АТЫРАУДА «НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІ» АШЫЛДЫ

Ел мен елді білім теңестіреді. Қазақ елінің абыройын асқақтатып, келешегін нұрлы қылатын бүгінгі ұрпақтың сапалы білім алуы үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықта шек жоқ. Соның бірі де бірегейі - Елбасы бастамасымен еліміздегі ірі қалаларда бой көтеріп жатқан зияткерлік мектептері.

2008 жылдан бастап қолға алына бастаған бұл жоба аясында біраз жұмыстар жасалды. Зияткерлік мектептер білім беру бағдарламаларының қазіргі заманғы модельдерін дайындап, оларға бақылау, зерттеу жүргізетін, байқаудан өткізіп, енгізуді жүзеге асыратын сынақ алаңы. Кеше Атырау қаласында республика бойынша он бесінші Назарбаев зияткерлік мектебі салтанатты жағдайда есігін ашты.
Жаңа мектептің ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтың атынан құттықтау сөз сөйледі.
– Атырау – көмірсутегі шикізатын өндіретін аймақ болғандықтан, мұнай-газ және индустриялды құрылысқа қажетті мамандарын дайындауға осы зияткерлік мектептің көмегі көп болмақ. Бүгінде облыс бойынша 196 мектепте білім берілуде, оның бесеуі дарынды балаларды оқытатын инновациялық гимназиялар мен лицейлер. Білім берудің прогрессивті дамуы мен жаңаруы Елбасының жан-жақты қолдауының арқасында жүзеге асырылуда. Оның ең негізгісі – қазақстандық білім беруді дүниежүзілік білім кеңістігіне кіріктіру міндеті. Құрметті Назарбаев зияткерлік мектебінің педагогикалық ұжымы мен шәкірттері, сіздер жүктелген жауапкершілікті абыроймен ақтайды деп сенеміз. Жаңа оқу ордасы құтты болсын!
«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының төрайымы Күләш Шамшиденова аталған оқу орнының жастарға үлкен мүмкіндік беріп қана қоймай, отандық және шетелдік үздік педагогикалық тәжірибені жинақтап, жалпы білім беретін мектептердің барлығына тарататын эксперименталды орталық екеніне тоқталды.
«Бүгінде ең негізгі мақсат – тек Назарбаев зияткерлік мектептерінде ғана балалардың білім сапасын арттыру емес, жалпы Қазақстандағы білім ошақтарының сапасын жоғарылату болып табылады. Атырауда ашылып жатқан бұл мектеп қазақ елінің болашағына жұмыс істейтін оқу орны болсын деп тілейміз. Назарбаев зияткерлік мектебінің жанынан педагогикалық шеберлік орталығы да құрылды, енді Атырау өңіріндегі барлық мұғалімдер осы жобаға қатысуға мүмкіндік алды. Кембридж университетімен бірлесіп жасалған мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы елімізде іске асырылып жатыр», – деді ол.
Мектеп үйінің құрылысын жүргізген «МодернСтрой-Атырау» ЖШС бас директоры Гаджибек Әлібеков Атырау қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебінің» директоры Тавиля Әкімоваға символикалық кілтті салтанатты жағдайда табыстады.
Мектепке қабылдау конкурсында жоғары балл жинаған бір топ оқушылардың омырауына төсбелгі тағылды. Ата-аналар атынан сөз алған Гүлжан Сабырова мектеп ұжымына сәттілік пен табыс тіледі. Салтанатты шара соңында алғашқы қоңырау соғылып, әр сыныпта куратор сағаты өткізілді. Мереке меймандары мектеп ішін аралап, оқушыларға білім әлемінде жетістіктер мен жақсылықтар тіледі.
Атыраудағы «Назарбаев зияткерлік мектебіне» 7-10 сыныптарға оқуға қабылдану үшін 2978 өтініш түскен. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Өркен» гранты 697 оқушыға берілді. Жалпы, зияткерлік мектеп 720 орынға арналған. 120 орындық жатақханасы бар.
Мектеп оқу процесін оңтайландыру мақсатында заманауи технологиялармен жабдықталған. Компьютер, интерактивтік тақталармен қамтамасыз етілген 60 оқу бөлмесі бар. Арнайы конкурстан өткен аймақтағы ең үздік деген мұғалімдер «Назарбаев зияткерлік мектебіне» жұмысқа қабылданды. Жергілікті білім беру саласының қызметкерлерімен бірге мектепте АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Африка республикасы, Румыния, Ирландия елдерінен шақыртылған мұғалімдер білім береді.

Бақытгүл БАБАШ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз