінде қағаз жүктемесінің азайғаны байқалмайды. Мұндай жағдай бір жағынан мұғалімнің өз жұмысына деген жауапкершілігін көрсетсе де, екінші жағынан педагогтің жан-жақты дамуына кедергі келтіруі мүмкін екенін ескеру қажет.
2019 жылдың соңында қабылданып, 2020 жылдың басында заңды күшіне енген «Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес мұғалімдерге тек журнал толтырып, күнделік жүргізу, оқушыларды сумативті және формативті бағалау, күнтізбелік және пәндік жоспар жасау ғана міндеттелген еді. Алайда, мұғалімдердің негізгі міндеттері Заңда көзделгеннен әлдеқайда көбейіп кеткен. Олар шетсіз-шексіз, бітпейтін құжаттарға көміліп отырғанда негізгі жұмысын орындауға уақыт таппайтын жағдайға жетті. Бұрын ұстаздар бос уақытын біліктілігін арттыруға, оқушымен дербес жұмыс істеуге арнаса, бүгінде оған қол тимейді.
Интернет желілеріндегі сұхбаттарда Қазақстанның құрметті ұстазы Өмір Шыныбекұлы осы мәселеге арнайы тоқталған.
– Білім саласында жаңа реформа қолға алынғанда кәдімгідей қуанып едік. Цифрландыру, әсіресе kundelik.kz жүйесіне зор үміт арттық. Олай дейтініміз, мектептегі құжаттың көбі электронды форматқа көшсе, жүздеген парақ құжат алып жүрудің керегі болмауы тиіс болатын. Бастапқыда бәрі көңілден шыққанымен, кейін кейбір басшының мектептегі жұмысты тиімді жүргізбейтінін байқадық. Нақтырақ айтсақ, мұғалімдерге электронды порталдағы құжаттарды қағазға қайта шығартып, барлық бағалау құжатын дәстүрлі қалыпта қабылдайтын жағдай кездескен. Сондықтан реформа соңына дейін жетуі үшін білім беру нысандарына жүйелі тексеруді тоқтатпау қажет, — дейді ол.
Қағазбастылықтың салдары
Білім саласының ғылыми-инновациялық және әлеуметтік-экономикалық дамуында ұстаздардың кәсіби біліктілігі зор роль атқарады. Оқушыларды білім нәрімен сусындатып, олардың бойындағы ізденімпаздық пен шығармашылықты дамыту үшін ұстаздардың өз уақытын тиімді пайдалана білуі қажет. Бірақ қазіргі ахуал мүлде басқа. Мұғалім барынша оқушыға көңіл бөлуді жоспарлағанмен ойы жүзеге асар емес. Бұл жағдай олардың кәсіби дамуын, сабаққа тыңғылықты дайындалуын қиындатады. Соның кесірінен білім беру сапасы төмендеп, оқушылардың сабақ үлгерімі де кері кетіп бара жатқандай.
Білім беру барысындағы оқушының өз бетімен жұмысы, шығармашылық белсенділігі, ізденімпаздығы – бәрі де мұғалімнің назарында болуға тиіс. Өкінішке орай қазіргі жүйе оқушылардың шығармашылық әлеуеті мен жеке тұлға ретінде дамуын тежеп отыр.
– Бүгінде педагогика саласында жұмыс істеп, іспен көрінгеннен гөрі, қағаз жазып, «есеп беру» кең етек алып барады. Түрлі тақырыптағы апталықтар, қосымша әзірлеме, жоспар жасау, үлгерімі төмен оқушылармен, дербес жүргізілген жұмыстардың есебі, тәрбиелік іс-шаралар бойынша сілтемелер мен бағыттар бойынша папка жинақтау сияқты артық жұмыстар жетіп-артылады. Бұл мұғалімдердің көп уақытын алып жатыр. Жалпы ұстаздың негізгі міндеті – шәкірт тәрбиелеу, білімге баулу. Бүгінгінің ұстаздары есепті құжаттардың емес, білім мен мәдениеттің ортасында болуы қажет. Нағыз мұғалімнің кәсіби мақсатына кедергі келтіретін осы бір күрделі мәселенің шешімін тапқан кезде ғана оқушы үлгерімі – білім деңгейі оң нәтиже көрсетпек, — дейді Қызылқоға ауданы, Қарабау орта мектебінің мұғалімі Арайлым Қисметова.
Жаңашылдыққа бетбұрыс
Автоматтандыру жүйесін енгізіп, есепті оңтайландыру шешілсе, мұғалімге шығармашылықпен айналысып, оқушыға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік туады. Осы бағытта нақты шаралар қабылданғанда ғана ұстаздардың кәсіби шеберлігі артып, білім беру үдерісі жаңа деңгейге көтеріледі. Білім беру жүйесін тиімді ету жолында педагогтердің қағазбастылықтан арылуы – басты қадам. Егер осылай жалғаса берсе мектептің көрсеткішін, оқушының үлгерімін арттырып, сапаны жоғарылатамыз деу құр әурешілік екенін ұмытпаған ләзім.
– Әр мұғалімге бір айда 16 сағаттық жүктеме берілетін болса, ол күн сайын 3-4 сағат сабақ өткізеді. Ал, әр сабаққа 3-4 парақ қысқа мерзімді жоспар жазды деп есептесек, ол орта есеппен күніне 10 парақ, аптасына 50 парақ, айына 200 парақ, бір оқу жылына 1600 парақ есеп беруі керек екен. Сонда бір жылда бір мұғалім орта есеппен 3000 беттік есеп жазады. Бұл дегеніңіз А4 нұсқадағы жарты қораптан астам қағаз!.. Бұған әр оқушыдан алатын бөлімді жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалауды қосыңыз. Мұның бәріне кететін қағаз бен оны компьютерден шығаруға жұмсалатын шығындарды мұғалім өз қалтасынан төлеп жүр. Бұл – тек жай мұғалімнің жұмысы. Ал сынып жетекшісінің міндеттеріне жоғарыда аталған есептерден бөлек, әр оқушының күнделігін тексеру, ата-анамен байланыс орнату, түрлі есептер мен хаттамаларды жазу, тәрбие жұмысының жоспарларын әзірлеу сияқты міндетті жүктемелері қосылады. Мысалы, есеп беру немесе баяндама сияқты құжаттар 4-5 бет көлемінде болуы мүмкін. Бұлардың әрқайсысы орташа есеппен алғанда, бір оқу жылында бірнеше жүздеген парақ жұмсауды талап етеді, — дейді Махамбет ауданының Таңдай ауылында тұратын зейнеткер ұстаз Салтанат Рамазанова.
Әр саланың өзіндік қиындықтарын ескерсек, оқу мен оқытудың, үлгерім мен бағалаудың қағазбастылыққа тіреліп тұрғаны жүйесіз әрекетке әкеліп соқтырып жатқанын Салтанат апай жақсы түсініп отыр. Мектеп – тазалық пен әділдіктің бастауы екені ұмытылмаса, қоғам ешқашан көштен қалмайды. Сол себепті сапалы және табысты жұмыстың негізі үшін қағазбастылық пен жалаң есептен арылу қажет.
– Оның орнына заң негізінде ұстаздарды қолдау шаралары ұйымдастырылып, жүктемені азайтып, мұғалімнің абыройы мен беделін көтерсе әлдеқайда тиімді болар еді, — дейді зейнеткер ұстаз.
Ал қағазбастылықтан арылып, жаңашылдыққа бет бұру ұстаздардың жаңашыл идеялармен алмасып, кәсіби дамуға үлес қосуына кең жол ашады. Заманауи жаңа технологияны да, жасанды интеллектіні де жақсы меңгеріп, оны күнделікті сабағына қолдануына да зор мүмкіндік. Осылайша әр педагог өз ісінің шебері атанады. Педагогикалық қызмет тиімділігін арттырудың негізгі қағидасы – оқушы тәрбиелеу мен білім беру екенін естен шығармаған жөн-ақ.
Тоғжан ЕРМЕК
Сурет: egemen.kz