АҚЫСЫЗ БІЛІМ ПОРТАЛЫ

оның қандай артықшылығы бар?

Оқытудың әртүрлі технологиялары сарапталып, зерттеліп, ең оңтайлысы білім саласына енуде. Осы орайда «E-Learning» республикалық қорының президенті, информатика ғылымдарының докторы, профессор, академик  Егізбай Шәтікұлы Сақпанов қазақстандық оқушылар мен мұғалімдерге арнап ақысыз Білім порталын ұсынып отыр.

 

Егізбай Сақпанов жиырма жылдан бері Мәскеуде жасақталған Білім порталын енді қазақстандық оқушыларға ұсыну үшін жұмыстанып келеді. ТМД елдері ғалымдарымен бірлесіп, біраз эксперименттік жұмыстарды да жүргізген. Ресейдің белгілі ғалымдарымен бірігіп жасаған Білім порталы жобасы қазір Ресейде жақсы қабылданып, оқушылар игілігіне пайдаланылуда. Ендігі кезекте академик Қазақстан Республикасының Білім министрлігіне порталдың жобасын ұсынуды көздейді. Ол үшін оның алғашқы нұсқасын атыраулық оқушылар мен оқытушылар арасына таратуды жоспарлап отыр.

Егізбай Шәтікұлының айтуынша, Мультимедиялық Интерактивтік Электрондық онлайн оқулығы көп кешікпей барлық елде негізгі оқу құралына айналады. Білім порталы 1-11 сынып бағдарламасындағы оқулықтарға сүйене отырып жасалынған. Мониторда мұғалімнің мектепте жүргізетін сабақтары сол күйінде, үй тапсырмалары, бақылау жұмыстары, тестілері электрондық нұсқада даяр тұрады. Білім порталындағы математика, физика, химия, информатика және ағылшын тілі пәндері ҚР Білім және ғылым министрінің 2006 жылы 6-шы қаңтардағы №6 бұйрығымен мектептерде пайдалануға ұсынылған. Ақысыз Білім порталы оқушыға да, оқытушыға да қолжетімді, әрі пайдалы. Ол үшін компьютер, планшет, смартфонмен ғаламтор арқылы www.teachpro.ru электрондық мекен-жайдың басқы бетіне кіріп, student деп логинді жазып, cloudcloud деген құпия сөзді теріп еркін кіруге болады. Жоғары сынып оқушылары сондай-ақ, Колледж-www.Biscol.ru адресіне кіріп, қосымша білім ала алады. Мұғалімдер үшін МАГИСТРАТУРА-www.mnepu.ru жасалынған. Содан кейін, бас мәзір арқылы «Мектеп», «Сынып», қажетті «Пәніңді» таңдап, оқуға кірісесің. Оқушы репититорға бармай-ақ, үйде отырып дайындалатын болады. Сөйтіп, виртуальды мұғалім баланың біліміне қарай бағасын да қойып береді. Оқушы мектепке үлкен дайындықпен келеді. Сөйтіп, оқушы жетекшісімен тәжірибе жұмыстарымен ғана айналысуы керек.

Қазір электрондық оқытуды (e-Learning) білім саласы қызметкерлері әртүрлі түсініп жүр. Көпшілігі компьютер, интернет, электрондық тақта, құлаққап тағысын тағыларды пайдаланып сабақ өткізу дейді. Бұл – бар болғаны, техникалық оқу құралдары (ТСО). Электрондық оқыту (e-Learning) дегеніміз, бір сөзбен айтқанда, мектепте жүретін барлық пәндерден Мультимедиялық Интерактивтік Электрондық Онлайн-оқулықтар жасап, Білім порталына іліп қою. Яғни, 24 сағат бойы тірі мұғалімнің орнына оқушымен жұмыс жасайтын бағдарлама жасау болып табылады, – дейді Е.Сақпанов.

Алайда, порталдың әлі де жетіспейтін тұстары жетерлік. Ресейде дайындалғандықтан, порталдың негізгі бөлігі сол елдегі оқулықтар негізінде дайындалған. Сондықтан, бұл игі істі өміршең етуде қазақстандық мұғалімдер еңбегі қажет. Ол үшін әрбір мұғалім өзі сабақ беретін пәннің мемлекеттік бағдарламасы бойынша әрбір сабақтың «ашық сабақ» секілді бастан аяқ сценарийін жазуы керек. Одан әрі сол жасақталған «ашық сабақтарды» бағдарламашылар Мультимедиялық Интерактивтік онлайн сабақтарға айналдырып,  Білім порталына іліп қояды. Сонда ғана жобаның кейбір олқы тұстары ретке келіп, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде Қазақстанда Ұлттық білім порталы пайда болады. Бұл – оқытушының заман талабына сай қызметінің бір көрінісі болмақ.

Тағы бір айта кететін жайт, Білім порталы аясында Егізбай Сақпановтың Ресейдегі электронды-дуальдық оқыту жүйесін алғаш енгізген, халықаралық стандарттағы Білім Web-порталын жасаған профессор Джавад Аветисянмен бірлесіп жасаған Мультимедиялық Интерактивтік Электрондық Онлайн-оқулықтар жасайтын «комбайны» да бар көрінеді. Оны да тегін пайдаланамыз деп отыр.

Бүгінде электронды оқытумен қатар, дуальдық оқыту жүйесі деген термин өмірімізге дендеп еніп барады. Электрондық және дуальдық оқыту жүйелері дегеніміз жалпы бүгін пайда болған жоқ екен. Электрондық оқыту, емтиханды компьютерге тапсыру Кеңес үкіметінде екі жерде болған көрінеді, біріншісі – ғарышкерлерді дайындайтын мектепте, ал екіншісі атом электр станциясының қызметкерлерін дайындайтын орталықта. Кейін адамдар компьютермен шахмат, карта ойнайды, шөпірлік куәлікті компьютерге тапсырады дегенді бәріміз естіп жүрміз. Ал, дуальдық оқыту одан да әріде жатыр. Дуальдық оқытудың негізі 1880 жылы Патшалық Ресейде қалыптасқан екен. Жоғары оқу орны, колледждер жоқ кезде өз ісінің маманы атанған шеберлер жастарды өз кәсібіне үйреткен (мысалы, құрылысшы құрылысшыларды дайындаған, етікші – етікшілерді, тракторшы – тракторшыларды, көлік жүргізуші – көлік жүргізушілерді). Міне, бұл жүйе кейін дамып, қазіргі таңда біздің студенттер мен оқушыларға өте қажетті болып отыр. Сол себепті, Білім порталы арқылы бұл жүйенің де дамуына үлес қосуға болады. «Биылғы оқу жылында Электрондық білім беруді қолдайтын республикалық «e-Learning» қоғамдық қоры, Мультимедиа Технологиясы компаниясы (Мәскеу) және Атырау мұнай және газ технологиялық колледжімен меморандумға қол қойды. Енді бірлескен жұмысымызды бастаймыз. Білім порталын жалпы білім беретін мектеп директорлары қолдап отыр. Қазіргі таңда порталға 269 мектептен 21565 оқушы тіркеліп үлгерді. Алдағы уақытта Атыраудың озат мұғалімдерін осы салада бірігіп жұмыс жасауға шақырамын. Ниет білдірушілер сауалдарын sakin-eke@mail.ru поштасына жіберуіне болады», – дейді электрондық білім беруді қолдайтын қордың директоры Е.Сақпанов.

Түйін

Әр мұғалім өз білімін жетілдіріп, ескі сүрлеуден гөрі, жаңа бағытқа бет алған да жөн. Бір сарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да мәнді, қонымды, тиімді болары сөзсіз. Сондықтан, ақысыз Білім порталы ұстаз бен оқушының сенімді серігі боларына күмән жоқ.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз