Мұғалімдер біліктілігін шыңдайтын орда

DSC 0728 Білім

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының 70 жылдығына арналған «Рухани жаңғырудың басты мақсаты – ұлттық кодты сақтай отырып, жаңа кезеңге аяқ басу» тақырыбында облыстық ғылыми-әдістемелік конференция және «Біліктілікті арттыру – кәсібилікке шыңдайды» атты салтанатты жиын өтті.

????????????????????????????????????

Шара «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің «Халықтық» студенттік ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Түркештің «Көңіл ашар», Құрманғазының «Адай» күйлерімен ашылды. Институттың ардагер ұстазы Ләтифа Ізмұхамбетова сахна төріне көтеріліп, «Ұстазым» әнін шырқады. Одан кейін «Тарих – ғасырлар куәсі» тақырыбындағы бейнебаян жұртшылық назарына ұсынылды. Онда аталған мекеменің тарихы, әр жылдарда басқарған басшылары туралы кеңінен айтылды.

Мұғалімдер біліктілігін шыңдайтын білім ордасының 70 жылдық мерейтойына қатысушыларды Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова құттықтады.

«Ұстаздықты жүрекпен қалап алып,

Өсірдіңіз шәкіртті саналы, анық» деп ақын жырлағандай, бүгінгі мереке – ұстаздар мерекесі. Ендеше, мейрам құтты болсын! Еліміздің педагог кадрларының кәсіби біліктілігін шыңдауда жетістіктерге жете бергейсіздер, – деген аймақ басшысының орынбасары Нұрсәуле Сайлауқызы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың алғыс хатын аталған білім ордасының  директоры Маржан Ғалымжановаға тапсырды.

Одан кейінгі құттықтау сөз кезегіне «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының өкілі, Алматы облысы бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серік Кеңесбаев ие болды.

− Мұғалім – мектептің жүрегі. Ендеше, сол жүректің соғысын реттеп, ұстаздар білігін арттыруда үлкен еңбек сіңіріп жүрген майталмандарға мереке құтты болсын айтамын, – дей келіп, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының алғыс хаттарын тапсырды.

????????????????????????????????????

Өткенді бағалау – болашаққа апаратын сара жол. Институттың 70 жылдық тарихында аймақтағы мұғалімдердің кәсіби білігін арттыруда үздіксіз еңбек етіп, басшылық қызметте өзіндік қолтаңбаларын қалдырған ардагер ұстаздар Фатима Жанахметова, Сара Мусағалиева, Есет Қаженбаев, Дәйеш Шәженбаев, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Шахман Нағимов, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Атырау қаласының құрметті азаматы Нұрзила Сәрсенова ортаға шақырылды.  «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Маржан Ғалымжанова аталған институттың төсбелгісімен марапатталды. «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасыныңорынбасары Бақберген Қарабаев «Нұр Отан» партиясы марапатын тапсырды.

Институт 70 жылдық тарихының 60 жылдан астам уақытында Атырау облыстық білім беру басқармасының құрылымдық бөлімшесі атанды. Сол жылдар аралығында облыстық білім беру басқармасын басқарған басшылар да құрметті қонақ ретінде сөз алды. Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиев сөз сөйлеп, мерейтоймен құттықтап, марапат алған қызметкерлерді ұлығылады.

Облыстың білім беру  саласын дамытуға қосқан шығармашылық жетістіктері үшін облыс ұстаздарының бір тобы «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісіне ие болды.

Мерейтойға арналған жиынды Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияның әншісі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Ханзада Сақыпова әнмен әдіптеді.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

 

 

Айтбай  Қарамурзин,  «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының басқарма  басшысы:

Кемеңді өзің жаса!

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын  іске асыру  аясында белсенді және шығармашыл мұғалімдер мен оқушыларды анықтауға, оларды қолдау мақсатында мұрағаттардан төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинақтау, зерттеу арқылы келешекке жаңа идеялардың таратылуына ықпал жасауға бағытталған мүмкіндігі шектеулі тәрбиеленушілер арасында «Менің өлкем» сурет байқауы, «Мұхитты кешіп өтемін десең, кемеңді өзің жаса» атты  4, 9, 11-сынып оқушыларына арналған зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының байқауы, тарих пәні мұғалімдері үшін «Шығармашыл ұстаз» байқауы және  «Рухани жаңғырудың басты мақсаты – ұлттық кодты сақтай отырып, жаңа кезеңге аяқ басу» тақырыбында облыстық ғылыми-әдістемелік  конференция ұйымдастырылды. Осы шаралардың қорытындысы есебінде өткізілген осынау салтанатты жиында аға ұрпақтың аманатын адал жалғастырып, ұстаздардың біліктілігін арттыру жүйесіндегі барша жаңалықтарды тиімді, жедел, жүйелі түрде уақыт талабына сай жаңартып, жетілдіріп, жүзеге асыру жолында жан-жақты жұмыстарымен үлгі болған институт қызметкерлері марапатталды. Оқушылар мен ұстаздар қатынасқан байқаулардың жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыс етілді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз