Жарнама
Білім

Мағжан ЖҰМАБАЕВ: «АЛТЫ АЛАШТЫҢ БАЛАСЫ БАС ҚОССА, ТӨР – МҰҒАЛІМДІКІ»

Ең алдымен, мұғалім информатор, бақылаушы, тексеруші, жазалаушы қызметін тастап, керісінше ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болуы керек. Сондықтан да, оқушыны субъект ретінде қарастырып, оның өзін-өзі тануына жол ашу, жеке тұлға бойындағы қасиетті дамыту – бүгінгі таңдағы мұғалімнің кезек күттірмейтін қасиетті міндеті. Мұғалім жеке тұлғаға көтерілмей, мұндай зор мақсатқа жету де екіталай. Оқу-тәрбие үрдісін ізгілендіру, технологияландыру әр мұғалімнен ғылыми еңбекті талап етеді. Педагогика, технология әлеміндегі жаңалықтарға үңілу, оны зерделей, зерттей отырып, іс-тәжірибеге пайдалану, өзінің техногиясын қалыптастыру — заман талабы.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев республикалық білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ съезінде сөйлеген сөзінде: «Жаңа формацияға жаңа педагог қажет» деп атап көрсетті. Яғни, жаңа формацияның жаңа педагогын қалыптастыру үшін жаңа кәсіби мазмұн, жаңа кәсіби даярлық технологиясы қажет, әрі даярлық сапасын арттыруға бірден-бір қызмет етуі керек.

Атақты педагог-ғалым В.А.Сухомлинский «Мұғалімдік мамандық — бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол жан-дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер  даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады» деп ұстаздық өнерге ерекше баға берсе, Ы.Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деген екен. Демек, қазіргі мектеп алдындағы басты міндеттерді шешуде мұғалімнің кәсіптік білімі, мәдениеті жоғары болуы шарт. Бүгінгі білім жүйесінде, Д.Дьюи атап өткендей, ілгері өзгерістер басталуда. Ол маңызы жағынан Н.Коперниктің жаңалығына тең (күн – астрономиялық орталық, басқа планеталар оның айналасына шоғырланады, оны айнала қозғалады) болып отыр, яғни, оқушы тұлғасы орталыққа айналып, барлық педагогикалық әрекеттер оның айналасына шоғырландыра жүргізіледі.

Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерінің педагогтарын Кембридж университетінің білім берудегі тәсілдерін үш деңгейлі курс арқылы жаппай оқыту қолға алынған. Осы жылдың сәуір айында үш айлық үшінші деңгейдегі оқыту басталып, маусым айында аяқталған болатын. Курс екі тілде оқытылып, әр облыстарда және Астана қаласы бойынша арнайы дайындалған тренерлер дәрістер жүргізді.

Әсіресе, оқытудың мынадай басты ерекшеліктерін дағдыға айналдырудың маңызы зор:

— өз тәжірибесін пайдалана отырып, дүниеге өзіндік түсінік пен танымды қалыптастыру;

— өзге адамдардың ұсынатын идеяларына конструктивтік көзқараспен қарай алу;

— өзіне қарама-қарсы идеяларды жоққа шығаруға емес, түсінуге ұмтылу, одан өзі үшін нәтиже түйіндеу;

— өз біліміндегі олқылықтарын көре білу және оны жоюдың жолдарын табу.

Оқытуды өзектілендірудің әдістемелік тәсілдері:

мұғалім оқушыны өз тақырыбы бойынша қайшылыққа әкеліп, оны шешудің жолдарын табуды өздеріне ұсына алуы;

қайшылықты тәжірибелік іс-әрекетте көрсете білуі;

бір сұрақты жан-жақты қамтитын бірнеше жауаптар ұсына алуы;

құбылысты әртүрлі позициядан қарастыруды тапсыруы;

мұғалім оқушыға ұқсастықтар мен қайшылықтарды өз беттерімен салыстыруға, қорытуға, түйіндеуге жағдай туғызады;

нақты сұрақтар қояды;

тапсырмаларды бірігіп орындайды.

Міне, бұрынғы «оқушы – дайын білімді игеруші» түсінігі орнына «адам – шындықты танушы тұлға» түсінігі қалыптасады.

Оқушылардың әрекеті — зерттеушілік әрекет болу үшін мұғалім нақты мақсаттар қоя білуі керек, ал ашып айтатын болсам, оқушыларға ғылыми зерттеудің әдістерін, формаларын, принциптерін, нені ашу керектігін, қандай әдіс арқылы, қандай нәтиже алу керектігін үйренуге жетелеу. Танымдылығы мықты балада өзіндік мақсат, нәтиже болады. Яғни, қазіргі заманғы сындарлы оқытудың талабы – оқушы бойында «мен» болуы. Өзін-өзі немесе «Менін» көрсетудің бір жолы — оқу екендігі және оның басты мақсат екендігін Маслоудың пікірінен аңғаруға болады. «Мен» тұжырымдамасы төңірегінде Маслоу мен Роджерс өздерінше түсінік берді. Нәтижесінде «Мен» тұжырымдамасы бізді алға жылжытатын және біздің мінез-құлықтарымызды бағыттайтын, өзін-өзі реттеуге жетелейтін әлеуметтік стимул екендігі айтылған. Осы сындарлы оқытудың жүйелі жүзеге асуының нәтижесінде заман талабына сай білімді ұрпақ қалыптастыру мүмкіндігі жеткілікті болады.

Ләтифа ІЗМҰХАМБЕТОВА,

«Өрлеу» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институтының талдау және сараптау бөлімінің жетекші маманы.

(Сурет редакция мұрағатынан алынды). 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button