
NU ғалымдары микроэлектроникаға қажетті материал әзірледі
Жаңа ультра икемді өткізгіш полимерлер «ақылды» білезіктерден медициналық сенсорларға дейін шағын электронды құрылғылардың жұмысын күрт жақсарта алады. Бұл туралы республика Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
NU ғалымдары көп функциялы үш өлшемді полимерлерді синтездеудің инновациялық әдісін тапты. Зерттеушілер енді әртүрлі кеуекті композитті материалдарды шығара алады. Сонымен қатар бұл жоғары тиімді энергия сақтау құрылғыларын, сенсорларды және басқа да озық технологияларды жасау үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
Топ жетекшісі, профессор Нұршат Нұражы атап өткендей, алынған жаңа материал миниатюралық және тиімді энергия сақтау құрылғыларын құрудың болашағын ашады:
«Микроэнергияны сақтау құрылғыларының дамуы киілетін электрониканың болашағы үшін өте маңызды. Біздің полимерлер дәстүрлі материалдардан асып түседі және шағын энергияны сақтау қолданбалары үшін ауқымды, үнемді шешім ұсынады. Олар дәл Қазақстанда өндірілуі де мүмкін».
Жаңа материалды смарт білезіктер, биосенсорлар және икемділік пен деформацияға төзімділікті қажет ететін басқа да құрылғылар сияқты киілетін гаджеттерде қолдануға болады. Ол өзінің қасиеттерін жоғалтпай иілуге және бұралуға төтеп береді.
Зерттеуші Гүлдана Жігербаева болашақ материалдың қасиеттерін атап өтті:
«Материалдық инженер ретінде мен ақылды материалдарды, яғни болашақтың материалдарын өндірудің масштабталатын әдістерін әзірлеуге тырысамын. Жаңа технологияның басты артықшылығы – оның әмбебаптығы мен қарапайымдылығы. Кеуекті полимерлерді синтездеудің қолданыстағы әдістерінен айырмашылығы – бұл тәсіл қосымша әдістерді, айқастырғыш агенттерді немесе диэлектриктерді қолдануды қажет етпейді. Бұл процесті айтарлықтай жеңілдетеді және оның құнын төмендетеді. Біз қазірдің өзінде икемді энергия сақтау құрылғыларын, газ датчиктерін және сутегі өндіру жүйелерін жасау кезінде осы әзірлемелерімізді қолданып жатырмыз. Осылайша платформаның тиімділігін дәлелденген. Синтездің ауқымдылығы материалдарды өндірісте қолдануға жол ашады».
Қазақстандық ғалымдар тобының полимерлік нанокомпозиттер саласындағы зерттеулері болашақтың тиімді икемді энергия сақтау құрылғылары мен материалдарын құру жолындағы маңызды қадам болғаны сөзсіз. Қазір ғалымдар жаңа синтездеу жолын басқа композиттік полимерлер жасау үшін пайдалануда. Бұл полимерлер сутегі өндірісінде, суды тазартуда, сезімтал сенсорларды жасауда және жаңартылатын энергия мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы басқа жобаларда қолданылады. Жұмыстың нәтижелері Nature Portfolio құрамына кіретін Scientific Reports беделді ғылыми журналында жарияланды.