МАҚСАТ – ТҮПКІ НӘТИЖЕ

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Әлеуметтік экономикалық жаңғыру – Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауының негізгі міндеті қазақстандықтарға білім берудің жаңа сапасына көшу туралы тапсырманы орындау еді. Қазіргі кезде жоғары білім жүйесін реформалаудың басты мақсаты – күтілетін нәтижелерге қол жеткізу.

 

Атырау қазақ-түрік лицейінде халықаралық стандартқа сай, озық үлгідегі оқу-әдістемелік тәсілдермен, қазақ, ағылшын, орыс, түрік тілдерінде білім беріледі. Осының айғағы бүгінгі таңда түлектеріміз АҚШ, Англия, Канада, Сингапур, Малайзия, Ресей, Түркия, Қытай, Чехия сияқты елдердің жоғары оқу орындарында дәріс алуда. Онға тарта лицей түлегі Назарбаев университетінің студенті атанды. Атырау қазақ-түрік лицейінің оқыту модулінде бірнеше ерекшеліктер бар.

Бірінші ерекшелігіне келсек, ата-ана-мұғалім-оқушы үштігі тығыз байланыста жұмыс жасайды. Екінші ерекшелігі, білімді және білікті мұғалімдер. Мұғалімдер сабақтарды компьютерлік технологияны, интернет жүйесін, интерактивті тақта, электронды оқулықтарды қолданады. «KATEV» халықаралық қоғамдық қоры лицейдің оқу және тәрбие үрдісін әлемдік деңгейде жаңашыл инновациялық жүйемен басқарып, мұғалімдерді қайта даярлап оқытудың жаңа технологияларын меңгерту мақсатында жылына екі-үш рет семинарлар ұйымдастырылып, ұстаздардың кәсіби біліктілігін шыңдайды.

Үшінші ерекшелік: Көп тілде білім беру. Лицейде ағылшын тілін үйрету – білім беруді дұрыс жолға қоюдың алғы шарты. Себебі: физика, химия, математика, ағылшын, биология, информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылады. Лицей түлектерінің әлемнің ең үздік оқу орындарында білім алуы, жоғары оқу орнын бітірген жастардың жақсы қызметке орналасуы сынды себептер ағылшын тілін өміріміздің маңызды бөлшегіне айналдырып отыр. Лицей оқушыларын IELTS, TOFEL сынақтарына дайындау 7-сыныптан басталады. Ал, лицейдің ағылшын тілі мұғалімдері ағылшын тілін үйренудегі жаңа әдістерді қадағалап, өз тәжірибелеріне енгізіп отырады.

Төртіншіден, лицейде жаңа инновациялық технологияларды енгізіп отыру. Лицейде бірнеше жыл «Edmodo» жүйесі арқылы білім беру және «Білім беруді дамыту және бағалау негізіндегі жоба» бағдарламасы бойынша мұғалімдер қызмет атқаруда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – оқушының өздігінен білім алуға, интеллектуалды ойын дамытуға, еңбек ету қабілетін жетілдіруге, пәнаралық байланысты арттыра отырып, теориялық білімін тәжірибе жүзінде қолдана білуге, ізденуге, өз ойын ашық айтуға, ауызша еркін сөйлеуге дағдыландыру, тапқырлыққа және білімділікке тәрбиелеу.

Бесіншіден, жатақханада тәлім-тәрбие беріледі. Кешкісін кезекші мұғалімдер мен тәрбиешілер оқушылардың үй тапсырмаларын қадағалайды. Олардың түсінбеген тақырыптарына көмектеседі, оқушылардың ұжыммен жұмыс істеуін қалыптастырады, тіл үйрену ортасын туғызады. Жатақханада ата-аналардың оқушылармен түрлі тәрбиелік тақырыпта әңгімелесуін ұйымдастырады. Лицей оқушылары жыл сайын БТС (Білім тексеру сынағы), УДС (Университетке дайындық сынағы) сияқты сынақтардан жүйелі өтеді.

Лицей құрылғаннан бері лицей оқушылары республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалардан алпыстан астам, халықаралық олимпиадалар мен жобалардан елуден астам орындарды иеленді. Лицей 2007 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Үздік мектеп – 2007» дипломымен марапатталды. ҰБТ нәтижесі бойынша да лицей бірнеше жыл қатарынан Қазақстанның ең үздік 100 мектебінің қатарынан көрінді.

Алдағы уақытта да лицей ұжымы көп тілді меңгерген, ұлттық рухта тәрбиеленген, ұшқыр ойлы, білімі өзгелерден озып түсер, қоғамда өз орнын таба білетін жеке тұлғаларды қалыптастыруда аянбай жұмыс жасай береді.

Исмаил ЭЛЬМА,

Атырау  қазақ-түрік лицейінің директоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз