«Ақырын жүріп, анық бас…»

75829443 e6cc 472e 943d 3259389138fd Білім

Осыдан бір ай бұрын ғана соғылған «алғашқы қоңырау» алтын ұя – мектебін аңсап жеткен балалар үшін бар жақсылықтың бастауындай болды. Облыстағы білім беру мекемелерінің қатары заманға лайық, соңғы үлгідегі ғимараттармен толығып, мыңдаған оқушы су жаңа мектептің табалдырығын аттап, жүздеген жас ұстаз «статусын» иемденді.

Шынында, ес білер шаққа жеткен соң адамға алдымен сапалы білім мен саналы тәрбие керек. Сондықтан, мектептің адам өмірінде алар орны ерекше. Ал, ұстаздық – баланың зейінін ашып, үлкен өмірге қадам бастырар қадірлі мамандық. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз де бекер айтылмаса керек. Облыс мектептерінде жалпы саны 17354 мұғалім болса, оның 345-і – биылғы оқу жылында жұмысқа қабылданған педагогтар.

Оқу жылында пайдалануға берілген BINOM мектептеріне көзі қызыққанымен «қазіргі мектебіміз ескі, бірақ баламның ұстазы сабақты жақсы үйретеді» деп мұғалімді қимағандықтан, баласын заманауи мектепке ауыстырудан бас тартқан ата-ананың айтқан сөзі әлі есімде. Шынында да, мектептің қаусаған қабырғасы қалса да, оның ішінде қадірлі мұғалім болса одан бала қашпайды. Ұстазы ұлағатты болса «алтынмен апталған зәулім сарайда оқисың» десе де, өзге жерге бармайды. «Мұғалім – мектептің жүрегі» деп сол себепті айтылса керек. Мектептің атақ, абыройы да онда қызмет ететін мұғалімдерге байланысты.

Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманованың айтуынша, өңірде біліктілік санаты бар педагогтардың көрсеткіші – 57 пайыз. Оның 2054-і педагог-модератор, педагог-сарапшы – 2578,  педагог-зерттеуші – 2305, педагог-шебер – 162. Санды емес, сапаны арттыру мақсатындағы «Мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтарды тиісті қолдау шараларының пакетімен тарту қағидаларын бекіту туралы (Арнаулы бағдарлама)» Үкіметтің арнайы қаулысы аясында мектептерге былтыр 9 үздік педагог орналасса, биыл осындай тағы 2 маман келген.

– 2024 жылы облыс бойынша 5 мыңнан астам педагог біліктілігін жетілдіреді. Бұрын мұғалімдер бес жыл сайын біліктілігін арттырса, биылдан бастап үш жылда бір рет қана біліктілігін арттыру құқығы берілді. Педагогикалық қызметкер бұрын алған кәсіптік құзыреттерін сақтау және дамыту мақсатында біліктілігін арттыру курсынан өтеді, ал олардан өту тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды. Ұстаздар алған білімін практикада іске асыруы үшін біліктілікті арттыру курстарын өткізетін мекемелер білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен курстан кейінгі қолдауды да тегін жүзеге асырады. Бағдарлама міндеттерін жүзеге асыру барысында «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорымен бірлескен «Атырау облысының орта білім беру жүйесін кешенді дамыту», қала және ауылдық шағын жинақты мектептер арасында білім беру сапасының алшақтығын қысқарту бағытындағы «Мобильді әдіскер», педагогтың кәсіби қажуының алдын алатын «Дүйсенбілік мотивация» секілді жобалар жұмыс жасайды, – деді Орынтай Молдашқызы.

Зер салсаңыз, қатардағы кейбір мектептерде де балаға бар ынтасымен білім нәрін беріп, шәкіртін түрлі деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатыстырып, адал еңбегінің жемісін көріп жүрген ұлағат иелері бар. Олар атақ-даңқ үшін емес, бар ойы «баланы оқытсам, сауатын аша түссем» деп жүрген ардақты мамандық иелері. Мұндай мамандардан Атырау өңірі кенде емес. Дегенмен, облыста кейбір пәндер бойынша кадрлардың жетіспеуі маңызды мәселеге айналғалы қашан. Шындығында, ата-аналар «балаңды орыс сыныпқа берме, оны оқытатын маман аз» деп тектен-тек алаңдап жүрген жоқ. Жергілікті әкімдік грантын бөлу секілді тиімді жолдар қарастырылғанымен орыс тілін оқытпайтын мектептерде орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне деген  қажеттілік әлі де жоғары. Бұл орыс тілді балалардың болашағы қалай боларын бағамдағандай.

Басқарма өкілі 2017 жылдан бері орыс сыныптарында жетіспейтін педагогтарға көңіл бөлініп, оқимын деген жасқа жергілікті білім беру гранттары беріліп келе жатқанын тілге тиек етті. Алайда, орыс сыныптарына сабақ беруді өз еркімен таңдайтындар саны тым аз. Тіпті, биыл орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімдігіне жергілікті грантқа бірде-бір абитуриент талап қылмаған.

Десек те, мұғалімнің «мәртебесі» көтеріліп, жалақысы жоғарылағалы бері педагогикалық мамандыққа деген жастардың қызығушылығы арта түскен. Алайда, қазір кез-келген жан мұғалім бола алмайды. Өйткені, өзгелер секілді мұғалім де білімді әрі әмбебап болуы тиіс. Бұл – уақыттың талабы. Ағарту саласының профессорлары мұғалім білім көзі ғана емес, сонымен қатар, оқу-тәрбие процесінің белсенді қатысушысы болуы керектігін тектен-тек айтып жүрген жоқ. Мұғалімнің міндеті – әр баланы оқу процесіне қатыстырып, оны тыңдай білу, өзінің көмекшісіне айналдыру, оқушының көзімен оны мазалайтын мәселеге терең үңілу. Осы секілді әдістерді жақсы меңгерген маман ғана педагогикалық әрекетті дұрыс ұйымдастыра алатынын зерттеу нәтижесі көрсетіп отыр.

Бүгінде мұғалімді бұрынғыдай мектеп директорлары да беталды жұмысқа қабылдай алмайды және қазір педагогикалық дипломы болса да, кез-келген адам бірден жұмысқа орналаса бермейді. Себебі, педагог қызметкерлерді жұмысқа қабылдаудың өзіндік ережесі бар. Әр мұғалім сол талапқа сай болуы тиіс. Алдымен, бағалау парақшасын толтырып, арнайы конкурсқа қатысады. Егер бірнеше мұғалім бір орынға бірдей балмен түскен жағдайда арнайы комиссия үміткерлермен әңгімелесу арқылы шешім шығарады. Сонымен қатар, жоғары оқу орнын бітіруші түлектер міндетті түрде ұлттық біліктілік тестілеуден өтіп келеді. Оның тиісті балын жинаған жас маман ғана конкурстық негізде жұмысқа қабылданады. Алайда, мұғалімдерді қызметке қабылдау талабы қатаңдай түскенмен, облыстың білім сапасы әлі де сын көтермейтіні жасырын емес. Мұны сыртқы бағалау критерийлері бойынша білім беру нәтижелерінің деңгейін (ББЖМ, PISA, PBTS, (PISA-based Test for Schools), TIMSS, PIRLS, ICILS, ҰБТ) анықтау жұмыстары айқындап беріп отыр.

Әр адамның өмірінде ұстаздың ролі ерекше. Дегенмен, бүгінгі білім беру жүйесін өткенмен салыстыра алмайсыз. Заман ағымына ілесу үшін ұстазға қойылар талап та өзгерді. Цифрлы техника тілін меңгеріп, өз ортаңызда белсенді болуыңыз қажет. Бастысы, берген біліміңіз уақыт талабына сай әрі сапалы болуы тиіс. Атырау – талай тұлғаларды қанат қақтырған өңір болғандықтан, көпке топырақ шаша алмаймыз. Шәкірттеріне сапалы білім ғана емес, саналы тәрбие беріп, алдындағы әр оқушыны өз баласындай үкілеп отырған ұлағатты ұстаздар да баршылық. Олар тәрбиелеген оқушылар – облыстың дарынды балалары, республика көлеміндегі үздік олимпиадалық командалар есебінде жаратылыстану-математика бағытында II орынды, қоғамдық-гуманитарлық бағытында ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ халықаралық, республикалық білім сайыстарына қатысқан 360 қатысушының 160-ы жүлделі орындарға қол жеткізді.

Облысқа жолы түскен сайын үнемі білім сапасын арттыру жөнінде ой өрбітіп, негізгі түйткілдерді тізбектеп, оның себебін жоюдың жолдарын ұсынатын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың бүгінгі заман талабына сай мұғалімге аса қажетті бес дағдыны атап айтқаны бар:

«Біріншіден, цифрлық сауаттылық. БҰҰ ұйғарымына сәйкес, «бұл экономикалық және әлеуметтік өмірге араласу үшін цифрлық құрылғылар мен желілік технологияларды қолдану арқылы ақпаратты қауіпсіз және тиісті түрде басқару, түсіну, ықпалдастыру, өзара ақпарат алмасу, бағалау, әзірлеу және қажетті ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі». Қазірдің өзінде тиісті деңгейге сәйкес цифрлық сауаттылығы қалыптаспаған адамның, әсіресе мұғалімнің жұмысқа орналасуы оңай емес. Себебі, балалардың функционалдық сауаттылығын дамыту үшін оқу материалдарын, қолданылатын әдістемелер мен технологияларды үнемі жаңартып отыру қажеттілігі бар.

Екіншіден, ақпаратты талдау, оның ішінде өзі ұйымдастырып отырған оқу процесінде жинақталған статистикалық деректерді талдау. Мұғалімдер өзекті деректер мен ақпаратты талдау негізінде, оқыту стратегиясын, дайын әдістемелік құралдар мен оқулықтарға сүйенбей, өздері анықтауы қажет. Бұл сабақтың сапасын арттырады.

Үшіншіден, өз тәжірибесін зерттеу проблемаларды айқындауға, рефлексия жасауға, олардың шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді. Осының негізінде алқаластық және ынтымақтастық ахуал қалыптасады. Оқушыларға педагогикалық көмек көрсету қажет уақытында іске асады.

Төртіншіден, мектептің басқа да білім, ғылым мекемелерімен, жергілікті қауымдастықпен, мемлекеттік, қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастығы. Олардың потенциалын оқу-тәрбие үдерісінде кеңінен пайдалану қажет. Шығыс халықтарының «бір баланы өсіру үшін бір ауыл еңбек етеді» деген даналығын ұмытпаған жөн.

Бесіншіден, мектептің өз ішіндегі өзара сенім және ынтымақтастық. Бұл мұғалімдер өз білімімен бөлісіп қана қоймай, өздері де кәсіби тұрғыдан дамуға, ең тиімді озық оқыту тәжірибелерін анықтауға және оларды белсенді таратуға болатын қоғамдастықтар құруға мүмкіндік береді. Ең негізгісі, ақылдаса отырып ұйымдастырылған сабақтардың сапасы артады, оқушының қажеттілігін сол сыныпта сабақ беретін ұстаздар бірлесе отырып шешуге мүмкіндік алады.

Мұқият оқып, түсіне білген адамға Күләш Ноғатайқызы айтқан бұл бес дағды бүгінгі әр мұғалімге бағдаршам боларлықтай құндылықтар. Тек оның мәнін ұғынған әр ұстаз өзін соған икемдей алса игі.

Түйін:

«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деп ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин айтқандай, мектептің мерейі мен баланың болашағы – мұғалімнің қолында. Сондықтан, перзентінің санасына сәуле шашсыншы деп әр күн баласын мектепке әкелетін ата-ананың ұрпағына артқан үміті ақталып, ұстазға деген сеніміне селкеу түспеуі тиіс. Қандай іс, оның ішінде ағартушылықтың болашағымыздың кілтін ұстаған бүгінгі ұрпақ үшін жасалып жатқаны әркез ұстаздың қаперінен шықпауы шарт. Өйткені, ұстаз да не ексе, соны орады…

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз