Мәдениет АХМЕТОВА: «МАҚСАТЫМЫЗ – білім саласындағы өзекті мәселелерді шешу»
— Мәдениет Медеуханқызы, алдымен еліміздегі білім беру сапасын бағалау көрсеткіштері жөнінде айтып өтсеңіз?
— Оқушылардың білімін мектеп мұғалімдері, ата-аналар сабақ, емтихан кезінде алған бағамен бағалайды. Негізі білім сапасын бағалау критериясы мемлекеттік стандартпен белгіленетін оқушылардың білімі, біліктілігі мен дағдыларына қойылатын талаптары және оқу бағдарламасын меңгеру деңгейі болуы керек. Бірақ, іс-тәжірибеде бұл талаптарды әр мұғалім, әр білім мекемесі әртүрлі түсінеді және орындайды. Еліміздегі білім саласын сырттай бағалау және мониторинг жүйелері бойынша 4, 9, 11 сынып оқушыларының оқу жетістіктерін бағалау жыл сайын сәуір айында өткізіледі, ал ұлттық бірыңғай тестілеуге мектеп бітірушілері қатысады. Мониторинг әр өңірдің жалпы білім беру жүйесінің жағдайын анықтайды. Кейінгі кезде Мемлекеттік аттестация кезінде де 4, 9, 11 сынып оқушыларының ұлттық тестілеу орталығы дайындаған тест арқылы білім деңгейі анықталып жүр.
— Сырттай бағалауды және мониторингті кім жүргізеді? Нәтижесі бар ма?
— Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті мониторинг жасайды. Сонымен қатар, 2011 жылдан бері әр облыста және республикалық деңгейдегі қалаларда осы жұмыстарды нәтижелі ұйымдастыру мақсатында аумақтық білім саласындағы бақылау департаменттері құрылды. Департаменттің өткізген мониторингі және мемлекеттік бақылау іс-шаралары арқылы көптеген шешілмей тұрған мәселелерге жоғары органдар көз жеткізді. Бұрынғы кезде мемлекеттік бақылау іс-шаралары және лицензиялауды жергілікті атқарушы органдар (білім басқармалары) жүргізді. Яғни, олар өздерін өздері бақылады, бағалады. Формальды түрде өткізгендіктерін фактілер айтады. Бұрын бес жылда бір рет өтетін мемлекеттік аттестациядан білім мекемелері 100 пайыз өтетін. Қазір ондай көрсеткіш байқалмай отыр. Сол сияқты 90-100 пайыз мектептер компьютерленді, интернет желісіне қосылды деп есеп беріп тасталған. Шын мәнінде қанша компьютер жаңа модельді, қаншасы интернетке қосылды, кең жолақты интернетке қосылған қанша мектептер бар екеніне ешкім көңіл бөле қойған жоқ. Мысалы, бір мектепте бір ғана компьютер интернетке қосылып, оның өзін есепші пайдаланып жүрген жайттар да бар. Сондықтан, шындықты шығарып, өзекті мәселелерді шешу үшін ұсыныс беру немесе шешуге көмек беру біздің мақсатымыз да, міндетіміз де болып табылады.
— Жергілікті атқарушы органдармен қарым-қатынастарыңыз қандай?
— Алғашқы жылдары Қазақстан бойынша жергілікті атқарушы органдар білім саласындағы жаңа бақылау органын дұрыс қабылдамағаны шындық. Жергілікті атқарушы органдар бақылау департаментіне көзқарасы дұрыс емес, бұлар тек тырнақ астынан кір іздейтін мекеме деп есептеді. Департамент – Білім және ғылым министрлігінің тікелей өкілі.
Барлық мемлекеттік органдардың мақсаты – ол Елбасымыздың тапсырмаларын орындау, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, елдің игілігіне қызмет ету. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың облыстың әр білім беретін мекемесінің жағдайын жете зерделеуге жағдайы да, уақыты да болмайтыны сөзсіз.
Қазір Атырау облысының билік басындағы азаматтар осы жағдайды жақсы түсініп, бізбен бірігіп жұмыс істейді. Біз жасаған мониторинг пен бақылау іс-шараларының қорытындысын облыс әкіміне, әкімнің орынбасарына, тиісті мемлекеттік органдарға беріп отырамыз. Анықтаған кемшіліктерді қысқа мерзімді және стратегиялық жоспарларды, аумақтық бағдарламаларды құруға колдану керек деп ұсыныс береміз. Дайын деректер мен нақты мәліметтер, облыс бойынша анықталған проблемалар бізде жинақталған.
— Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын білім саласына қомақты қаражат бөліп жатады. Нәтижелі жұмыстарды тарқатып айтып берсеңіз?
-Ел Президенті Н.Назарбаев білім саласына жұмсалып жатқан қомақты қаржы келешек ұрпағымыздың заман талабына сай сапалы білім, саналы тәрбие алуына ықпалы зор болу керек екенін үнемі баса айтып, талап қойып келеді. Осыған орай, Атырау облысының жергілікті атқарушы органдарының нәтижелі жұмысын атап айтуға болады. Облыста 2012-2013 оқу жылынан бастап ыстық тамақпен 1-4 сынып оқушылары мен аз қамтылған жанұя балалары 100% қамтылды, 162 мектеп асханалары жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталды. Қазір 82 аспазшы және жұмысшымен қамтамасыз етілді. 2234 компьютер жаңартылды, оған 292 млн. теңге қаражат берілді. 11 апаттық мектептердің құрылысы бүгінгі күні дұрыс шешімін тауып отыр. 12 білім мекемелерін күрделі жөндеуден өткізуге жергілікті атқарушы органдарымен 516,4 млн. теңге қаражат бөлінді. 156 млн. теңге спорт жабдықтарына берілгені балалардың денсаулығын нығайтуға зор ықпал ететіні сөзсіз. Осы шаралар – облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының және қала, аудандар әкімдерінің білім саласына көрсеткен мемлекеттік қамқоры. Облыста болып жатқан әрбір игі шара туралы департамент Білім және ғылым министрлігіне ақпарат беріп отырады. Бірақ, білім беру қызметінің сапасын көтеруге беріліп жатқан қаражат дұрыс жұмсалуы және өзін ақтауы керек.
— Жақын арада Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысып келдіңіз, білім беру саласында негізінен қандай жаңалықтар баса айтылды?
-Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат,бір мүдде, бір болашақ» Жолдауындадамыған елдердің сапалы бірегей білім беру жүйесі болуы керектігін айтқан болатын. Мәжіліс осы мақсатқа бағытталды. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің баяндамасы Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің деректері мен мәліметтері негізінде жасалды. Әрбір өңірдегі проблемалар ашық айтылып, шешу жолдары нақтыланды. Әрине, ең үлкен проблема қатарында берілетін білім мен оқулықтар сапасы, педагог кадрларды дайындау мен қамтамасыз етілуі, үш ауысымды, апаттық жағдайдағы білім мекемелері, мектеп пен балабақшадағы орын тапшылығы, қала мен ауыл мектептерінің теңестірілуі, кәсіптік-техникалық білім беруді қайта жаңғырту, жоғары оқу орындарында кадр дайындау сапасы ерекше айтылды.
Балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейінгі жұмысты түбегейлі жаңарту және сапасын көтеруге бағытталған жұмыстар көбірек сөз болды. Бұл біздің одан әрі жұмыс жауапкершілігімізді арттырғандай.
— Ал, биылғы оқу жылындағы ұлттық бірыңғай тестілеуде қандай жаңалықтар болмақ?
— Ұлттық бірыңғай тестілеу 2014 жылы бұрынғы форматта өтеді. 2015 жылы жаңаша форматқа көшіріледі. Бұл туралы министрлікте құжаттар жасақталуда. Қазірден бастап түлектерді тек емтихан пәндерінен тестілеуге ғана емес, олармен психологиялық дайындықты да күшейту керек. Меніңше, оқушымен бірге ата-аналарды да психологиялық курстан өткізу керек. Өйткені, мектеп бітірерде балаларына үлкен талап қоятын ата-аналар баршылық. Он бір жыл бойы баласының біліміне, сабаққа дайындығына назар аудармай келген кейбір ата-ана он бірінші сыныпта ғана баласына мән беріп, жоғары балл алуына талап қояды. Бұл – қате, балаға қысым емес, үлкендердің қамқорлығы мен көмегі керек. Сонда ғана оқушы өз білімін ақтай алады.
Әңгімелескен Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.