ҚОСЫМША ДӘРІС БЕРУ
«Атырау облысында қосымша білім беру жүйесінің дамуы мен перспективасы» тақырыбында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова баяндама жасады.
Баяндамадан білгеніміздей, облыста «Теңізшевройл» ЖШС компаниясы қосымша білім беру саласының дамуына өз үлесін қосуда. Бұның ең бірінші көрінісі – Жастар сарайының құрылысын қолға алуы болса, қазіргі уақытта тағы бір жаңа әлеуметтік жобаның іске асыруына кіріскен.
Жоба атауы – «STEM», яғни, ғылыми-жаратылыстану, технологиялық, инженерлік, физико-математикалық бағыттардың кешені деп аталады. Жастардың техникалық бағыттағы шығармашылық қабілеттерін дамыту, функционалдық сауаттылығын арттыру бағытындағы жоба 2015-2019 жылдар аясында іске асады деп жоспарлануда. Бірінші жылында пилоттық мектептер белгіленіп, инженерия мен жобалау бойынша тренингтер мен жобаға қатысушы мұғалімдерге арналған семинарлар өткізілуде. Жобаға шамамен 1000-нан астам бала қамтылғалы отыр.
«I-TECH-ATYRAU» (ЭЙТЕЙЧ) дамыта оқыту жекеменшік орталығының бас директоры Гүлбаршын Марданова «Бала дарындылығын анықтау жолдары» тақырыбындағы баяндамасында барлық қосымша білім беру ұйымындағы оқу-тәрбие бағдарламаларында, ең алдымен, оқушылардың бейіндігін анықтауға бағытталған жұмыстар болу қажеттілігіне тоқталды. Бұл тәсіл оқушылардың нақты бағдарын, қабілетін анықтау, екіншіден, олардың функционалдық сауаттылығын арттыруына зор септігін тигізеді» дейді баяндамашы.
Қосымша білім беру бағытындағы жұмыстарды ұйымдастырушы, облыста білім беру саласында көп жылдар бойы жұмыс жасаған, соның ішінде дарынды оқушылармен жұмысты ұйымдастыру шараларында жетістіктері мол «Келешек» баланы дамыту жекеменшік орталығының арт-терапевті Асылжан Досмұханбетова «Балалармен жұмыстағы арт-терапия» тақырыбына тоқталды.
Бүгінгі күні облыста оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу бағытында түрлі мекемелер мен қоғамдық ұйымдар ашылуда. Олар балалардың қызығушылығына қарай қызмет көрсетіп, бәсекелестікпен жұмыс атқарып келе жатқаны анық. Соның бірі – «Жерұйық» қоғамдық қорының студия жетекшісі Клара Бектемірова жұмыс жоспарындағы ең басты жаңалық – «Трио-Арт» дизайн – заман талабы» бойынша оқыту әдістемесімен бөлісті.
Қосымша білім беру – жыл бойына жалғаса бермек. Әсіресе, балалардың жазғы демалысқа шыққан уақытында бұл жұмыстар жандандыруды қажет етеді. Лагерьлерде де балаға қосымша білім беруді жақсарту – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Осы ретте Атырау қалалық жас натуралистер станциясының жұмыс тәжірибесі көпке үлгі боларлық.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.