Коронавирус білім алуға кедергі емес!
Atr.kz/12 сәуір, 2020 жыл. «Әлемде орын алған пандемияның елімізде етек жайюына байланысты мемлекетіміздің Тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды бірлікпен індетті жеңуге шақырды.
Біздер, білім беру саласының қызметкерлері Нұрсұлтан Әбішұлының халыққа үндеуін бір ауыздан қолдай отырып, белгіленген міндеттерді атқаруға жұмыламыз. Өйткені Тұңғыш Президент жастармен ағартушылық жұмыстарды жүргізіп, оқу мен тәрбиені ұштастыруды тапсырды. Қазірдің өзінде елімізде ірі өнеркәсіп орындары өз жұмысын уақытша тоқтатқанына қарамастан, ұлттық білім беру жүйесі тығырықтан шығудың жолын тауып, балалардың алаңсыз білім алуы үшін барлық жағдайды жасап отыр.
Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогикалық ұжымы оқу жылының төртінші тоқсанын қашықтықта оқыту жүйесінде өткізуде. Аймақта карантиндік шектеулер енгізілгенге дейін, біздер, алдын-ала сымсыз желінің көмегімен үйде оқытудың амалдарын сынақтан өткіздік. Осылайша IT технологиялардың көмегімен қазір мұғалім мен оқушының арасында жүйелі байланыс орнады.
Шалғайдағы және қала аумағындағы бірақатр білім алушылар мектеп ноутбуктарымен және қашықтықта оқытуға арналған арнайы бағдарламалармен қамтылып отыр. Әрине, мұның бәрі алдымен баланың мүддесі үшін жасалып отырған жұмыстар. Себебі білім алушы үшін, біздер үлкендер, қолдан жасанды кедергілерді тудырмай, керісінше педагогтардың жалақысының сақталуын қамтамасыз етуге жұмыстануымыз қажет. Себебі ұлт болашағы алдында бәрімізде жауаптымыз.
Елбасы, ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі – бір-бірімен етене, егіз ұғымдар деген болатын. Сондықтан балалардың қауіпсіздігін сақтай отырып олардың білім алуына барлық жағдай туғызу әрбір педагогтың өзіндік миссиясы деп білемін.»
Құралай АХМАДИЕВА,
Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры