Жарнама
Білім

КОЛЛЕДЖДЕГІ САЛТАНАТ

Білім күніне келушілерді алдымен колледж директоры Гүлжан Сабирова құттықтап, ұстаздар қауымы мен студенттерге жаңа оқу жылында шығармашылық табыстар тіледі.
Ұжым басшысы атап өткеніндей, аталмыш оқу орны облыс деңгейіндегі жарты ғасырдан астам тарихы бар кәсіптік білім беру саласындағы жетекші оқу орны болып саналады. Бүгінге дейін өндіріске, ауыл шаруашылығына қажетті автокөлік жөндеуші, кең көлемді мелиоративті машиналар механизаторы, автомобиль кранының машинисі, электрмен, газбен пісіруші, барлық категориялы жүргізушілер, ЭВМ операторы т.б. мамандықтар бойынша білім беріп келеді. Ал, оқу орнының атауы 2012 жылдың 4 маусымында облыс әкімінің қаулысымен Атырау көлік және коммуникация колледжі болып өзгерген-ді. Оқу орны атауының өзгеруіне байланысты осы заманғы сұранысқа ие телекоммуникация және темір жол саласы үшін жаңа мамандықтар дайындауға бетбұрыс жасалып отыр. Жыл сайын «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді оқу курстарында автокөлік жүргізуші, электр, газбен дәнекерлеуші,бульдозер-машинисі мамандықтары даярланып келеді.
Оқу орнының құрамы жаңа кәсіби технологиямен жұмыстанатын жас мамандармен толығуда. Сондай-ақ, оқу орны Ресей Федерациясының Астрахан қаласындағы Автомобиль жол құрылысы колледжі оқу орнымен келісімге келіп, екіжақты тәжірибе алмасу мақсатында меморандумға қол қойылған. Ал, оқу орнының өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пән оқытушылары халықаралық деңгейде Сингапур елінде өткен оқу курстарынан білімдерін жетілдірді.
Салтанаттың соңында колледж табалдырығын алғаш аттаған жастарға еліміздің Ата Заңы және Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясы: Бір халық — бір ел — бір тағдыр» тақырыбында алғашқы сабақтар өткізілді.
Бұл күні дәл осындай салтанатты рәсімдер Атырау энергетика және құрылыс (№6 кәсіптік лицей), Атырау индустриалды (№2 кәсіптік лицей), Атырау мұнай және газ (№4 кәсіптік лицей), Атырау техникалық-экономикалық колледждерінде де өтті.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button