«ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИДЕЯЛАР ПАНОРАМАСЫ» жеңімпаздары анықталды

img 20221114 wa0059 Білім

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ-ы ұйымдастырған «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауының аймақтық кезеңі қорытындыланды. Білім беру саласы қызметкерлерінің республикалық байқауының облыстық кезеңінде 150-ден астам педагогтың бейне сабақтары мен шеберлік дәрістері келіп түсті. «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауына мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудағы заманауи білім беру технологиялары, орта білім беруді оқытудағы заманауи тәсілдер, техникалық және кәсіптік оқытудағы жаңашылдықтар, жоғары білімді оқытудағы заманауи білім беру технологиялары мен қосымша білім беруді оқытудағы заманауи білім беру технологиялары бағытында үздік жұмыстар қабылданды.

Белгіленген тәртіпке сәйкес облыстың әр ауданынан және Атырау қаласы педагогтарынан ұсынылған жұмыстарды «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ-ы басқарма басшылығының ұйымдастыру алқасы бағалады. Сабақтың түсірілім техникасы, мәні мен мазмұны, өзектілігі мен жаңашылдығы бағаланған 150-ден астам жұмыстардың ішінде 54 сабақтың авторы жеңімпаздар қатарынан көрінді. Атап айтқанда 16 мұғалім ІІІ деңгейлік дипломмен, 19 мұғалім ІІ және тағы 19 мұғалім І деңгейлік дипломдармен марапатталып үздіктер қатарынан табылды.

Салтанатты жиында педагогтарды кәсіби жетістіктерімен құттықтаған филиал директоры міндетін атқарушы Жаннат Нұртілеуова мұғалімдердің байқауға деген қызығушылығы жыл сайын артып келе жатқанын тілге тиек етті. Ол тек қана санаулы мұғалімнің үздік жұмыстары республикалың кезеңге жолдама алғанын қуанышпен хабарлап, екі жылда бір ақ рет өтетін ауқымды республикалық байқауға келер жолы да белсенділікпен қатысуға шақырды.

«Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауының үздіктері қатарынан көрініп, жүлделі І орын және республикалық кезеңге жолдама алған мұғалімдердің бірі Құрманғазы ауданы, Абай орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нұргүл Аққалиева. Жиырма жылдан астам тәжірибесі бар білікті ұстаз оқытудың инновациялық тәсілдері ретінде көркем-аннимациялық жұмыстармен сабақ дайындайтынын жеткізді:

— Бұл сайысқа қатысып, 1 орын алған жеңімпаздар қатарынан болу мен үшін үлкен мәртебе. Сайысқа дайындаған әріптестеріме, шәкірттеріме алғыс білдіремін. «Өрлеу» филиалының ұжымы бұл байқауда барынша қолдау көрсетіп, атыраулық ұстаздардың оқ бойы озық болуына барынша жағдай жасады», – дейді ұстаз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз