Білім

Оқу жылы жаңа форматта аяқталуда

Биыл еліміздің барлық мектеп оқушысы оқу жылын алғаш рет жаңа форматта аяқтады. Олар «Білімім-Отаныма!» атты бірыңғай сынып сағатын өткізді. Атырау қаласындағы жалпы білім беретін Ғ.Мұратбаев атындағы мектептің ІІІ сынып оқушылары сынып сағатын Гимнмен бастап, әрі қарай республика оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың құттықтауын тыңдады.

Үш топқа бөлінген оқушылар сынып сағатының тақырыбына талдау жасап, топқа берілген тапсырма бойынша «пазл» құрастырды, шыққан суреттері бойынша мақал-мәтелдерді жарыса айтты. Өнерлілері ән айтып, би биледі.

– Мен биылғы оқу жылын өткен жылға қарағанда ерекше аяқтап жатырмын. Әдетте мектеп ауласында сынып оқушыларымен соңғы қоңырау соғып аяқтасақ, осы жылы мұғаліміміз қызықты сынып сағатын дайындады. Мен үшін осы оқу жылы нәтижелі болды. Себебі мен «Сұйық саумал мен құрғақ саумалдың айырмашылығы» тақырыбында қалалық ғылыми жоба конкурсынан І орынды иелендім. Болашақта дәрігер болып, ауырған адамдарды емдегім келеді. Сондықтан, қазірден осы білім ордасында жақсы оқуға ниеттімін, – деді аталған мектептің ІІІ сынып оқушысы Қанипа Ысқақова.
Оқу жылының аяқталуына орай облыс көлемінде «1000 кітап» акциясы өтуде. Осы ретте білім саласының ардагерлері, ұстаздар, оқушылар бір-біріне кітап сыйлауда. Бастама аясында бастауыш сынып оқушысы оқу жылының аяқталуымен құттықтап келген Атырау облысының білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Аманшиеваға «Бейсен және болмыс» кітабын тарту етті.


– Атырау облысы бойынша 224 мектепте бірыңғай сынып сағаты өтті. Шара барысында әр сынып оқушыларына арналып жинақталған әдістемелік кітапшалар үлестірілді. Оның ішінде жарнама бетшесі де бар. Онда биылғы жазғы лагерлер туралы ақпараттар жарияланған. Оған қоса, оқу жылының қорытындылауына орай облыс төңірегінде «1000 кітап» акциясын ұйымдастырған болатынбыз. Ондағы мақсат – балаларды кітап оқуға баулу әрі жазғы демалысын тиімді өткізу, – дейді Света Ертілеуқызы.
Сынып сағаты барысында I-IV, V-VIII, IX-X сынып оқушыларына арналған әдістемелік материалдар жинақталған «Guidebook» кітапшасы таратылды

Айта кетейік, биыл облыста 148 мыңнан астам бала оқу жылын аяқтады. Оның 6000-ға жуығы – мектеп бітіруші түлек.

Малика ТӘКЕЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button