Мұғалім мен ата-ана бірін-бірі танымайды
Жас ұрпақты әдепті де саналы, арлы да абыройлы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен әдет-ғұрпымызды, дәстүрлі дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған мұраларды саналарына сіңіре білуіміз қажет. Бұл мақсатта «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының маңызы зор. Мектеп қабырғаларында өткен оқу жылынан бастап қолданысқа енгізілген аталған бағдарламаның артықшылығы неде? Оны жүзеге асыру барысында қандай мәселелер туындады? Салаға қатысты осы және өзге де сауалдардың жауабы педагогтардың өңірлік тамыз мәслихаты аясында өткен «Біртұтас тәрбие бағдарламасы: Қолжетімді мақсат. Нақты қадамдар. Нәтижелі болашақ» тақырыбындағы секциялық отырыста қамтылды.
«Біртұтас тәрбие» – бала болашағы
– «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы былтырғы оқу жылында республиканың барлық білім беру мекемелерінде қолданысқа енгізілді. Басты мақсат – тәрбиені біріздендіру, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Бағдарлама биылдан бастап Президенттің III Ұлттық құрылтайда атап өткен 6 басты құндылыққа негізделіп, жаңартылып, білім ұяларына ұсынылып отыр, — деді облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Кәмшат Шошақова.
Оның айтуынша, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында арнайы жобалар жасақталған.
– Мәселен, «Қамқор» жобасы – әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру арқылы құндылықтарды дәріптеуді, ал «Еңбегі адал жас өрен» – білім алушылардың әртүрлі мамандыққа деген қызығушылығын арттыруды және еңбекқорлық идеясы арқылы құндылықтарды насихаттауды көздейді. Сонымен қатар, «Smart bala» – инновациялық жобалар конкурсымен, ал, «Шабыт» жобасы – білім алушылардың шығармашылық әлеуетін ашу арқылы құндылықтарды өскелең ұрпақтың бойына дарытуды мақсат тұтады. «Ұшқыр ой алаңы» жобасы – тілдік дағдыларды дамыту және тақырыптық талқылау арқылы құндылықтарды дәріптесе, «Балалар кітапханасы» – кітап оқуға және білім алуға қызығушылықты қалыптастыруды көздейді, — деді ол.
Сылтау себеп болмайды
Өткен оқу жылында аталған бағдарлама аясында әр апта сайын іс-шаралар ұйымдастырылып, акциялар мен челлендждер өткізілген болатын. Бағдарлама аясында мектеп директорлары мен сынып жетекшілері оқытылып, мүдделі органдармен бірлескен жұмыстар атқарылған. Десек те бағдарламаны жүзеге асыру барысында арнайы жүргізілген сауалнама нәтижесі бірқатар мәселенің басын ашып беріп отыр. Мәселен, облыстағы жүзден астам сынып жетекшісінің баланың ата-анасын оқу жылы бойына көрмегенін, түр-тұрпатын танымайтынын айтса, ата-аналар сынып жетекшілерімен байланысқысы келгенімен олардың үнемі қолы тимейтінін айтып көрсеткен. Ал, мұның өзі ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты әлі де нығайта түсу қажеттігінің айқын дәлелі. Әсіресе, сынып жетекшілері түрлі сылтау айтпай, қызметін, ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезіне білуі тиіс.
Басқарманың бөлім басшысы Кәмшат Бекішқызы бағдарламаны жүзеге асыруға қатысты бірқатар ұсынымдарын да ортаға салды. Олардың қатарында, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзіндегі негізгі құндылықтарды барлық білім беру ұйымдарының тәрбие бағытының басты ұстыны ету және Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығы негізінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыруда оқу аптасының басында бірінші сабақта білім алушылар еліміздің Гимнін орындауын дәстүрге айналдыру, «Мектеп формасы» жобасы аясында білім алушылар мен мұғалімдердің мектеп ережесі талаптарын сақтауы және ата-аналармен заңға сәйкес түсінік жұмыстарын жалғастыру мәселелері бар.
«Біз бірдейміз» жобасының ерекшелігі
Облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияда өткен шарада сөз алған Индер ауданы «Көктем» қазақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсел Сарғойшина «Біз бірдейміз» деп аталатын әлеуметтік жобасын таныстырды.
– Мақсатым – жоғарғы сынып оқушыларының ерекше балаларға және төменгі сынып оқушыларына білім алу мен әлеуметтенуде қолдау көрсету. Сонымен қатар, жоғарғы сынып оқушыларының ерекше және төменгі сынып оқушыларына білім алу мен әлеуметтенуде қолдау көрсету арқылы олардың бойына құндылықтарды енгізу, қоғамға пайдалы да мейірімді тұлға дайындау болып табылады. «Біз бірдейміз» жобасы ерекше білім алатын балалар мен төменгі сынып оқушыларын қолдау және ерекше білім алатын балаларды мәдени шараларға тарту бағыттары бойынша жұмыс жасайды, — деді ол.
Оның айтуынша, әлеуметтік мәселені шешуге негізделген бұл жоба балалар арасындағы буллингтің алдын алып, ынтымақтастық пен жауапкершілікті нығайтуды, жасөспірімдерді еңбекқорлыққа тәрбиелеуді көздейді.
Оқушы мешітте жүр…
Жиынға қатысқан «Жәрдем Атырау» коорпоративтік қорының директоры Артур Айтмағамбетов оқушыларды әсіресе, діни жат ағымнан сақтандыру қажеттігін айтты.
– Жасыратыны жоқ, тағы бір өзекті мәселелердің бірі – ер балалардың жұма күндері немесе басқа да уақытта діни жоралғылар атқару үшін сабақтан кетіп қалуы немесе қатыспауы. Осы секілді жағдайлар тіркелсе, яғни, сабақ уақытында сабаққа қатыспай діни жоралғылар атқару үшін кетіп қалса, бірінші ескерту жасалып, кейін бірнеше рет қайталанған жағдайда ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес, ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және (немесе) оларға білім беру, олардың құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау жөнiндегi, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы – он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді. Яғни, осындай жағдайлар орын алса, оқушының ата-анасына 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Жыл ішінде қайталанатын болса айыппұл мөлшері екі еселенеді. Ата-анасының нұсқауы бойынша сабаққа қатыспау мәселесінде, арнайы сот арқылы ата-ана құқығынан айыру жағдайлары да кездесуі мүмкін, — деді Артур Алтайұлы.
Педагогтардың тамыз мәслихаты аясындағы «Біртұтас тәрбие бағдарламасы: Қолжетімді мақсат. Нақты қадамдар. Нәтижелі болашақ» тақырыбында өткен секциялық отырыста жасанды интеллект технологияларын оқу процесінде қолдану, ұстаздардың сандық құзыреттілігін арттыру, сыбайлас жемқорлықты болдырмау жайы да сөз болып, шараға қатысқан әдіскерлер мен мектеп директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, тәлімгерлер ой-пікірлерін айтып, ұсыныстарын саралады.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
Сурет: tengrinews.kz