ОБЛЫСТАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКТЕПТЕР 100 ПАЙЫЗ БЕЙНЕБАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІМЕН ҚАМТЫЛҒАН

whatsapp image 2021 11 05 at 15.59.18 1 Білім

«Бұл туралы өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында айтылды»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жиында отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастағы, экология саласындағы құқық бұзушылықтар мен білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселелері қаралды.

Облыстық Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылған шараларды баяндады. Оның айтуынша қылмыстардың алдын алу мақсатында жыл басынан бері «Тұрмыс», «Құқықтық тәртіп», «Есеп» және т.б. жедел-профилактикалық іс-шаралары ұйымдастырылып келген. Десе де, осы жылдың 9 айында отбасы-тұрмыстық саласындағы қылмыстардың саны 25%-ға өскен. 

Сондай-ақ, өңірдің бас полицейі жалпы көрсеткіштерге де тоқталып өтті.

whatsapp image 2021 11 05 at 15.59.18

«Биыл 9 айда облыс бойынша ақпараттарды есепке алу кітабына 30 мыңнан астам хабарламалар мен арыз-шағымдар тіркелген. Олардың ішінде, отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында орын алған 4934 құқық бұзушылықтар туралы хабарламалар қаралып, өз үйінде отбасы тыныштығын бұзғандары үшін 1479 тұлға әкімшілікке жауапкершілікке тартылды»,-деді ол. 

Отырыста Білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев өңірдегі оқу орындарындағы қауіпсіздік ахуалы туралы баяндады.

«Облыстағы мемлекеттік 196 мектеп 8126 бейнебақылау жүйесімен жарақтанып, 100 пайыз қамтылып отыр. Оның ішінде «Сергек» құрылғысы арқылы Жедел басқару орталығына қосылғандары да бар. Сондай-ақ, 39 мектепке мамандандырылған күзет қызмет көрсетіп, 138 мектепке турникет орнатылып, 196 мектепке «дабыл түймесі» қондырылды»,-деді ол.

Сонымен қатар, басқарма басшысының сөзінше, мемлекеттік 150 балабақшаға 5397, ал 17 колледжге 695 бейнебақылау камерасы қойылған. С.Есенғалиев мемлекеттік емес білім беру орындарында да осындай қауіпсіздік шаралары алынып жатқанын айтып өтті.

whatsapp image 2021 11 05 at 15.59.18 2

Ал, Экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхамбетовтің мәлімдеуінше, 9 айда 52 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 135 бұзушылық анықталған, заңсыздықты жою туралы 100 нұсқама беріліп, 46 әкімшілік іс қозғалған.

Жиын соңында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов құқық бұзушылық бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтып, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді.

«Атырау облысы Полиция департаменті есепте тұрған жанжалқорлармен және қолайсыз отбасылармен профилактикалық жұмыстарды жандандырсын. Көшелерде, соның ішінде көп қабатты тұрғын үйлер алқаптарында, ескі көлік тұрақтары, иесіз ғимараттар және өзге де автопатрульдер бара алмайтын жерлерде жаяу патрульдеуді күшейтсін»,-деген М.Досмұхамбетов, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, қала және аудан әкімдіктеріне жыл соңына дейін қолайсыз және өмірлік қиын жағдайда қалған отбасылар мен азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жұмыстарын кең көлемде ұйымдастыруды міндеттеді.

Сонымен қатар, өңір басшысы экологиялық құқық бұзушылықтардың фактілері бойынша әлеуметтік желілерге үнемі мониторинг жүргізіп, бұзушылықтардың салдарынан мемлекетке келтірілген залалдың уақтылы әрі толық көлемде өндірілуін қамтамасыз етуді міндеттеді.Сондай-ақ, білім беру саласындағы қауіпсіздік бойынша атқарылуы тиіс жұмыстарды мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз