Жарнама
Білім

Өмірін еңбекпен өрген

Ұстаз деген сөз біз үшін қашанда қадірлі, қасиетті саналады. Небір данышпан мен қарапайым еңбек адамы да осы ұстаз алдынан өтеді. Сондай ұлағатты ұстаз, білікті басшы, мықты менеджер, қатардағы маманнан басшылық қызметке дейін сан жылдар бойы шыңдалып өскен, яғни өмірін еңбекпен өрнектеген жанның бірі – №3 «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Роза Бағытова.

Саладағы еңбек жолын 1986 жылы орта мектеп бітірген соң Атырау қаласындағы №17 «Шамшырақ» балабақшасында күтуші болып бастап, 1987-1991 жылдар аралығында Гурьев педагогикалық институтынан мектепке дейінгі педагогика және психология пәнінің мұғалімі, тәрбиеші мамандығын алған. Диплом алған соң тәрбиешілік жұмысты №26 ведомстволық балабақшада бастайды. 1994 жылдан 2009 жылға дейін №8 «Ақбота» бөбекжай-бақшасында I санатты тәрбиеші, бір жылдай №14 «Нұрай» балабақшасында жұмыс істеген соң, 2010 жылы №9 «Әлия» бөбекжай-бақшасына I санатты әдіскер болып ауысады. 2013-2015 жылдар аралығында №48 «Родничок» бөбекжай-бақшасында жоғары санатты әдіскер болған. 2015-2023 жылдары №10 «Құлыншақ» бөбекжай-бақшасына басшылық етті. II санатты басшы-менеджер ретінде жақсы көрсеткіштерімен танылған Р.Бағытоваға биыл ауысу тәртібімен №3 «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасын басқару жүктелген.

34688ec8 ad00 4a50 88d8 81fa7db68f04

Шынында, ол өмірден зор тәлім алып, мол тәжірибе жинақтады. Түйгенін ой елегінен өткізіп, таразының екі басына салып саралайтын басшы. Сөйте жүріп, ол тәрбиенің алтын діңгегі – ғибратты, ғұмырлы, ғасыр бойы бойымызға салт-дәстүрмен берілген ұлттық тәрбие тағылымын да насихаттауды ұмыт қалдырған емес. Педагогтардың білімі мен біліктілігіне қатаң талап қоя білген білікті басшы болып, ұжыммен тіл табысып кету үшін де адамның бойында ерекше қасиет болуы керек болса, бұл қасиеттердің барлығы Роза Ұзаққалиқызының бойынан табылады. Ұжымды айрандай ұйытып, ынтымаққа бастай білген білікті маман әуелі орталықтағы кадр мәселесінің тұрақталуына, қазіргі жаңа талапқа сай педагог әлеуетінің көтерілуіне жағдай жасауға жұмыстанып келеді.

Балабақша  – тәрбиенің ошағы десек, оның басшысы – өзі басқарған ұжымның шырағы. Роза Ұзаққалиқызы өз қызметі мен оқу-тәрбие процесін шеберлікпен ұштастыра біледі. «Ұлық болсаң, кішік бол» демекші, қарамағындағы қызметкерлерге кішіпейілдік танытып жүрген абзал жан. Оның басты ұстанымы – кең пейілмен мұқтаж жанға көмек қолын созу. Осы ұстанымының арқасында мекеме басшысы көп адамға көмектесіп, халықтың алғысына да бөленіп жүр. Ұжымы да басшыны ақылшы санап, туындаған мәселені дер кезінде шеше алатын ұйымдастырушы ретінде құрметтейді.

ffc8d884 fabd 4dbd a0e8 8cd4b41f0d6e

Роза ұстаз – өзінің сүйікті мамандығына қоса отбасында «Күміс алқалы» ана, сүйікті әже. Қазір өзінің білімділігімен, жан-жақты ізденімпаздығымен танылған жаңашыл басшы. Ізденген жанның алар асуы мен бағындырған белесі де аз болмасы анық. Оның көп жылдық нәтижелі еңбегі ескеріліп, республика Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталып, қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен түрлі байқауларда жеңімпаз атанды. Мысалы, 2021 жылы «Үздік балабақша меңгерушісі» атағын І дәрежелі дипломмен жеңіп алып, облыстық білім беру басқармасы әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен сайыста II дәрежелі дипломға сай «Үздік балабақша меңгерушісі» атанды. Сол жылы ел астанасында «Үздік 100 автор-2021» жобасының I дәрежелі дипломына қол жеткізді. Сондай-ақ биыл «Үздік педагог» төсбелгісімен марапатталып, республикалық «Тағылым», «Ұлы дала ұстазы», «Қазақ білімі» журналдарының «Ең үздік мақала» жеңімпазы атанды.

«Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» демекші, ол – білікті басшы, шығармашыл тұлға, ұжым мақтанышына айналған ұлағатты ұстаз. Сондықтан, білім сапасының артуына үлесін қосып, талай жыл қажымай-талмай еңбек етіп келе жатқан Роза Ұзаққалиқызының тұғырынан түспей, әлі де біраз белесті бағындыра береріне сеніміміз мол.

Алмагүл ІЗТІЛЕУОВА,

№3 «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының қазақ тілі маманы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button