Енді студенттер 26 186 теңге көлемінде стипендия алады

Білім Жаңалықтар Саясат Қоғам

Atr.kz/20 қаңтар, 2020 жыл. Білім саласындағы басты жаңалықтың бірі – студенттер биылдан бастап ұлғайтылған көлемде шәкіртақы алады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жыл аяғында Үкіметке бакалавр, магистратура және докторантурада оқитын студенттердің шәкіртақысын 25 пайызға дейін өсіруді тапсырған болатын.

Сонымен, бұл жүйенің  орындалысы қалай? Кім  қанша көлемде стипендия алады?

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры Ләйла Қойшығұлованың айтуынша, қазіргі таңда оқу орнында 7330 бакалавр студент оқиды.

Оның ішінде мемлекеттік грантпен оқып жатқандарының саны – 800, 319-ы облыс әкімінің грантымен, аз қамтылған отбасы балалары арасында биыл алғаш рет Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған республикалық грантпен 40 студент тәлім алуда. «Бұдан басқа, 231 студент «Серпін» бағдарламасымен оқиды. Бұл бағдарлама бойынша Алматы, Маңғыстау, Тараз, Қызылорда және Түркістан облыстарынан келген студенттер білім алуда. Олардың арасында алғашқы түлектер келесі оқу жылында жоғары оқу орнын бітіреді. Бұдан басқа, бұл университетте бүгінгі таңда 274 магистрант бар. Оның ішінде 168-і мемлекеттік грантпен оқиды» дейді Ләйла Ерболатқызы.

 Биыл бірінші қаңтарға дейін  студенттер стипендиясы 20 949 теңге еді. Қазір 26 186 теңге болды. Елімізде жоғары оқу орнындағы студенттердің стипендиясы белгілі себептерге байланысты 2016 жылдан бері өспеген. Былтырғы Жастар жылында Мемлекет басшысының бұл жайтқа бей-жай қарамауы бірқатар жасты қуантты.

Ал, шәкіртақы қалай тағайындалады? «Түлек бірінші курсқа оқуға  түсіп, мемлекеттік грант ұтып алғанда оған мемлекеттік степендия қатар беріледі. Алғашқы семестрді 4 пен 5-ке бітірсе, шәкіртақы сақталады. Ал, бір пәннен «үштік» баға алып қалса, шәкіртақыны беру тоқтатылады. Тек қана мемлекеттік грант сақталады» дейді Л.Қойшығұлова.

Оның айтуынша, бұдан бөлек жоғары білім беру жүйесінде «Президенттік стипендия» бар. Бұл студент бірінші және екінші курстарды сабақты тек қана бестік бағаға оқыса, үшінші курстан бастап тағайындалатын ақы. Мұның сомасы – 65 мың теңге.  Шәкіртақының бұл түріне ие болу үшін мемлекеттік грантта оқуы міндетті емес.

Ақылы топта оқитын студенттер жоғарыда аталғандай, сабақтарын үздік оқуы тиіс. Білім және ғылым министрлігі тарапынан бұл стипендияға биыл бес квота берілді. Университетте бұл шәкіртақыға үміткерлер саны бұдан да көп болса, олар әлеуметтік жағдайына байланысты таңдалып алынады. Ең бірінші кезекте сабақ үлгерімінен кейін оның әлеуметтік статусына, яғни, көп балалы, аз қамтылған отбасының балаларына басымдық беріледі.

 Сондай-ақ, тұлдыр жетім балалар жоғары оқу орнында 100 пайыз тегін білім алады. «Алтын белгі» иегерлері арасында бірінші курс студенттерінің оқу ақысына – 50 пайыз, ал, екінші және үшінші курс студенттері үшін 100 пайыз тегін оқу жүзеге асады.

 «Жоғары оқу орындарында «Құқықтану», «Экономика» мамандықтарында мемлекеттік грант жоқ. Сондықтан, бұл мамандықта білім алушылар үшін аталмыш стипендиялардың маңызы зор. Сондай-ақ, оқу орнында қосымша Х.Досмұхамедов, С.Зиманов, Ә.Кекілбаев, Х.Доспанова атындағы арнайы стипендиялар қарастырылған» дейді Ләйла Ерболатқызы.

Мемлекеттік стипендияға қатысты жаңашылдық техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарындағы жастардың, яғни, колледж студенттерінің шәкіртақысына да қатысты. Олардың алатын сомасы да 25 пайызға еселенді. Жұмысшы мамандығы бойынша білім алып жүрген жастардың шәкіртақысы былтырғы қыркүйек айынан бастап 30 пайызға өскен еді. Енді, міне, тағы да 25 пайызға артты. Мұның барлығы еліміздегі білім беру реформасында жасалып жатқан тиімді жұмыстардың нәтижесі десек, артық айтқандық емес.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Бакалавриаттағы студенттердің стипендиясы  – 26 186 теңге

Магистранттар үшін – 66 913  теңге

Докторантурадағы тәлімгердікі –  102 492 теңге

Аружан ТАСБОЛАТОВА,

журналистика мамандығының І курс студенті:

Мұндай ақжолтай ақпаратты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жастар жылын қорытындылаған салтанатты жиында айтқан еді. Мен де осынау жаңалықты естіген бойда  ерекше қуандым. Бұған дейін шәкіртақыға 20 949 теңге алып жүрген едік.

Ендігі уақытта жиырма бес пайыздық өсіммен 26 186 теңге аламыз. Бұл сома – студент үшін әрине, әжептәуір көмек. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мұндай қолдау жастарды оқу, білімге ынталандырары сөзсіз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған