ЗЕРДЕНІҢ ЗЕРЛІ ШЫҢЫНДАЙ…

Қазір – білім мен ғылымның заманы. Ел көлемінде жүргізілген мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде жастардың терең білім алуына, оқып-ізденуіне мол мүмкіндік туындап отыр. Бұл ретте озық білім ордаларының да алар орны орасан. Республикамыздағы білімнің қарашаңырағы саналатын, талай түлектің арманына айналған Қазақ Ұлттық университетінде оқу мүмкіндігі бұйырып, білім нәрімен сусындаған сан мыңдаған студенттің бірі болғаныма қуаныштымын.

Шынында да, іргелі оқу орны – атына заты сай әсем қалашық. Өз білімі мен дарынына сенетін талапты да ізденімпаз жастардың ордасы екені көзге көрініп-ақ тұр. Өмірдің ең бір қимас шағы саналатын студенттік өмірді осы қабырғада өткеріп жүргенімді мақтан тұтамын.
ҚазҰУ болашаққа нық қадам бастырар саналы ғұмырдың бір айғағы іспетті. Еліміздің басты оқу орны менің білім алуға деген ұмтылысымды өрлетіп, талабыма нұр жауғызды. Оның себебі де аз емес. Мен қазіргі таңда есеп және аудит мамандығының төртінші курсында оқимын. Бұл ұямнан үлкен өмірге қанат қағып шығуыма да санаулы күндер қалды. Осы уақыт аралығында мамандығыма сай сапалы да терең білім алдым. Білікті де білімді ұстаздар, тәжірибелі ғалымдар, экономика ғылымдарының докторларынан алған дәрістерім болашақ өміріме сабақ боларлықтай санама жатталып қалды. 2007 жылғы жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы, мемлекеттік грантының иегері, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Cұлтанованың жетекшілігіндегі кафедрада алдыңғы қатарлы көптеген педагог-ғалымдар жұмыс істейді. Олардың қатарында Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор, доцент, аға оқытушылар бар.
Ұстаздарыма шәкірттік алғысымды арнап, білім нәрімен сусындатқан аяулы ұямды қимайтындығымды айтып өткім келеді. Осынау озық білім ордасымен мақтанамыз. Қазіргі таңда әр салада жүрген азаматтардың осы университеттен түлеп шыққаны да бізді жігерлендіреді. Әлемдік дәрежедегі білім, ғылым додаларында топ жарып жүрген университет студенттері – сол аға буынның жалғасы. Мен де сол үрдіске ілесе алсам, жетілгенім және самғап ұша алатындай болғаным деп сенемін.

Әлия ҚАБДОЛОВА,
ҚазҰУ Экономика және бизнес
жоғары мектебінің есеп және аудит кафедрасының 4-курс студенті.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз