Жарқын болашақ кілті — білімде
Махамбет атындағы қазақ драма театрында өңірдің ұстаздар қауымының басын қосқан тамыз кеңесі өтті
Биылғы оқу жылы – Тәуелсіздігіміздің 25-жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай дәстүрлі педагогикалық кеңестің тақырыбы да «Білімді ел-мәңгі ел» деп аталды. Конференция барысында жаңа 2016-2017 оқу жылына қойылған міндеттер мен мақсаттар баяндалды.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдің ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі. «Қазіргідей озық теxника заманында ұстаздар тек сапалы білімімен, ұрпақ тәрбиелеудегі сара жолымен айқындала алады», — деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, мұғалімдердің басқосуына арнайы келген ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының міндетін атқарушы Аxмед-Заки Дарxан жаңартылған қазақстандық білім жүйесінің тиімділігіне тоқталды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Бастауыш оқыту педагогикасы кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымының докторы, профессор Әзия Жұмабаева бірінші сыныптықтардың оқу бағдарламасына биылдан бастап енетін «Сауат ашу» пәнінің ерекшелігін айтып берді.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова жаңа оқу жылында көпшілік мектептерде «Робот техникасы» курсы енгізілетіндігін xабардар етті. «Бұл курс ғылым, технология, инжиниринг және математика бойынша оқытылады. «Робот техникасы» курсын оқыту – оқушылардың инженерлік және дизайндық-ойлау, математикалық модельдеу дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Биыл жетпіс педагог «Робот техника» курсын тәмамдаса, 53 педагог «Жаңашыл мұғалім – жеке тұлғаны қалыптастырудың сәулетшісі» тақырыбындағы ағылшын тілін меңгеру курсында біліктілігін арттырды» деді ол.
Жалпы мектептерге арналған робот теxникалық лаборатория Х.Досмұxамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде жабдықталыпты. Сондай-ақ, университет басшылығы тарапынан өңірдегі гимназия мектептері мен лицейлерге робот курсына қажетті құрал-жабдықтар табысталды.
Биылғы жылы облыста Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай мектептердің бәрінде 1 қыркүйек патриоттық тақырыптағы ашық сабақтар өтеді.
Педагогтар кеңесі кезінде білім саласында үздік жетістіктерге жетіп, біліктілігімен ерекшеленген Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясы ұжымына «Үздік ұжым» ретінде 14 000 000 теңгенің сертификаты табысталды. Сондай-ақ бірқатар ұстаздар облыс әкімінің Алғыс хатымен және «Оқу ісінің үздік қызметкері» төс белгісімен марапатталды.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.
Өте керемет