Жарнама
Білім

Маман тапшылығы қашан жойылады?

Кім-кімнің де ес білген соң болашақ қадамы – білім ұясы. Бұрын бастауыш, орталау, негізгі орта және орта болып бөлінетін білім мекемелері жетіжылдық, сегізжылдық, тоғызжылдық және онжылдық оқу бағдарламалары арқылы жұмыс істесе, қазір тек қана бастауыш, негізгі орта және орта білім бағдарламаларымен оқытылады.

Ал, ұстаздық – баланың зейінін ашып, үлкен өмірге қадам бастыратын қадірлі мамандық. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз де осындайда айтылса керек. Білікті ұстаздан тәлім алған баланың болашағы жарқын боларын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Ендеше, біздің ұстаздардың біліктілік деңгейі, мұнайлы өңір мектептеріндегі маман тапшылығы мен оны шешу мақсатындағы жұмыстар жөнінде арнайы талдау жасаған едік.

Өз уақытын аямаған…

Оқу жылы қарсаңында баласын беретін мектеп іздеп отырған танысымның жанына келіп жайғасқан егде жастағы әйел:

– Мектепті емес, мұғалімді таңдаңдар, шырағым. Мектепті жақсы қылатын да, жаман қылатын да мұғалім, — деп ақылын айтты.

Кейін сол кісінің ардагер ұстаз екенін білдік. Ойланып қарасаңыз, шынында да солай екен ғой!..

Атырауда жаңа оқу жылында ашылатын инклюзивті білім беру мүмкіндігі бар, аралас тілде оқытатын ВINOM мектебінің мұғалімдері де алыстан келген жоқ, бәрі де жергілікті ұстаздар. Бірақ ата-ананың таңдауы әр түрлі, қазір атыраулықтардың бұл мектептерге деген қызығушылығы жоғары. Десек те, жоғарыда айтқан тәжірибелі ұстаздың ақыл-кеңесі баланың сапалы білім алуы мектебіне емес, мұғаліміне байланысты екенін нықтай түспей ме?!

Зер салсаңыз, кәдімгі мектепте де бар ынтасымен тер төгіп, шәкіртін түрлі деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатыстырып, жақсы нәтижелерге жетіп жүрген тәп-тәуір мұғалімдер бар. Оларға мадақ-мансап керек емес, есі-дерті – баланы оқытып, терең сауатын ашу. Мұндай мамандардан Атырау өңірі де кенде емес.

Ал, кейбір пәндер бойынша жақсы педагог емес, штатты толтыратын кадрдың болмауы маңызды мәселеге айналғалы қашан?! Шындығында, ата-аналар «балаңды орыс сыныпқа берме, оны оқытатын маман аз» деп тектен-тек алаңдап жүрген жоқ. Жергілікті әкімдік грантын бөлу секілді тиімді тәсілдер бола тұра, орыс тілін оқытпайтын мектептерде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне қажеттілік әлі де жоғары. Бұл орыс тілді балалардың болашағы бұлыңғыр екенін аңғартқандай.

Десе де, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова 2023-2024 оқу жылында мекемелер 400-ден астам жас маманмен толығатынына сенімді.

– Қазір негізінен орыс сыныптарында сабақ беретін мамандарға сұраныс жоғары. Кадр жетіспеушілігін болдырмау мақсатында жергілікті жастарды оқытуға қолдау көрсетіліп келеді. 2017 жылдан бері облыс әкімдігі ауыл жастарын, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасы балаларын, дарынды оқушыларды қолдау мақсатында өңірлік квота бөліп келеді. Жақында ол пысықталып, облыс бойынша педагогика саласының мамандықтарына 219 квотаға сұраныс берілді, — деді Орынтай Молдашқызы.

268 білім гранты бөлінді

Бір қуанарлығы, кадр тапшылығы проблемасын шешу үшін бес жыл бұрын қолға алынған облыс әкімі гранты иегерлерінің алғашқы легі былтыр дипломын алып, елге еңбек ете бастады. Ал, биыл жергілікті бюджет есебінен қажетті мамандықтарға облыс әкімінің 268 гранты тағы бөлінген. Оған тиісті құжаттар 5-11 тамыз аралығында қабылданады.

– Мектептердің жұмысын нығайту үшін алдымен мықты педагогтар керек. 2017 жылдан бері әкім гранты сол үшін бөлініп отыр. Бір ескерерлігі, бұл тегін оқу мүмкіндігі жергілікті жерде тапшы мамандықтарға ғана беріледі. Облысқа қажетті мамандар алдын ала жүргізілген зерделеу негізінде анықталады. Олардың арасында педагогтар да бар. Қазір бізге қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті, химия, математика, физика пәнінің мұғалімдері жетіспейді, — дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова.

Бұл грантқа ие болу мүмкіндігі – мектеп түлегінің ұлттық бірыңғай тестілеуден алған балына байланысты. Талапкердің ұпайы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым үміті басым. Шынында да, бұл – білімге құштар баланың болашағын қалыптастыруына таптырмас мүмкіндік. Сонымен қатар, облыс әкімінің гранты биылдан бастап тек бірінші курс студенттеріне емес, жергілікті жерге аса қажетті мамандықтар бойынша оқып жатқан жоғары курс студенттеріне де қарастырылған.

Жалпы бес жылдан бері педагогикалық мамандық-тарға – 579, медицина бағытындағы мамандықтарға – 281, дінтану және теология, мәдениет, өзге де мамандықтар үшін 138 грант бөлінген.

Ұстаздыққа әркімнің бар таласы…

Жасыратын не бар, соңғы бірер жылда мұғалімдердің жалақысы өскен соң оған деген құмарлық та артқан. Алайда, қазір екінің бірі мұғалім бола алмайды. Өйткені, өзгелер секілді мұғалім де әмбебап болуы тиіс. Бұл – уақыттың талабы. Ағартушы- профессорлар мұғалім білім көзі ғана емес, оқу-тәрбие процесінің белсенді қатысушысы болуы тиістігін бекер айтып жүрген жоқ.

Мұғалімнің міндеті – әр баланы оқу процесіне қатыстырып, оны тыңдай білу, көмекшісіне айналдырып, оқушының көзімен оны мазалайтын мәселеге үңілу. Осындай әдістерді жақсы меңгерген мұғалім ғана педагогикалық әрекетті дұрыс ұйымдастыра алады.

Бір ғажабы, енді мұғалімді бұрынғыдай мектеп директоры жұмысқа қабылдай алмайды және қазіргі талапқа сәйкес педагогикалық диплом алғанның барлығы бірден жұмысқа қабылдана бермейді. Өйткені, педагогтарды жұмысқа қабылдаудың өзіндік ережесі бар. Әр мұғалім сол талапқа сай болуы шарт.

Әуелі бағалау парақшасын толтырып, арнайы конкурсқа қатысады. Егер бірнеше мұғалім бір орынға бірдей балмен түскен жағдайда арнайы комиссия үміткерлермен әңгімелесу арқылы шешім шығарады. Сосын жоғары оқу орындарын бітіргендер міндетті түрде ұлттық біліктілік тестілеуден өтіп келеді. Одан тиісті ұпай жинаған жас маман ғана конкурстық негізде жұмысқа қабылданады.

Алайда, талап қатайғанымен, Атыраудағы білім сапасы әлі де сын көтермейді.

«Мобильді әдіскер», «Сенбілік мотивация»

Иә, баланың бағының жануы – білікті де талапшыл ұстазға байланысты екені уақыт көрсеткен аксиома. Сондықтан, мұғалім мектепті «ақша табатын жер» деп қарамай, ең алдымен «баланы сауаттандыруым қажет» деген көзқараста болғаны абзал. Бүгін нарық заманы болғанымен, әркім мамандыққа да, ар алдында да адал болуы керектігін ұмытпауы тиіс. Өйткені, бала – отбасының, мемлекеттің болашағы. Сол себепті мұғалімдердің біліктілігін арттыру бейжай қарайтын мәселе емес.

«Педагог мәртебесі туралы» Заң бойынша әр мұғалім кемінде үш жылда бір рет біліктілігін арттыруға құқылы. Соның нәтижесі шығар, Білім беру басқармасының мәліметіне қарағанда, педагогтарды дамыту бағытында жаңашыл жобалар да бастау алған.

– Біліктілік арттыру – оқыту мен оның сапасын арттыру үшін жаңа білім алуға, бұрын алған кәсіби білімі мен білігін, дағдылары мен құзыреттерін қолдап, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны. Өткен оқу жылында облыс мектептері арасында білім беру сапасының алшақтығын қысқарту бағытында педагогтарды әдістемелік қолдау мақсатындағы «Мобильді әдіскер» жобасы жүзеге асты. Педагогтың кәсіби қажуының алдын алу мақсатында әр сенбі сайын танымдық, әлеуметтік тақырыптарға арналған «Сенбілік мотивация» жобасы да өтті. Инновациялық табысты жобалардың бірі – мектеп командасы қызметі де бастау алды. Бүгінде облыстағы 66 мектепте 198 педагогтан тұратын мектеп командасы жұмыс жасайды, — деді басқарманың баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова.

Бүгінде ауыл мектептерінің 800-ге жуық мұғалімі функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтсе, 3600 педагог АКТ-құзыреттілік курстарын оқып, өз дағдыларын жақсартқан. Сондай-ақ жаңа технологиялар, ғылыми инновациялар, математикалық модельдеу, бағдарламалау, робот техникасын және бастапқы технологиялық даярлықты дамытуға бағытталған STEM бағдарламасын оқу процесінде сапалы іске асыру үшін басқарма мен «Bilimlаnd», «STEM Akademia» компаниялары арасында әріптестік қатынас арта түскен.

Түйін:

Ағартушы-демократ Ыбырай Алтынсариннің: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөзі – алтынмен тең құндылық. Ендеше, мектептің мерейі мен баланың болашағы – мұғалімнің қолында. Сондықтан, перзентінің санасына сәуле құйылсыншы деген ниетпен күн сайын баласын мектепке әкелетін ата-ананың ұстазға деген сеніміне селкеу түспеуі тиіс. Қандай іс атқарылса да, бүгінгі ұрпақ үшін жасалып жатқанын ұмытпайық. Ал, адам не ексе, соны оратыны өзінен-өзі түсінікті!..

P.S. Таңқаларлығы сол, біз мәселенің қай жағынан келсек те, «білім беру саласында кадр тапшылығы қашан жойылады?» деген сұрағымызға нақты жауап ала алмадық…

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button